378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Мамин Астана маңындағы елді мекендерде тұратын халықтың жағдайымен танысты

  • 541
  • UPD: 19:48, 03.03.2019

Қазақстан Премьер-Министрі Астананың шеткі аймақтарында тұратын азаматтардың жағдайымен танысты. Дәлірек айтқанда, Елбасы жүктеген қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту міндеті бойынша жергілікті атқарушы органдардың жасап жатқан жұмыстарын пысықтады.

Асқар Мамин бас қалаға жақын маңда орналасқан елді мекендерді аралап, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту үдерісін тексерді. «Пригородный» тұрғын үй кешенін тексеру барысында Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Елорданы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Қаланың жекелеген аудандарын орталықпен біріктіретін жеңіл рельсті көлік жолын салу мәселелері қаралды. Қала басшысы саяжай үйлерін құлату, муниципалдық тұрғын үйлер салып, көп балалы және мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін аумақтарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар Үкімет басшысы елорда мен Ақмола облысының шекарасында тұратын адамдардың тұрғын үй-жайымен танысты. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Қараөткел» ауылын Астана қаласына қосу процесі, Қоянды кентін дамыту және Целиноград ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын іске асыру жөнінде баяндады. Мұнда су тасқынына төтеп беретін бөгет салу және «Ильинка» кентінен шығыс жаққа қарай орналасқан жеке тұрғын үйлерге инженерлік желілер өткізу секілді сұрақтар талқыланды. Бұдан бөлек Асқар Мамин «Байқоңыр» ауданындағы «Өндіріс» алабын аралады. Мұнда оған білім беру саласындағы бүгінгі жағдай туралы айтылды. Сонымен қатар осы аудандағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, бірқатар көшені кеңейту және инженерлік-коммуникациялық желілер өткізу мәселелері қаралды. Үкімет басшысы «Қоянды» ауылында да болып, мұндағы өмір сүру жағдайымен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министр Астана мен Ақмола облысының әкімдеріне және тиісті министрліктерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Хабар 24 телеарнасы