379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесті

  • 234
  • UPD: 19:38, 22.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесті.

Тараптар қос елдің саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың қазіргі ахуалын және перспективаларын талқылайды. Сондай-ақ кездесу аясында бірнеше кесілімдер мен меморандумдарға қол қою жоспарланған. Бұл – Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары. 

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестік кеңейіп, байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Қазір елдер арасында визасыз режим орнады. Былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы рекордтық 4 млрд долларға жеткен. Корея елінің Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 7 млрд долларды құраған. Ірі инвестициялық жобалардың бірі – Корея компанияларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Алматыдағы үлкен айналма жолдың құрылысы», – атап өтті деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі таңда біз кең ауқымда дамып келе жатқан үйлесімді қарым-қатынастарымызға қол жеткіздік деп нық сеніммен айта аламыз. Біріншіден, саяси тұрғыдан өзара мүдделерімізді құрметтеуге негізделген ынтымақтастықтың тиімді үлгісін қалыптастырдық. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер іскерлік және сындарлы негізде шеімін табуда. Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда Қазаұстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін атап өту қажет. Бүгінгідей тарихи оқиғалар кезеңінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы сабақтастық сақталатынын және Қазақстан-Корея қатынастарына тың серпін беруге ерекше мән бөлетінімізді растаймын. Біз қабылдап отырған бірлескен мәлімдеме – соның дәлелі. Бұл екі елдің мүддесіне сай келеді деп кәміл сенемін.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:

– Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде Қазақстанның 2050 жылға арналған мемлекеттік стратегиясын бағалай отырып, біз Корея Қазақстан үшін ең тиімді серіктес болады деп ойлаймыз. Сауда-саттық, инвестиция, инфрақұрылымдағы байланыс нығайып келеді. Енді болашақ дамудың тетіктеріне айналған ІТ, инновациялық өнеркәсіп кешені, медицина, денсаулық сақтау және ғарыш салаларында серіктестікті жетілдіру қажет. Осы ретте жаңартылған «Самал жел» бағдарламасы бойынша келісімге келдік. Бағдарлама екіжақты экономикалық қатынасқа жаңа леп береді. Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық дамуға қол жеткізген мемлекет. Бұл – Корей түбегі үшін үлгі. Осы маңызды мәселеге қатысты сіздер тәжірибе бөлісесіздер деген үміттеміз.

Хабар 24 телеарнасы