379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Астанадағы жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысты

  • 691
  • UPD: 23:34, 18.03.2019

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт салынады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Күмбезінің де бұл дүниеде теңдесі кем. Ғибрат орнының ерекшелігі де осында болмақ. Мешіт жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленіп, бүгін құрылысы басталды. Әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған ғимарат ЭКСПО қалашағының маңында  бой көтереді. Мұнда 30 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізе алады. Бүгін мешіттің іргетасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қалады.

«Саған жақсылық жасаған Аллаға, сен де жақсылық істе». Бүгін құрандағы осы сүренің мән-мағынасы жан-жақты айшықтала түскендей. Ел болып жұмыла кіріскен мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізілмек. Мақсат – Орталық Азияда теңдесі жоқ ғимарат тұрғызу. Ерекшелігі, мешіт 30 мың адамға арналады, әрі күмбезі мен мұнаралары диаметрі және биіктігі жағынан әлемде үздік ондыққа енуі тиіс.

Президент бастамасымен қолға алынған жоба жан-жақты зерделенген. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер де ескерілді. Мемлекет басшысы сырт елдерге жасаған сапарлары кезінде сан түрлі жобалармен танысып, елорданың бас мешітінің құрылысын бастауды міндеттеді. Бүгін сол ауқымды істің алғашқы қадамы жасалды. Елбасы мешіттің іргетасын қалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін елордамыз Астанада тағы бір үлкен шаруаны бастап жатырмыз. Елдің ұлық мерекесінің алдында осындай істі бастадық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қарсы Парламент Мәжілісі отырысының кезінде Астанада үлкен ғимарат салу деген резолюция қабылданған болатын. Содан бері ойланып, ақылдасып осындай үлкен, төңірегімізде теңдесі жоқ, мұсылман елдерімен салыстырғанда теңдесі жоқ, үлкен, мұранасы 130 метр болатын, көлемі 57 мың шаршы метр болатын үлкен мешіт салайық деп отырмыз. Алла қабыл алсын. Дүйсенбі күні Мұхаммед пайғамбардың туған күні деген сөз бар. Сондықтан осыны бүгін бастадық.

Мешіт елорданың сол жағалауында бой көтереді. Оған ЭКСПО қалашығына жақын, Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің аралығындағы 9 жарым гектар аумақ тиесілі. Мердігер – түрік компаниясы. Әлемдік деңгейде үздік нысандар салуда тәжірибесі мол. Құрылысшылар мешіттің ішкі және сыртқы безендірілуін қазақы нақышта жүргізбек.

Айта кетейік, бұл іске мемлекет қаражатынан көк тиын жұмсалмайды. Қаржыны елімізде бизнеспен айналысып, табысын арттырып отырған кәсіпкерлер беріп отыр. Президент пәрменімен басталған құрылыс 2 жылда аяқталуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл шаруаға мен қазақстандықтардың іс адамдарын қор құрып, ақша жинадық. Мем бюджеттен бір тиын да тартылмайтын болады. Соған қосылып отырған, тәуелсіздік жылдарында елдің жасаған саясатының арқасында өніп-өсіп, қалталы болған азаматтардың осыған өз қаражатын құйып отырғандарына шын жүрегімнен рақметімді айтамын. Алланың шапағаты сендерге тисін! Ең үлкен жасаған шаруамыз – мешіт салу, білесіздер, мұсылманбыз. Ал енді ісіміз оң болсын. Қабыл болсын, демеуші болған жігіттер келіп тұр. Барлығының атын атамай-ақ қояйын, біз мешіттің қабырғасына барлықтарыңыздың аттарыңызды жазамыз. Осындай азаматтар болды деп, тағы да осыған үлес қосамын деген азаматтар болса – жол ашық. Қор ашылды. Шотын жариялаймыз.

Жаңа мешіт елордаға келетін саяхатшылар санын да арттыруы тиіс. Ғибрат орнының аумағында 3 жарым мың көлікке арналған тұрақ та болады. Жоба халықаралық деңгейде жүргізіледі және құрылысқа жергілікті жұмысшылар мен қатар шетелдіктер де атсалысады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол діни ғимарат саналғанымен, Астананың ең үлкен бір, туристер келіп көретін үлкен нысаны болады. Жақында мен Араб Әмірліктерінде болдым. Шейх бен Заидтің атынан жасалған мешітті көріп шықтым. Сол мешіттің салынғанына 3-4 жыл болса да, жыл сайын 16 млн турист келеді екен. Ішінің әдемілігі керемет. Сондықтан біз елордамызды осы жерге салғаннан кейін, осындай керемет ғимаратты осы жерде салайық деп отырмыз. Ісімізді Алла қолдасын. Құрбан шалдық осыған арнайы. Барлығы жасап жатқан шаруамыз оңды, еліміз тыныш болсын, тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын деген тілекпен жасап жатырмыз. Әрбір қазақстандықтың отбасында жақсылық ұялап, бақыт ұялап, болашағы кең болсын. Ұрпақтарымыздың жолдары ақ болсын деген тілекпен осыны бастаймыз.

Айта кетейік, мешіттің іргетасы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қаланып отыр. Сондықтан басталған іс берекелі болады деген үміт бар. Құрылыс алаңына арнайы барған Елбасы Алланың рақымы үшін жасалған жұмыстың дүйім елге пайдасы да мол болсын деген ниеттестігін білдірді.   

Нұржан Мыңжасаров,  «Астана 20» мемлекеттік қорының атқарушы директоры:

- Бүгін Елбасы мешіттің бірінші тасын қалады. Салу мерзімін бастадық. 24 айда салынып бітуі тиіс. Бұл Орталық Азия мен ТМД-дағы ең үлкен мешіт болмақ.

Барыш Чозер, жоба менеджері:

- Мешіт құрылысын жобалаумен Араб Әмірліктеріндегі компания айналысты. Нысанда құлшылық ететін ең үлкен зал 15 мың адамға арналады. Қалған бөліктеріндегі орындарды қосқанда, жалпы сыйымдылығы 30 мыңға жетеді. Мешіт күмбезінің диаметрі әлемде ең үлкен болады. 

Құрылыс бүгін басталды. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген. Құрылыс алаңында 2 жарым мың адам жұмыс істейтін болады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы