379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президенті мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды

  • 244
  • UPD: 19:35, 15.04.2019

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Қазақстан Президенті Ташкентте өзбек көшбасшысымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, маңызды келісімдерге қол қояды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанатына қатысады.

Рауан Мыңбаев, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

Түбі бір түркі халықтарының достық қарым-қатынасы қашанда берік. Соның бір айқын көрінісі – қазақ-өзбек байланысы. Бауырлас елдің бізге деген құрметі Өзбекстанның басты әуе қақпасына кірген бойда аңғарылады. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевтың борты кешқұрым келіп қонғанына қарамастан, жергілікті билік Президентімізді бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Өзбекстан тарапы бұл мемлекеттік сапарға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Қонағын құдайындай сыйлайтын дәстүр өзбек халқына да тән. Қазақстан Президентін ұшақтан күтіп алу міндеті Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповқа жүктелген. Оған қоса, бір топ министрлер мен сап түзеген сарбаздар да бар. Айта кетейік, бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде сырт елдерге жасаған екінші сапары. Бұған дейін сәуірдің басында Ресейге барған болатын. Қазақстан мен Өзбекстанды діл мен дін әрі ортақ тарих біріктіреді. Екеуі де Орталық Азиядағы жетекші күшке ие.

Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы негізгі шаралар әлі алда. Оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеёв шағын және кеңейтілген құрамда кездесіп, бірлескен мәлімдеме жасамақ. Ал Ташкент жерінде қазақ-өзбек байланысын бекемдейтін көрнекі құралдар көз тартады. Біле-білсек, бізге бұл елдің қазақты бауыр тартып қарауы бекер емес. Соның бірі - тәуелсіздік алғалы бері сыртқы саясатқа салқынқанды болған Өзбекстан соңғы 2 жылда солтүстіктегі көршісімен байланысын біраз қалыпқа келтірді. Өзге елдермен де қарым-қатынасы жолға қойылды. Мұндай әріптестіктен кім-кімнің де ұтары мол.

Валерий Бирюков, саясаттанушы (Өзбекстан):

Өзбекстан бүгінде импорт пен экспортқа қатысты негізгі сауда-экономикалық шаруаларын Қазақстан арқылы жүзеге асырады. Бірақ қазір Өзбекстан-Түркіменстан-Иран-Қатар дәлізін ашу нәтижесінде Парсы шығанағының порттарына шығуды ойластырып жүр. Бұл тақырып Қазақстан үшін де өте маңызды. Демек, алып инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тұрғысында екі елдің мақсат-мүддесі бір. Интеграцияға жол ашу көп пайда әкеледі.

Өзбекстан Қазақстан арқылы екі бірдей алып нарыққа шыға алады. Бірі – Қытай, енді бірі – Ресей. Ала тақиялы ағайынның бізге ерекше көзқарас танытуына осы жәйт та себеп. Айта кетейік, Өзбекстан климаты жұмсақ, шаруаға жайлы әрі халқы көп болғанымен географиялық тұрғыда мұхитқа шығуы қиын мемлекет. Бұл тұрғыда, тек тығыз әріптестік қана ресми Ташкентті қолайлы экономикалық жағдайға жетелейді.

Айта кетейік, осы күндері Өзбекстан билігі жүргізіп отырған саясат елді Қазақстанға біртабан жақындата түскен. Республикалық телеарналар қазақ тілінде хабарлар ұсынады. Оған қоса, еліміз жайлы арнайы бейнероликтер түсіріп, ірі қалаларымыздың әлеуетін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары қарсаңында Өзбекстанның 5 республикалық басылымы оның кең көлемде сұхбатын жариялады. Оның ішінде, тек қазақ тілінде жарық көретін «Нұрлы жол» республикалық газеті де бар. Мақалада Қазақстан Президенті бауырлас елдердің байланысын одан әрі дамыту жолдарына кеңірек тоқталған. Бұдан бөлек, Өзбекстан республикалық ақпараттық порталы қазақ тіліндегі бөлімінің ашылғанын жариялады. Мұның барлығы Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылуы қарсаңында қолға алынған игі шаралардың бір парасы. Осы айтулы оқиғаға орай гала концерт де ұйымдастырылады. Яғни, Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылу рәсімі Ташкент орталығындағы осы салтанат сарайында өтеді. Онда Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы және Димаш Құдайберген өнер көрсетеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы