378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Асқар Мамин әлеуметтік шараларға бөлінетін қаражаттың қалай жұмсалатынын айтты

  • 322
  • UPD: 23:48, 12.03.2019

Қаңтар, ақпан айларындағы экономикалық өсім 3,5 процентке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірінші айда бұл көрсеткіш 2,9 процент болатын. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин тау-кен, химия өнеркәсібі, машина жасау, сауда, көлік саласы, ауыл шаруашылығында айтарлықтай ілгерілеудің байқалатынын атап өтті.

2019 жылдың екінші айы – ақпан да артта қалды. Мінберге шыққан министрлер бұл кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді тізіп, әдеттегідей сандарды сөйлетті. Мәселен, жалпы ішкі өнім қаңтармен салыстырғанда артып, 3,5 процентке жеткен, ал жыл соңына дейінгі нақты өсім 3,8 процент деңгейінде болмақ. Инфляция о баста жоспарланған деңгейде сақталып тұрған көрінеді. 2019 жылы қызмет көрсету саласында 4,8, ал өнеркәсіп өсімі 1,6 процентке жетеді деген болжам бар. Дегенмен кемшін түскен тұстар да жоқ емес. Премьер-Министр осыған назар аударды.         

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

- Ұлттық экономика министрі атап өткендей, бірқатар өңірде өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер және негізгі капиталға инвестиция салу артта қалып отыр. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірлесіп көрсеткіштердің бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу көрсеткішіне шығу үшін қажет нақты шараларды қабылдауды тапсырамын. Елбасының тапсырмасы бойынша, ЖІӨ кемінде 5 пайыздан төмен емес деңгейде өсім қамтамасыз етеміз. Осы мақсатқа жету үшін бәріміз бірлесіп қарқынды жұмыс істеуіміз қажет.

Бүгінгі Үкімет отырысында тұтас қоғамды алаңдатып отырған көп балалы отбасылардың мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының құрылтайында тапсырған әлеуметтік шараларға 444 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаражат бірнеше бағыт бойынша жұмсалады. Атап айтқанда, аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалға берілетін үй салу және Тұрғын үй жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несие беру үшін 100 миллиард теңге қарастырылған. Ал азаматтардың жекелеген санаттарын қолдауға – 224, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға – 90, «Ауыл – ел бесігі» жобасына 30 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.             

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

- Осы өзгерістер халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында енгізіліп отыр. Мемлекет басшысының барлық әлеуметтік бастамаларына толық көлемде қаржы бөлініп, жүзеге асырылатын болады. Осы ретте қойылған міндеттердің уақтылы орындалуын, нәтижесін және сапасын жоғары болғанын талап етемін.

Әлеуметік жобалардан бөлек «Жастар жылын» өткізуге 24, ал Президент жолдауларында көрсетілген міндеттерді орындау үшін 286 миллиард теңге жұмсалмақ. Жалпы, 2019 жылы республикалық бюджеттің шығысы 12 триллионға жуық. Ал түсім 10,5 триллион теңгенің шамасында.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі:

- Республикалық бюджет параметрлеріне мынадай өзгерістер енгізіледі. Түсімдер бойынша: кедендің әкімшілендіруді күшейту нәтижесінде 200 млрд теңге қосымша кірістер жоспарланады. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 250 млрд теңгеге ұлғайтылады. Тікелей инвестициялар қорын құруға Ұлттық қордан 370 млрд теңге сомасында нысаналы трансферт тартылады.

Қаржы министрі Әлихан Смайылов атаған түсімдерді қосқанда республикалық бюджеттің кірісі тағы 820 миллиард теңгеге артады. Жалпы, қазынадағы қаражаттың есебінен Түркістан облысын және Астана қаласын кешенді дамыту, елордада ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын тарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ербол Дайыров      

Хабар 24 телеарнасы