379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы мен Президент қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

  • 525
  • UPD: 21:59, 21.03.2019

Елорда Әз-Наурызды кең құлашпен қарсы алды.

Алты бірдей алаңда ақшаңқан үйлер тігіліп, этноауылдар ашылды. ЭКСПО аумағында өткен мерекелік шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Биылғы Ұлыстың ұлы күніне арналған басты салтанат ЭКСПО қалашығындағы Тәуелсіздік монументі алаңында ұйымдастырылды. Мерекелік шараға жиылған халықтың қарасы қалың болды. Оларды қазақ экстрадасының жұлдыздары да құттықтады.

Елорда төрінде бүгін ұлттық бітім-болмыс пен жаңа заманғы үрдіс өзара үйлесі тапқандай. Осыдан 2 жыл бұрын әлемдік көрме қонақтарына айқара есік ашқан ЭКСПо қалашығы бір сәтке қазақы ауылға айналды. Айнала тігілген ақшаңқан киіз үйлер, ұлттық киім киген жас пен жасамыс, Әз-Наурызға тән қарбалас – бәрі-бәрі мереке ажарын айшықтай түсті. Жастар жағы алтыбақан теуіп, сауық-сайран құрса, арасында өзара кім мықтыны анықтаған білектілер де болды. Сондай-ақ жеті қазынаның бірі қыран бүркітін баптап, ұлттық ерекшелікті ұмыт қалдырмаған құсбегілер де кездесті.

Тастанбек Бергенбаев, Ақмола облысының тұрғыны:

- Наурыз деген көктемнің лебізі. Жаңа жылдың басталуы. Жақсы қуанышпен келген. Елбасымыз аман болсын. Бәрі де жақсы болады деген ойдаймыз.

Бұл күні өскелең ұрпақ та ұлттық бітім-болмысты ұмыт қалдырмағанын көрсетті. Олар күн райының суықтығына қарамастан таң сәріден ортаны қызу думанға бөледі.

Жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау үшін этноауылға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Театрландырылған көріністер мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстарды және қолөнершілер көрмесін аралап, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге атсалысты. Сондай-ақ барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Айта кетейік, бүгін елордада бірнеше шаңырақ бой көтерді. 9 жұп үйлену тойын этноауылда атап өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алды.

Мерекелік шараға шетелден арнайы келген қандастарымыз да қатысты. Олар «Отандастар» қорының қолдауымен тарихи Отанда аталып өтетін ұлыс тойының ерекшелігіне куә болды.

Торғын Әшенова, Омбы қаласының тұрғыны:

- Қазақстан жұртына Омбыдан сәлем әкелдік. Қазақ жұртын құттықтаймыз. Еліміз тыныш болсын.

Әйгерім Ерсайынова, Париждегі қазақ мәдениеті орталығының басшысы:

- Қазақ елінде жаңа жылды қарсы алғаныма қуаныштымын. Біз Францияда жылда тойлаймыз.

Қазақ елін шетелдік дипломаттар да құттықтады.

Тойлы Көмеков Қазақстандағы Түрікменстанның төтенше және өкілетті елшісі:

- Бауырлас қазақ елін жаңару мерекесімен құттықтаймын. Өсіп-өркендеу тілеймін. Елде болып жатқан саяси өзгерістер тек жақсылық әкеледі деген ниеттемін.

Жээнбек Қулубаев, Қазақстандағы Қырғыз Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақ елін, қазақ Үкіметін, жаңа Президентін, Елбасыны Наурызбен құттықтаймын. Қазақстан тура жолда. Ел жаңғырып жатыр. Келешегі кемел болсын. 

Жалпы, елордада Наурыз тойына арналған думан әрбір ауданда ұйымдастырылды. ЭКСПО қалашығындағы мерекелік салтанат ертең де жалғасады.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы