378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Қазынадан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы керек

  • 574
  • UPD: 22:27, 30.01.2019

Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген мәселе көтерілді.

Алқалы отырыс әдеттегідей былтыр атқарылған жұмыстардың есебінен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сосын министрлер кабинеті жоспарларын баяндады.

Биыл да басымдық халықтың тұрмысын тіктеп, табысын молайтуға берілмек. Президент қазынадан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы керектігін мықтап тапсырды.

Экономиканың барлық саласында ілгерілеу бар. Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Елбасы алқалы жиынды ақжолтай ақпар айтумен бастады. Былтыр экономканың өсімі 4% асқан. Сауданың тамырына да қан жүгіртіппіз. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6% артық. Өнеркәсіпте де өрлеу бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы Үкімет, Ұлттық банк, барлық әкімшіліктер үлкен жұмыстар істеп, жалпы экономиканың әр саласында табыстарға жетті деп айтып, оң баға беруге болады. Ауқымды жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Барлығы айтылды, дегенмен, қайталауға да болады. Жалақының төменгі мөлшері 1,5 есе артты. Осы айдың ішінде белгілі болуы керек. 500 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. 113 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кәсіпкерлікпен шұғыландануға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Яғни, экономиканың негізгі секторлары бойынша өткен жылы жақсы нәтижеге қол жеткізілді.

Көздегенге жеттік. Ойға алған орындалды. Бірақ бұнымен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Мемлекет басшысы әр саланың тұтқасын ұстағандарға биылғы жылы басымдық берілетін басты бағыттарды атап берді. Үкімет екі критерийге жіті мән беруі тиіс. Ол – халықтың өмір сапасы мен табысы. Осыларды тіктесек, халықтың тұрмысы да түзеледі, елдің экономикасы да ілгерілейді.

Елдің өмір сүру сапасын жақсарту үшін Елбасы пәрменімен былтыр «Бес әлеуметтік бастама» жүзеге аса бастаған еді. Алғашқысы – бұқараны баспанамен қамту. Осы күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алып жатқандар саны бірте артып жатыр. Бір жылда 8 мың адамнан өтініш келіп түскен. Соның 3600-ге жуығына 43 млрд теңге көлемінде несие беріліпті. Бұл бағдарлама бойынша еліміздегі 8 бірдей қаржы институты қаражат бөліп жатыр. Олардың әр өңірде 128 бөлімшесі бар.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде «7-20-25» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Осы аралықта екінші деңгейлі банктерден несие алған адамдар саны 3 жарым мыңнан асады. Бас-аяғы жалпы құны 92 млрд теңге болатын 8 мың өтінішін қабылданды.

Іргелі жобаның ендігі игілігі – табысы төмен жұмысшылардың салықтық жүктемесі төмендейді. Яғни, 10 есеге дейін азаяды. Еліміздегі 2 млн 300 мың адам осы игілікті көреді. Олардың ортақ табысы бар болғаны бір жылда 29 млрд теңгеге артады. Сандарды осылай сөйлеткен жақсы. «Бірақ жұмысшыларды адал еңбегімен тапқан табысынан айыруға болмайды», - деді Президент. Сондықтан Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасына жұмысшыларға жалақы бермей жүргендердің ісін майшаммен қарауды тапсырды.

Халықтың табысын молайту үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек. Мемлекет басшысы мұны баса айтты. Қазір кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетемін деген адамға мемлекеттен барлық қолдау көрсетіледі. Несие де бар, субсидия да бөлінеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша осы күнге дейін 2600 жоба жүзеге асқан. Оларға бөлінген қаражат көлемі 46 млрд теңгеге жуықтайды. 20 мың кәсіпкер біліктіліктерін арттырған. Осының есебінен, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 29% құрапты.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Сіздің Жолдауыңыз бойынша экономикадағы басым секторларды қаржыландыру үшін 600 млрд теңге бөлінеді. Осы күні қаржы бөлудің жүйесін қалыптастырдық. Екінші деңгейлі банктер қаржы бөлуге дайын.

Несие беруге құмар банктер – енді қаржы реттеушінің жіті бақылауында болады. Жаңа заң шықты. Соның негізінде Ұлттық банк қаржы институттарының жұмысын тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік алды. Егер екінші деңгейлі банк жұмысында тұралау байқалса, бұрынғыдай ыдырап кеткенін күтпейді. Бірден банкрот қылады. Мемлекет басшысы бұл қадам өз активтерін алып, шетел асуға құмар қаржыгерлерді тұсаулауға септеседі деді. Одан кейін несие бергенде де, кәсіпорындардың қарымын ескеру керек.

Елімізде 3 бірдей банктің былтыр банкрот болғаны белгілі. Басқа қаржы ұйымдары осыдан сабақ алуы тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы жаңа жоба ұсынды. Ол отандастарымызға Қазақстанда құрастырылған көліктерді төмен пайызбен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл – тандық көлік құрастыру саласының адымын алшаңдатуға септігін тигізбек.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Өткен жылы «7-20-25» бағдарламасын іске қосқан едік. Ендігі кезекте несие беру ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. 2019 жылы Ұлттық банк Қазақстан азаматтары отандық көлікті сатып ала алатындай жедел түрде бағдарлама әзірлеп, несие беруге дайын отыр. Бағдарлама нарықтың қағидаттарына сай түзіледі. Банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасының үлгісіне сүйене отырып жұмыс жүргізу жоспарлануда.

Отандық өнім өндіру мәселесін Елбасы да өрбітті. Өзгенің өндіргенін қашанғы талғажау қыла береміз?! Мемлекет басшысы өзіміздің әл-дәрменіміз жететін салаларға басымдық беріп, азық-түлікті шеттен алуды доғаруды тапсырды. Ол үшін қарымды кәсіпорындарды құру керек, шеттен инвестиция әкелу қажет.

Биылғы жылы елімізде ұзын-ырғасы 120-ға жуық жоба іске асады. Ол үшін республикалық бюджеттен 1,1 трлн теңге бөлінбек. «Нұрлы жол» бағдарламасы аяқталуға жақын қалды. Аталған жоба аясында республикалық маңызды жолдар салынды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде жалпы құны 7,9 трлн теңге болатын 1250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал 2018 жылы құны 1,3 трлн теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Жолдардың жайына қатысты Мемлекет басшысы жауапты министрлік пен жергілікті әкімдіктерге арнайы тапсырма берді. Президент пәрмені бойынша олар енді облыс аралық және аудан аралық тасжолдардың мәселесімен айналысуы керек.

Алтай Көлгінов, БҚО әкімі:

Агросекторды дамыту – биылғы жылға белгіленген басым бағыттардың бірі. Әуелі суармалы жерлердің санын көбету керек. Шөбі шүйгін шыққан жерге мал да үйір болады. Құнарлы орынға астық та бітік шығады. Айтпақшы, біз тек енді бидай өсірумен ғана шектелмейміз. Өзге елдер қажет ететін өзге өнім түрлерін де өсіреміз. Алдағы жоспар осындай.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазір бұл нысандарды қалпына келтіріп жатырмыз. Біздегі үлкен резерв мал шаруашылығында жатыр. 1 млн тонна бидайды сатсақ, 150 млн доллар табыс аламыз. Ал ірі қара мал етін өткізген кезде 1 млрд доллар шығаруға болады. Тауық жұмыртқасының өзі бидайдан үш есе артық табыс әкеледі.

Қалдық та кәдеге жарата білу керек. Мемлекет басшысы тері өңдейтін, малдың тұяғы мен мүйізін де басқа өнім өндіруге жарататын зауыттардың санын көбейтуді тапсырды. Бұл қадам – ауыл шаруашылығы саласының қарымын қарыштатпақ.

Енді білім беру саласына ойысайық. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласындағы халықаралық рейтингте Қазақстанның көрсеткіші төмендеп кеткенін айтты. 4-орынға төмен сырғыппыз. Сондықтан Білім министрі Ерлан Сағадиевті сынап тастады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Шынында, 2017 жылы 73-ші орында болғанбыз. Одан бері талай жұмыс атқарылды. Мектептердің, колледждер мен жоғарғы оқу орындарының оқулықтары жаңартылды. Қазір білімгерлер жаңа оқу бағдарламасымен білім алып жатыр. Нәтижесін жақында көруіміз керек. Жаңашылдық енген соң ел де шу көтеріп, жұмысымызды біраз сынаған.

Бес әлеуметтік бастама бойынша қазір елімізде білім гранттарының саны 20 мыңға көбейген. Студенттерге арнап жатақханалар да салынып жатыр. Былтыр 2440 орын берілген. Биыл бұл көрсеткіш тептен үдей түседі.

Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін оларға берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемін де ұлғайту жоспарланған. Президент пәрмені бойынша келесі жылдан бастап елімізде жұмыс істеу қабілетінен айырылған және асыраушысы жоқ адамдарға берілетін жәрдемақы 30% өседі.

Ұлттық жоспар Қазақстанда тұңғыш рет кешенді интеграциялық жоспар ретінде жасалып жатыр. Ол мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау, инклюзивті білім беру, жұмысқа орналастыру, кедергісіз орта, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру салаларын қамтиды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысын түйіндеген Мемлекет басшысы «елімізде жүзеге асып жатқан барлық бастамалар ең әуелі халықтың өмір сапасын жақсартуға, әрі табыстарын молайтуға бағытталсын» деген пәрмен берді.

Әлемде сауда соғысы өршіп тұрғанда жаһан экономикасы түлкібұлаңға салған тұста халықтың әл-ауқаты мен табысына жіті мән беруді тапсырған Президент: «Биылғы жылға жоспарланған жұмыстар мүлтіксіз атқарылсын» деді. Сын-қатерлер безбенге салынған, бағдар да айқын. Ендеше, әр саланың тұтқасын ұстағандар өз істеріне жауапты болуы тиіс.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Президент телерадио кешенінің көмегімен

Хабар 24 телеарнасы