389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АРНАЙЫ ШЫҒАРЫЛЫМ: Nur Otan партиясының XVIII съезі

  • 1088
  • UPD: 23:26, 27.02.2019

Nur Otan партиясының 20 жылдығына арналған съезге өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі Nur Otan партиясының рөлін ерекше атап өтті.

– Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігі туралы айтты.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға партияның белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті.

– Партия тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешу ісіне белсенді атсалысуға тиіс. «Халыққа көмек» жобасы осы жұмыстарды күшейтуге бағытталған. Бүгінгі таңда қоғамның өзекті сұраныстарына жедел жауап беру және соларға мемлекеттік органдардың назарын аударту маңызды мәселе саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Съезд барысында партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы, Партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, сондай-ақ  Партияның саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясы жұмыстарының қорытындылары жөніндегі есептері қабылданды.

Қазақстан Президентінің Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден оқи аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы