378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы жұмыс сапарымен БАӘ-ге барды

  • 285
  • UPD: 15:15, 14.03.2019

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы Оның аясында Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар экономикалық байланыстар жөнінде әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы барлық саладағы ынтымақтастық көңілден шығады» дей келе, өткен жыл екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін жемісті болғанын атап өтті. Алыс-беріс баяу емес. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өз кезегінде Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян шақыруын қабыл алған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды. «Біз Қазақстанды үлгі тұтып, 2019 жылды толеранттылық жылы деп жарияладық», – деді Абу-Дабидің тақ мұрагері.

Кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты талқылады. Сондай-ақ өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару шаруасын ширатуға уағдаласты.

Сондай-ақ Елбасы Абу-Даби қаласындағы ең көрікті жерлердің бірі шейx Заид мешітін аралап көріп, осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Мемлекет басшысының Абу-Дабиге жұмыс сапары бүгін де жалғасады.

Елбасы Дүниежүзілік Арнайы Олимпиаданың ашылу салтанатын құрметті қонақ ретінде тамашалайды. Таяу Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған спорттық шараға Қазақстан құрама командасы да қатысады.

Хабар 24 телеарнасы