379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде «Байқоңыр» айлағын газдандыру туралы келісімге қол қойылады

  • 205
  • UPD: 19:48, 03.04.2019

«Байқоңыр» кешені көгілдір отынмен қамтылады. Ғарыш айлағын газдандыру жөніндегі келісімге бүгін Мәскеуде қол қойылады.

Ресей астанасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин екіжақты кездесу өткізіп жатыр.

Нәтижесінде өнеркәсіп, ғылым мен техника салаларын қамтитын бірқатар құжат қабылдануы тиіс. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұшағы Мәскеу әуежайына жергілікті уақыт бойынша 14:00-де қонды. Президентті Ресей үкіметінің өкілдері қарсы алды. Көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз да әуеледі.

Ресми сапар мақсаты - екіжақты қарым-қатынасты нығайту. Қазақстан-Ресей арасында достық сипатта өрбіп келе жатқан экономикалық әріптестікке жаңа серпін беру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас елдің сенімін арқалағанына 2 апта уақыт өтсе де, көптеген мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп үлгерді. Соның ішінде Ресей Президенті Владимир Путин де бар. Сақа саясаткер сол жолы-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге ресми сапармен келуді ұсынып, өзара-қарым-қатынасты қалыптастыруға ниет білдірген болатын. Көп ұзамай, президент те әріптесінің шақыруын қабыл алып, үлкен Кремль сарайына табан тіреді. Үлкен Кремль сарайы – Ресей Президентінің басты резиденциясы. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің алғашқы келіссөзі осында өрбіді. Сарайдың мәртебелі меймандарды күтуге арналған залында мемлекет басшылары әдеттегідей қол алысып, тарихи кездесудің мән-маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сыртқы сапарының алпауыт Ресейден басталуына тағы бір себеп – арадағы сауда айналымы. Алыс-беріс көлемі жыл сайын артып келеді. Былтырғы көрсеткіш 17 миллиард доллардан асқан. Қазақстанда 9 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары стратегиялық мақсаттарды көздейтін 200-дей құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Ресей арасын мыңдаған шақырымды алып жатқан шекара ғана емес, тамыры терең тартқан мәдени-гуманитарлық әріптестік байланыстырады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен жан-жақты саясатты ұстанады. Оның бүгіннен бастап одан әрі тереңдей түсуі үшін алғашқы қадам жасалды. Ресей президенті де Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты байланысты дамытуға ниеттестігін білдірді.

Екіжақты кездесу әлі де жалғасып жатыр. Оның барысы жөнінде алдағы шығарылымдарда  тарқатып айтатын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы