380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті: Жағдайы нашар көп балалы отбасыларға пәтер беруді мамыр айынан бастау керек

  • 300
  • UPD: 23:53, 27.03.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларын жинап, осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бағаналы бас ордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен келелі кеңес өтті. Президент үш бірдей мегаполис басшысы мен аймақ әкімдерін жинап, түйіні тарқамай жатқан түйткілдерді талқыға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев «әуелі бюджетті қалыптастыруды қайта қарастыру қажет», – деді. Ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін айтты. Сондай-ақ қажетсіз шығындарды күрт қысқартуды тапсырды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бюджет у нас, я считаю, несбалансированный. В первую очередь социальная составляющая растет, источники пополнения не генерируются. Это первое. Второе – это непроизводительные расходы бюджета.

Басымдық бұқараға берілуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық ақысын 1 маусымнан бастап көтеру керектігін айтты. Елдің тұрмысын тіктеу үшін әуелі баспанамен қамту қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы жағдайы жұтаң отбасыларға жалдамалы пәтер беруді мамыр айынан бастауды жүктеді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру мәселесін жылдамдату керек. Әкімдер арендалық үйлерді мамыр айынан бастап қолданысқа беруді бастасын. Біз әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысуымыз керек. Жарық пен жылу, газ бен су мәселесін шешуіміз қажет. Жол салу да бар. Осы жұмыстардың барлығы Үкімет пен аймақ басшыларының негізгі міндеті. Бұл түйткілдерді шешу үшін «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүзеге асып жатыр. Оларды кемеріне келтіру үшін алдағы 3 жылда бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінеді. 

Алыстағы ағеділ ағайынның мұң-мұқтажы да қағажу қалмайды. Әсіресе кеңезесі кепкен жұрттың мәселесі бірінші кезекте қаралады. Мемлекет басшысы аймақ әкімдеріне ауызсу мәселесін дереу шешуді тапсырды. Апшыны қуыратын аптап ыстықта мұқым ел ішерге су таппай сенделмеуі керек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 15 лет говорим о чистой воде. Кто-нибудь подсчитывал? Каждый год выделяем средства на эти цели. За 15 лет сколько выделено было? Какие результаты? Это же важнейший вопрос.

Әкімдер бұқарамен етене жақын араласуы қажет. Мемлекет басшысы аймақ тізгінін ұстап отырған басшыларға мұны қадап айтты. Олар халыққа жылына бір рет есеп берумен ғана шектелмеуі керек. Базынасы бар бұқарамен тұрақты түрде жолығулары тиіс. Әрбір өңір басшысы әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашып, тұрғындармен кері байланыс орнатулары қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қарапайым халықтың қажеттілігінен құлағдар болу қажет. Елге не керек екенін білу керек. Әкімдер тұрғындардың арыз-шағымын елеп-ескеруі тиіс. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу қажет. Әлеуметтік желіде жеке парақшаларын ашып, жүргізіліп жатқан саясатты халыққа қарапайым тілмен түсіндіруге тырысуы керек. Еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде ғана колл-орталық бар. Осыдан-ақ әкімдіктердің халықпен қалай жұмыс істейтінін аңғаруға болады.   

Әкімдер халыққа жақын болуы керек. Елді алаңдатып жүрген мәселелерді шешумен айналысуы тиіс. Мемлекет басшысының кезекті тапсырмасы бұл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдер Ақордаға жақсы көріну үшін өзара бәсекелеседі. Аймақта бірқатар жоба сәтті жүзеге асты деп, ауыз толтырып айтады. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жасалған жұмыстарын елге жеткізіп жатады. Түбінде олардың көбі жүзеге аспаған жобалар болып шығады. Нақты мысал келтіргім келмейді. Әйтпесе осындағы кейбір әкімдерді ренжітіп алармын. Ел үшін нақты іске көшейік.

Елорданың өзінде елді қынжылтар жайт көп. Қаладағы ашық жатқан құдықтарға қапыда құлап, қаза тапқандар болған. Мемлекет басшысы «тұрғындардың қауіпсіздігіне жіті мән берілсін», – деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- В городе Нур-Султан проблемы люков не будут?

Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Делаем защиту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Просьба – ускорить это дело. На первый раз покрасить ярким цветом.

Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте үштілділік бағдарламасына қатысты жеке пікірін білдірді. Тоғыз тілді меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қазақ тілін жете дамыту керектігін айтты. Орыс тілі де қаперде болуы қажет. Содан кейін ғана ағылшын тілін меңгереміз.

Ысырапшылдықтан ада болуды ескерткен Қасым-Жомарт Тоқаев «болмашы жобаларға ақша шашудың қажеті жоқ», – деді. Бюджет қаржысы елдің әл-ауқатын арттыруға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған істерге бөлінуі тиіс. Әсіресе кен орындары жіті назарда болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Вторая проблема – наша готовность к ликвидации техногенного и природного характера. Сейчас нужно быть очень хорошо подготовленными. Авария на месторождении Каламкас – приковано внимание, даются разные оценки.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі:

- Силы мобилизованы. Из Атырау два мощных транспортных средства подогнали. Газопенные машины. Будем двигаться на 50 метров, опасная черта, но другого выхода нет. Будем проводить и дальше работу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Нам нужно обеспечить техникой. Того не хватает, другого. Зачем нам концерты проводить на 20 млрд тенге, когда лучше закупить технику.

Қаржыгерлерге жағдай жасау арқылы қазынаны қампайтуға болады. Осы күні Қазақстанда жұмыс істеуге, тың жобаларын жүзеге асыруға ниетті инвесторлар көп. Солардың кейбірі көлденең көк аттылардың құқайынан өзге елдерге кеткен екен. Мемлекет басшысы «мұндай бассыздықты болдырмау керек», – деді. Аймақ басшылары мен құзырлы орын өкілдері бұл істе қырағы болулары тиіс.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шетелден инвестиция тарту мәселесіне жіті мән беріңіздер. Өзге елдің қаржыгерлеріне құрмет көрсетілуі тиіс. Оларға өз жобаларын біздің елде сәтті жүзеге асыруларына мүмкіндік берілуі керек. Олардың Қазақстанға келуіне барлығымыз мүдделіміз. Өйткені инвестиция экономиканың ілгерілеуіне сеп болады. Әкімдер инвесторлармен жолыққан кезде оларға ілтипат танытпаса, қаржыгерлер Қазақстанда жұмыс істеуден бас тартады.   

Жиын соңында Мемлекет басшысы жауаптыларға жүктелген міндет тиянақты орындалу керектігін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларына басымдық берілетінін айтты. Басты міндет – халықтың жағдайын жақсартып, толайым табысқа кенелту.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы