378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы төрағалығымен әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөнінен кеңес өтті

  • 461
  • UPD: 18:04, 06.03.2019
Елбасы төрағалығымен әлеуметтік саясатты жүзеге асыру мәселелері жөнінен кеңес өтті

«Елімізде көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек көрсетілуі керек».

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөніндегі кеңесте осылай деді. Елбасы таяуда Nur Otan партиясы съезінде жүктеген міндеттердің орындалу барысын бағамдады. Жиында сол бастамаларды жүзеге асыру жоспары мен заңнамалық қамтамасыз ету тетіктері баяндалды.

Nur Otan партиясы съезіндегі Елбасы тапсырмалары қоғамды алаңдатқан сан түрлі түйткілді дөп басқандай. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселесі, мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау жайы, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік, тозығы жеткен облысішілік жолдар, тізе бірсек, ұзын-сонар. Президент құрамы 70 процентке жаңарған Үкіметке осы проблемаларды шешуді жүктеп, қажетті қаржы бөлуді міндеттеген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында өткен Nur Otan партиясының съезінде біз әлеуметтік жағдайға көңіл аудару мәселесін жақсылап талқыладық. Тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсындым. Уақыт көп өткен жоқ. Дегенмен істеліп жатқан жұмыстарды тыңдағым келеді. Айтқан сөзімізді халық біледі, күтіп отыр. Ұзаққа созбай шешуіміз керек. Әсіресе әлсіз топтарға, көпбалалы аналарға мүмкіндігінше тезірек көмекті қолдарына тигізу керек.

Үкімет енді ауқымды бастамалар аясында нақты іске кірісуі қажет. Сол міндетті орындау кезінде өгіз аяңдыққа салынбау аса маңызды. Президент атқарушы билікке бүгін осыны меңзеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Сіздің Nur Otan съезінде жариялаған әлеуметтік қамқорлық шараларыңызды орындау мақсатында Үкімет нақты шаралар ұйымдастыруда. Біріншіден, аталған шаралардың әрбір бағыты бойынша жол карталары әзірленді. Орындау мерзімі мен жауапты органдар бекітілді. Екіншіден, бюджетті нақтылау мәселелері келесі Үкімет отырысында қарастырылады және Парламентке енгізіледі. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жүргізуді бастаймыз. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жол желілерін, электр энергетикасымен, газбен жабдықтау, жаңғырту, шағын және моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту мәселелерінің бәрі ұйымдастырылатын болады.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Сіздің тапсырмаңыз бойынша атаулы әлеуметтік жәрдемақы, мемлекеттік жәрдемақыға байланысты тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, қазір парламенттің қарауында. Ол істі осы айдың соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Екіншіден, 4 ережеге өзгеріс енгізілді. Ол әсіресе әрбір отбасының кірісін есептеуге байланысты. Сонымен қатар ең төменгі жалақы алатын бюджеттік мекемелердің қызметкерлерге байланысты өңірлермен бір айдың ішінде нақты есеп жүргізудеміз. Тиісті қаулыны қабылдаймыз. Үшінші басымдық – ақпараттық түсіндіру жұмысы. Бұл бойынша республика бойынша кесте жасадық. Келесі аптадан бастап өңірлерге барамыз.

Үкімет үш негізгі бағыттың бірі ретінде ақпараттық түсіндіру жұмысын таңдап отыр. Қазынадан қаралатын қаражат қалай игеріледі, оған қандай әлеуметтік топ өкілдері қол жеткізеді? Қоғамның осы сынды сауалдарына тиісті жауап берілуі үшін билік өкілдері өңір-өңірді аралауы тиіс. Президент партия съезінде көтерген мәселелердің бірі де осы еді. Атқарушы орган халыққа қаншалықты жақын болса, тұрмыстық ахуал да соншалықты жақсара түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бағыттарыңның барлығы дұрыс. Ақша түседі. Салық төлеп отырған қазақстандықтардың ақшасын бөліп жатырмыз. Кейбіреуі маған хат жазып жатыр. Бұл халық. Мына жағын да, мына жағын да тең ұстау керек. Ең бастысы, хал-ауқаты төмен жандарға төлей бастайық. 1 сәуірден бастап төлей бастайық.

Елбасы тапсырмасы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ұлғайтылған жәрдемақы 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бастап  төленеді. 4 немесе одан да көп перзент тәрбиелеп отырғандардың табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, атаулы әлеуметтік қолдауға ие болады. Әр балаға 21 мың теңгеден қарастырылған. Аз қамтылған отбасыларға да осындай көмек көрсетіледі. Президент бірінші кезекте осы істі жүзеге асырып, кейін қалған бағыттарға көңіл бөлуді міндеттеді. Яғни жалақыны өсіру, жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылымдық даму сынды жұмыстар бастапқы жоспар бойынша шілде айында жүзеге асырылады.

Елді ең алдымен жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Шағын және орта бизнеске де қолдау қажет. Нарықтық экономиканың басты талабы осы. Кәсіпкерлікті сан түрлі кедергілер тежей берсе, қолға алынған бастамалардың бәрі бекер. Сондықтан Елбасы атқарушы орган мен қоғамды жұмыла жұмыс істеп, түйткілдерді түбегейлі шешуге шақырды.

Кеңес қорытындысы бойынша көпбалалы аналарға көмек жақын арада көрсетілетін болды. Себебі, бұл – әлеуметтік тұрғыда маңызды шешім. Сол арқылы мемлекет аз қамтылған отбасылардың өтінішін бірінші кезекте қарап, мұқтаждығын толыққанды өтемек.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы