389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны 11 мамырда басталады

  • 2510
  • UPD: 10:57, 11.04.2019

Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс бұрын президентті таңдау науқанын өткізу тәртібін түсіндірді. Сәуірдің 28-іне дейін саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер сайлауға түсетін кандидаттардың есімін атауы тиіс.

Кандидатқа қойылатын талаптар: президентке үміткерлер Қазақстанда туып, елде ең кемі 15 жыл тұруы тиіс; жасы 40-тан асқан болуы шарт; мемлекеттік қызметтерде, я болмаса, сайланбалы лауазымда 5 жыл тәжірибесі болуы міндетті; сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинап, сайлау жарнасын төлеуі қажет.

Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Сайлау жарнасы 50 ең төменгі еңбекақыны құрайды. Ол 2 млн 125 мың теңге. Егер үміткер президент болып сайланса немесе 5 пайыздан артық дауыс жинаса, бұл ақша кандидатқа қайтарылады.

Сондай-ақ кандидаттар денінің саулығын растайтын медициналық қорытынды мен кірістері һәм дүние-мүлкі көрсетілген декларацияны тапсырады. Егер бұл мәліметтер расталмаса, Орталық сайлау комиссиясы үміткерді тіркеуден бас тартуға құқылы. Мемлекеттік тілді еркін меңгеру талабы бойынша сайлауға түсетін азаматтар сауатты оқып-жазып, өз ойын еркін жеткізе білуі тиіс. Бұл білімдерін тіл мамандарынан құралған арнайы комиссия тексереді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Жазбаша тапсырмаға «Менің елім – туған жерім», «Біздің күшіміз бірлікте», «Қазақ халқының рухани құндылықтары», «Халық ассамблеясы – Қазақстан табысы», Абайдың сөзі сияқты осындай тақырыптарға шығарма жазу, ал оқуға ұсынылған мәтіндер Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұқағали мен Фаризаның поэзиясы сияқты шығармалары айтылады. Еркін тақырыптар бойынша өткен сайлауда «Жаһандану: үміт пен күдік», «Ел бірлігі – ерліктің арқауы», «Ғылым таппай мақтанба», «Бабалар сөзі – даналық көзі» сияқты тақырыптар беріледі.

Сайлау науқаны жеті кезеңге бөлінеді. Сәуірдің 28-іне дейін саяси партиялар мен  республикалық қоғамдық бірлестіктер президентке үміткерлерді ұсынады. Ал алдағы 32 күннің ішінде Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтайды. Сосын мамырдың 11-інен үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ал маусымның 8-і «Тыныштық күні». Қазақстандықтар жаңа президентті маусымның 9-ы таңдайды. Сайлаудан кейінгі келесі екі күнде саяси науқанның алдын ала қорытындылары жарияланып, маусымның 16-ына дейін халық таңдаған жаңа мемлекет басшысын тіркеу шаралары өтеді.

Авторлары: Жасын Біркенов, Гүлнәр Тұрсынова

Хабар 24 телеарнасы