376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық жеңіл өнеркәсіпке күйреу қаупі төніп тұр

  • 794
  • UPD: 20:15, 19.12.2018

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі күйреуі мүмкін. Осы салада еңбек етіп жүрген 6 мыңнан астам адам жұмыссыз қалып, 40-тан аса кәсіпорынға жабылу қаупі төніп тұр.

Жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері бүгін осылай деп дабыл қақты. Өйткені, Парламентте қаралып жатқан «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заң жобасы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік тапсырысқа қатысу мүмкіндігінен айырғалы отырған көрінеді.

Бүгінде қазақстандық армияны толық киіндіріп жүрген консорциум мүшелері. 3 жыл болды отандық тауар өндірушілердің қазақ әскерін киім-кешекпен қамтамасыз етіп жүргендеріне. Бұған дейін әскери мақсаттағы мынадай заттардың барлығы Ресейден я болмаса Қытайдан тасымалданатын. Ал олардың сапасына ешкім кепіл бере алмайтын еді, дейді қазақстандық жеңіл өнеркәсібі саласының мамандары. 

Сала мамандары мұны ғана айтып қоймай, мұңын да шақты. Бүгін журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, жеңіл өнеркәсіптің енді ғана тірілген тіршілігі қыл үстінде тұр, деп байбалам салды. Өйткені, олар мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Осыған қатысты тиісті заң жобасын жақында Мәжіліс депутаттары мақұлдаған.

Мұрат Мыңбаев, Республикалық жеңіл өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

- Басында заңның ішінде басқа мекеме сияқты консорциумның құқығы бар қатысуға деген. Артынан 12 желтоқсан күні алып тастады түсіндірмей. Сол себепті қазіргі заңда консорциумның ешқандай құқығы жоқ деген талап тұр. Сол себепті шырылдап жатқанымыз да сол. Неге? Это полная дескриминация. 

Консорциум - бұл заңды тұлғалардың бірлестігі. Ал жеңіл өнеркәсіп саласында 50-ден астам кәсіпорын бар. Қазір 6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл бір. Екіншіден, бұл мекемелер былтыр 2 млрд теңге салық төледі. Импорттың орнын басуды мақсат еткені тағы бар. Қазір дайын өнімдегі қазақстандық үлес 75 процент болса, алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Гүлмира Уахитова, «Жасампаз» отандық тауар өндірушілер консорциумы атқарушы кеңесінің төрайымы:

- Мәжіліс қабылдаған жаңа заң жобасын Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген. Бұл құжат бір-екі күнде Сенаттың қарауына түсуі керек. Ол консорциумдардың мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарына қатысу мүмкіндігін шектейді. Бізді осы мәселе қатты алаңдатып отыр. Өйткені, отандық тауар өндірушілер осы тапсырыстың арқасында күнін көріп жүр. 

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Консорциумдар мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысуы мүмкін еді. Бірақ, бұған жол берсек, бірнеше Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек. Бұл заң жобасын талқылау барысында анықталды. Ал Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы заң жобасы бұл құжаттарды реттеуі тиіс емес. Сондықтан біз аталған норманы алып тастадық.

«Бұрын тұралап қалған сала осындай консорциумдардың арқасында қазір еңсесін тіктеп келеді» дейді сала мамандары. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы болмаса 13 өңірдегі 40-тан астам кәсіпорын жабылуы мүмкін. Отандық тауар өндірушілердің ендігі үміті Сенат депутаттарында. Құжат жоғары палатада қаралатын болады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ж.Битабаров және Е.Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы