378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы әрқашан халықтың әл-ауқатын арттыруға назар аударды – А.Үкібай

  • 460
  • UPD: 20:33, 14.02.2019

Мемлекет басшысы барлық уақытта да әлеуметтік саланы жаңғырту және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету шараларын тиімді жүзеге асыру маңыздылығына назар аударды, деп атап өтті ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

«Бұл бағытта ақпан айының басында Президенттің тапсырмасымен азаматтардың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және көп балалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының құрылуы маңызды қадам болды. Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс тобының алдына аталған санаттағы азаматтардың проблемалық мәселелерін шешу үшін республикалық бюджеттен қосымша резервтер табу және нақты тетіктер әзірлеу тапсырмасын жүктеді», - деп атап өтті Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы.

Ол халықты әлеуметтік қолдауды кеңейту бойынша ұсынылып отырған шаралар топтамасының мәні неде екендігін де жеткізді.

«Мемлекет басшысы бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алуға қолжетімділікті жеңілдету және  көп балалы отбасылар үшін жәрдемақы төлемдерін жетілдіру, сонымен қатар айрықша қажеттілігі бар көпбалалы отбасыларға муниципиалды жалдамалы пәтерлердің қолжетімділігін арттыру мүмкіншілігін қарастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдар, өңір әкімдері бұл салада тиісті бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, барлық деңгейдегі бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау қажеттігін көрсетті. Мәселен, бірқатар өңірдің және республикалық маңызы бар қалалардың басшылары көп балалы отбасыларға және өзге де көмекке мұқтаж азаматтарға нақты көмек көрсету үшін қосымша мүмкіншіліктер мен резервтер тапты», - деді Айдос Үкібай.

«Бұл жұмыс барлық бейінді мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың белсенді қатысуымен жалғасады деп ойлаймын. Өз кезегінде Президент Әкімшілігі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысын қатаң қадағалайтын болады», - деп атап өтті баспасөз хатшысы.

Хабар 24 телеарнасы