379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев алғашқы сыртқы сапарын жасайды

  • 168
  • UPD: 23:51, 02.04.2019

Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы нығая түседі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Көрші елге ертең Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып, Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізеді. Бұл күндері Мәскеуде Қазақстан Президентінің сапарына қызу дайындық жүріп жатыр. Ақорда мен Кремль арасында бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

Ресей астанасы Мәскеудің Қызыл алаңында әдеттегідей саяхатшылар көп. Әрісі Америка, берісі Қытай, сан түрлі ұлттың өкілі шекаралас көршіміздің туристік әлеуетін тамашалауға келген. Әсіресе, Кремльге деген олардың қызығушылығы ерекше. Ресей президентінің басты резиденциясында қазір дайындық қызу. Ертең мұнда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тарапы үшін таңсық тұлға емес. Мемлекет басшысы Сенат төрағасы болған кезінде бірнеше рет сапармен келген. Оның үстіне сонау 1970 жылдары Мәскеу мемлекеттік xалықаралық қатынастар институтын бітірді. Сондықтан болса керек, Ресей президенті Владимир Путин – Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметке кірісуімен құттықтап, Мәскеуге арнайы сапармен келуді ұсынғандардың бірі.

Сапардың мәртебесі ресми болғандықтан, екіжақты кездесу өтеді. Оның барысында құны қомақты бірнеше келісімшартқа қол қойылуы тиіс. «Жалпы, ресейлік сарапшылар бұл жоғары деңгейдегі кездесуде көптеген жайттың жай-жапсары белгілі болады», – дейді.

Дмитрий Журавлёв, аймақтық мәселелер институтының бас директоры /Ресей/:

- Қазақстан мен Ресей президенттері алдымен жеке қарым-қатынасын жақсы жолға қояды деп ойлаймын. Cебебі, Владимир Путин негізінен Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп келді. Саясатта бұл өте маңызды. Әріптестігіміз жан-жақты дамыған. Ол сол бағытта өрби беруі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин өзара сенім негізін қалыптастыруы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы сапарларын алдымен Ресейден бастау туралы шешім қабылдауы бекер емес. Бұл елмен ежелден мәдени байланыс қалыптасқан. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президент-Елбасы салған сүрлеу де бар.

Дмитрий Журавлёв, аймақтық мәселелер институтының бас директоры /Ресей/:

- Қазақ елі қазір ХХ ғасырдағы Австрия секілді маңызды рөлге ие. Бұл мемлекет батыс пен шығысқа тең дәрежеде серіктес болды. Қазақстан да бүгін әлемдік қауымдастықта осындай саясат жүргізіп келеді. Ол тек мүдделер емес, өзара сенім нүктесіне айналды. Оны Ресей, АҚШ, Еуропа және Араб мемлекеттері де қолдайды.

Қазақстан – Ресейдің тек шекаралас көршісі емес, Орталық Азиядағы басты серіктесі. Екіжақты тауар айналымы 17 миллиард АҚШ долларынан асып-жығылады. Өткен жылы көрсеткіш 7,2 процентке жоғарылаған. Бұл ретте Қазақстанның экспорты – 5,2 миллиард АҚШ доллары. Қалғаны елімізге Ресейден импортталатын тауарлардың еншісінде. Біз үшін Ресей нарығы экономикалық тұрғыда тиімді. Еуразиялық экономикалық одақ шарттары бойынша мұнда кедергісіз тауар жеткізіп, кейін Еуропа мемлекеттеріне де жөнелте аламыз. Ресей билігі ғана емес, қоғамы да Қазақстанда болып жатқан өзгерістерден хабардар. 

Екіжақты экономикалық байланыстың тамыры тереңде жатыр. 2005-2018 жылдар аралығында Ресей экономикасына құйылған қазақстандық тікелей инвестиция 3,8 миллиард АҚШ долларына пара-пар десек, керісінше, елімізге Ресейден тартылған тікелей инвестиция 12,9 миллиард АҚШ долларына тең. Бұл көрсеткішке Қазақстанда жұмыс істейтін 9 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын зор үлесін қосып келеді. Арадағы қарым-қатынасқа жаңа серпін беруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ниетті екенін таяуда мәлім етті. Оның алғашқы сыртқы сапарына осынша маңыз берілуі сондықтан.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы