379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісмендер жылды қорытындылады

  • 568
  • UPD: 19:55, 26.12.2018

Бүгін Мәжіліс депутаттары жыл орайында атқарған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламенттің төменгі палатасы төртінші сессияда мақұлдаған заң жобасы аз емес. Олар қоғамның сан саласын қамтиды.

Мәжіліс депутаттары биылда қыруар іс атқарды. Төменгі палатаның депуттары төртінші сессияда жиын саны 40 заң жобасын қарап, мақұлдаған. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин атап өткендей, депутаттық корпус өз жұмысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессияның ашылуы барысында қойған тапсырмаларын жүйелі атқаруды мақсат еткен.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінгі күні Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құжаттардың барлығын сессиямыздың соңына дейін жан-жақты талқылап, жоғары деңгейде қабылдауымыз керек. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын әрқашанда сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракциялар, барлық депутаттар бірлесіп, тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек.

Мақұлданған құжаттардың әрқайсы маңызды. Әсіресе, «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті» мақұлдау барысында депутаттар қырағылық танытқаны рас. Нұрлан Нығматулин заң жобасын талқылау кезінде «ортақ қазынаның әр тиыны қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жұмсалу қажет» екенін атап өткенді. Бұл орайда, депутат Омархан Өксікбаев үкіметтің сырттан қарыз алуына қатысты сын айтып, көптің көкейіндегі мәселені дөп басқаны есте.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі күні сырттан қарыз алмай дамып жатқан мемлекеттер кем де кем болар. Үкімет сыртқы борышты бақылау және басқару деңгейін арттыру бойынша қатаң шараларды қолға алуы тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе, біз бұл үшін өскелең ұрпақтың қарғысына қалу қаупі бар.

Биыл Парламент қабырғасында қаралған заңдар қоғамның әр саласын қамтиды. Атап айтқанда, өзін өзі жұмыспен қамту, медицина, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң жобалары жаңа тыныс алды.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы парламенттік тыңдауға әзірлік барысында халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Яғни, біз жұмыспен қамту мәселесін парламенттік тыңдауға алып шықпас бұрын, жан-жақты зерттедік. Қорытындысында, біз берген ұсыныс бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 46 кәсіби стандарттарды бекітетін болды. Яғни, мұндай шаралар оң нәтиже береді.

Биыл төменгі палата депутаттары кепілдендірілген медициналық көмек көлемінің жаңа үлгісін бекітті. Сондай-ақ табиғи монополиялар жөніндегі құжатты қызу талқылап, кем-кетігін түзеді. Осы сессияда депутаттар тұңғыш рет «Кинематография туралы» заң қабылдады. 7 бірдей үкімет сағаты ұйымдастырылып, комитеттердің көшпелі 7 отырысы өтті.

Жыл ауысар шақта Мәжіліс депутаттары да осы жылды қорытындылады. Депутаттық корпустың жұмысын мына шыршамен салыстыруға болады. Осы жылы Парламент қабырғасында қаралған нормативтік құжаттар мен заң жобалары міне, мына ойыншықтар секілді көп-ақ. Бірақ бастысы - осы құжаттар халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етіп, олардың тұрмыс-тіршілігін мына шыршадай әдемі етуі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы