377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Нұрлы жол» бағдарламасы 5 жылға ұзартылады

  • 410
  • UPD: 20:16, 05.03.2019

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы тағы бес жылға ұзартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобасын Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлейді.

Құжат қыркүйек айында республикалық бюджет комиссиясының және министрлер кабинетінің қарауына берілуі тиіс. Бүгін Үкіметте осы бағдарламаның бірінші кезеңінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың есебі тыңдалды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғалы елімізде республикалық маңызға ие 2 мың 400 шақырым жол салынды және қайта жөндеуден өтті. Биыл тағы 4 мың 400 шақырымы жаңғыртылады. Оларды күтіп ұстау мақсатында кей өңірлерде ақылы жүйе енгізілді. Бұл – Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау бағыттары. Олардың жалпы ұзындығы – 471 шақырым. Ақылы жолдардан биыл мемлекет қазынасына 5,4 млрд теңге пайда түседі деп жоспарланған. Ал 2022 жылдың соңына қарай жылпы ұзындығы 6 мың 500 шақырым жол ақылы болмақ. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама басталғалы, 3260 шақырымға сумен, жылумен жабдықтау желілері тартылды. 

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Мемлекет басшысының Nur Otan партиясының съезінде берген тапсырмасын орындау аясында қаржыландыру жыл сайын 200 миллиард теңгеге артатын болады. Бұл 2025 жылға дейін шамамен 35 мың шақырым жолды жөндеуге және 95 процентке жергілікті маңызы бар автожолдардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру ел экономикасына әлеуметтік экономикалық оң әсерін тигізді. Көлік инфрақұрылымының жай күйі жақсарды. Бұл республикалық автомобиль жолдарын, магистральдық темір жолдарын, логистикалық инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік берді.

Жалпы 2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 437,2 миллирд теңге бөлінді. Оның шамамен 99 проценті игерілді. Ал 2019 жылға 520 миллиард қарастырылды. 1 наурыздағы жағдай бойынша оның 17,2 миллиарды жүйелі жұмсалған.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– 2018 жылы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жалпы ішкі өнім өсімінің үлесін 0,6 пайыздық тармақ деңгейінде қамтыды және 55 мың жұмыс орынын құру жоспары кезінде 86 мыңнан астам жұмыс орынын құруға мүмкіндік берді.

Ведомства басшылары мәлімдегендей «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттырып, инфрақұрылымды дамытуға үлкен септігін тигізді. Сондықтан тағы 5 жылға ұзартылады. Премьер-министр Асқар Мамин бағдарлама тұжырымдамасын дайындауды жылдамдатуды тапсырды. Сондай-ақ қарапайым заттар өндірісінің үлесін арттырып, импорт көлемін азайту бағытталған міндеттерді атады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– Елбасының тапсырмасын орнындау аясында өңдеуші өнеркәсіптердің өсу қарқыны есебінен одан әрі әртараптандыруды дамытамыз. Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет болып табылады.

Елбасы күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың өндірісін арттыру мақсатында 600 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын. Оның 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына бағытталады. Ал 200 миллиарды агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеуге жұмсалмақ. Сондай-ақ Премьер-министрдің тапсырмасымен жиһаз, тамақ және құрылыс материалдары өндірісін дамыту бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында 365 тауар түрінің өндірісі дамиды. Осының арқасында тұрмысқа қажетті қарапайым тауарлар импорты 3 есеге қысқармақ.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Ербол Даиров

Хабар 24 телеарнасы