379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев: Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды қайтару жұмысын жалғастырамыз

  • 956
  • UPD: 19:56, 09.01.2019

Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару операциясы өз нәтижесін берді. Бұл жолы 47 азамат әскери іс-қимыл жүріп жатқан аймақтан отанға оралды. Дені 1 мен 5 жас аралығындағы балалар. Осы арнайы операцияның сәтті аяқталуына байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасады және Таяу Шығыс мемлекетіне кеткен қазақстандықтарды қайтару ісі алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. 

Бұл Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасымен жүргізілген гуманитарлық операция. Бұл іске құқық қорғау органдарының арнайы топтары мен Сыртқы істер министрлігінің мамандары жұмылдырылды. Соғыс оты өршіген Сирия мемлекетіне олар 6 қаңтар күні Ақтау әуежайынан таңғы уақытта ұшып шықты. Қауіп-қатердің ең жоғарғы деңгейіне қарсы тұрып, президент жүктеген міндетті мүлтіксіз орындау үшін сақадай сайланды. Өйткені лаңкестердің тұтқынына түскен 47 отандасымызды елге дін аман жеткізу міндеті тұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тікелей тапсырмам бойынша 6 қаңтарда біздің құқық қорғау және басқа оның ішінде Сырты істер министрлігімен бірге үлкен гуманитарлық операция өзінің нәтижесін берді. Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, оның ішінде әйелдер де бар, әсіресе айта кететіні 30 бала бар, біздің құзырлы органдарымыз бұрын-соңды атқармаған үлкен жұмыс атқарды. Олардың барлығы террористердің бақылауында болған. Әр жағдайлармен алданып, уақытысында кризис болып жатқан Сирияға оларды алып кеткен. Ол жөнінде айтқанбыз. Біраз адамдар олардың айтқанына алданып, сол жаққа барды да, көпшілігі сол жерде соғыстың арасында қайтас болды, ал мына адамдарды біз мемлекет ретінде қолдау көрсетіп, бізге достық қарым-қатынасы бар мемлекеттің көмегіменен, Қазақстанның ұшағыменен алып келдік.

Қазір бұл азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Олар зор қауіптен құтқарылғандарына дән риза. Алдағы бір ай көлемінде әйелдер мен балаларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол кісілер өзіміздің жағдайда үйрену үшін, медициналық бақылаудан өтуі үшін бір ай болатын болады. Біз оларға көмек көрсетеміз. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер мен балалардың қуанышында шек жоқ. Көз жасын олардың көрдік. Сондықтан осы шаруа басқа жұртқа тиісті мәлімет береді және болашақта мұндайдың болмауына жағдай жасайды. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейін айта жатар. Сондықтан Қазақстан қай жерде жүрсе де қолдайтын болатынын біз көрсетіп отырмыз. Еліміздің қауіпсіздігін, береке мен бірлігін, тұтастығын қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарымыз, әсіресе балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды біз жалғастыра беретін боламыз.

Елге оралған 47 азаматтың 11-і әйел, 30-ы бала. Бүлдіршіндердің дені 1 мен 5 жас аралығында.

- Щас где знаешь ты?

- Қазақстан!!!

Ата-аналармен қазір әлеуметтанушылар мен психологтар жұмыс істеп жатыр. Басым бөлігі жат елдегі азаматтық соғысқа аттанып, өзгелердің арбауына ергеніне өкінеді. Сөйте тұра мемлекеттің оларды ұмыт қалдырмағанына қуанышты.

- Қатты қуандым. Моя страна меня не оставила.

Сириядағы өзге де отандастарымызды елге қайтару ісі енді бір сәтке де тоқтамайды. Әсіресе, балалардың болашағын бұлыңғыр етпеу үшін Елбасы гуманитарлық операцияны жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы