378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда ЕАЭО елдерінің технопарктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

  • 574
  • UPD: 23:26, 01.02.2019

Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» форумы аяқталды, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Дәстүрлі жиын биыл Еуразияның біртұтас инновациялық экожүйесін құру және дамыту мәселесіне арналды.

Қазақстанда екінші рет өтіп отырған халықаралық цифрлық форумның алғашқы отырысы нәтижелі аяқталды. Пленарлық сессия қорытындысы бойынша ЕАЭО қатысушы елдердің технопарктерін интеграциялау туралы меморандумға қол қойылды. Технопарктерді халықаралық интеграциялаудың басты мақсаты – елдер арасындағы технологиялық алшақтықты қысқарту және 4-технологиялық революция идеяларын ілгерілету. 

Тарихи құжатқа қол қойғандардың бірі қазақстандық Astana Hub халықаралық технопаркі былтырғы жылдың өзінде стартаптарға 300 миллион теңге инвестиция тартқан. «Аталған меморандум аясында алдағы уақытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады», – дейді сарапшылар. Пленарлық сессияда Қазақстанның Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Astana Hub аясында ІТ-университет ашу қажеттігін айтты. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуға мүмкіндік береді. 

Дамир Шыныбеков, ІТ университет ректоры:

- ІТ-университет Астанаға өте қажет. Astana Hub пен жасыл технологиялар орталығымен бірге ЭКСПО базасына орналасса тиімді нәтижелерге жылдам қол жеткізуге болады. Жаңа көзқарастағы талантты жастар бар жерде инновация туындайды. Сондықтан бұл жоғары оқу орны өте қажет.

Форум аясында өткен «Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі» панельдік сессиясына қатысушылар цифрлық жобаларды іске асырудың механизмдері мен оларды бірлесе іске қосу жолдарын талқылады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі:

- Өткен жылы қолға алынған экономикалық интеграцияға ықпал ететін жаңа жобалардың ішінен тауарлардың цифрлық қадағалануы, электрондық ілеспе құжаттарды өзара тану, цифрлық көліктік дәліздер қалыптастыруды атауға болады. Бұлардың барлығы қарапайым тұтынушылардың мүдделерін қорғауға ықпал ете отырып, сауда ортасын кедергісіз құруға қызмет етеді.

Джозеф Зиглер, Astana Hub кеңесшісі:

- Мәселен, Қазақстанның нарығына Армения қызығушылық танытуы мүмкін. Ашықтықтың арқасында біздің стартаптарымыз әлемге тарайды. Стартаптар бүгінде сандық жүйеге өтудің бірден-бір мүмкіндігі. Сондықтан дарынды жастарды тартып, оларды ірі компаниялармен әріптестік орнатуға үйретуіміз керек. Сонда олардың жобалары жаңа белестерді бағындырады.

Қазақстанның Орталық Азия аумағында ғана емес, әлемдік деңгейде жұмыс істейтін әлеуеті бар. Бұл – форум аясында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы сессиясына қатысушылардың пікірі. Оңтүстік Корея, Жапония, Қытайдың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін зерттеген сарапшылар бірегей экожүйені құру үшін саясат, инвестиция және мемлекеттік бағдарламаларды сауатты жүргізу қажеттігіне көз жеткізген. Ең басты фактор – осы салаларды цифрландыру.

Ацуко Окуда, Ақпараттық-коммуникациялық секция жетекшісі (БҰҰ):

- Бұл мәселеде Қазақтанның көшбасшы болуына мүмкіндігі зор. Сіздер өз тәжірибелеріңізбен басқа мемлекеттермен бөлісулеріңізге болады. Ол үшін байланысты кеңейту қажет. Біздің ұсынысымыз – болашаққа инвестиция салу. Оған Қазақстанның әлеуеті жетеді.

Цифрландыру шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, шығындарды қысқартып, өнімділік және бәсекеге қабілеттілікті арттырады.

Омар Мансур Ансари, Technation президенті:

- Мен Қазақстанның стартаптарды қолдау көрсету қадамына қуаныштымын. Бұл экономиканы жақсартуға және аймақта ықпалдасуға мүмкіндік береді. Соның арқасында көрші мемлекеттер әріптестік орнатып, ақпаратпен, ресурстармен бөліседі. Ал бұл елдер арасындағы сауданың кедергісіз жүруіне ықпал етіп, бизнесті дамытуға тиімді болмақ.

«Форумда қабылданған құжаттардың көп ұзамай нәтиже беретіні сөзсіз», - дейді қатсушылар. Ықпалды саясаткерлер, сарапшылар мен ІТ сала мамандары, ірі инвесторлардың басын қосқан пікірталас алаңы дәстүрлі түрде өтпек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы