379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Оңтүстік Корея әріптестігінің жаңа кезеңі басталды

  • 413
  • UPD: 22:38, 22.04.2019

Нұр-Сұлтан мен Сеулдің экономикалық әріптестігі нығаяды. Оған екі ел арасындағы 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» бағдарламасы негіз болады, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Бүгін елімізге мемлекеттік сапармен Оңтүстік Корея Президенті келді. «Самал жел» келісімі осы сапардың басты нәтижелерінің бірі. Ақордада өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин цифрлық, ғарыштық және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты да нығайтып, Қазақстанда жаңа ІТ орталық ашуға келісті.

Ресми Нұр-Сұлтан мен Сеул ынтымақтастығының жаңа кезеңі. Ұлы дала мен Таң самалы елі арасындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы. Оңтүстік Корея көшбасшысының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары осындай оқиғалармен ерекше. Корей түбегіндегі алпауыт елдің басшысы билікке осыдан екі жыл бұрын келді. Содан бері сыртқы саясатқа баса көңіл бөлетінін аңғартып келеді. Соңғы бір апта көлемінде ол Түрікменстан мен Өзбекстанда болып, енді Қазақстанға ат басын бұрды.

Корея үшін Орталық Азиядағы кез келген мемлекет сенімді серіктес. Десе де, бұл елдің қазақ жұртына бүйрегін ерекше бұратын жөні бар. Себебі Ұлы дала елі өткен ғасырда корей этносының мыңдаған өкілін бауырына басты. Қазір олардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Оңтүстік Корея Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде осы жайтты ерекше атап, алғысын айтты.

Оңтүстік Корея Президенті елімізге жұбайымен келді. Сапарын Алматыдан бастап, ондағы корей диаспорасының өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Ал кеше Нұр-Сұлтан қаласында қазақ жерінде мәңгілік мекен тапқан корей ұлттық батырларының сүйегін өз Отанына қайтарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент мырза, қош келдіңіздер Нұр-Сұлтан қаласына! Кеше біз қысқаша әңгімелестік. Дегенмен, кең ауқымды мәселелерді талқыладық. Бұл сіздің Қазақстанға бірінші мемлекеттік сапар. Сондықтан сапарыңыз сәтті болсын! Күн тәртібіндегі біздің бірнеше екіжақтың арасындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселелер бар. Осы мәселелер бойынша пікір алмасып, тиісті уағдаластықтарға келеміз деген ойлаймын. Кеше ғана сіз ресми рәсімге қатыстыңыз. Это прах ваших национальных героев. Мы поздравляем этим большим событием.

Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:

- Мені және менің делегациямды мемлекеттік деңгейдегі қонақ ретіндегі шақырғаныңызға алғыс білдіремін. Сапарым айрықша маңызға ие. Себебі, биыл екі елдің стратегиялық серіктестік орнатқанына 10 жыл. Оның үстіне, мен сіздің мемлекеттік деңгейде алғашқы қонағыңыз болғаныма қуаныштымын. Кеше Нұр-Сұлтан қаласына келген кезімде, Корея Республикасы ұлт батырларының сүйегін елге жөнелту рәсімін өткіздік. Сондықтан корей халқының атынан Қазақстан үкіметіне осы оқиғаға көмек бергені үшін алғыс білдіремін.

Қазақстан - Корея Республикасы үшін әлемдік қауымдастықтағы беделді мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаевқа осылай деген Мун Джэ Ин еліміздің ядролық қарусыздандыру саясатын қолдайтынын да айтты. Екіжақты кездесуде талқыланған мәселелер мұнымен шектелмейді. Кеңейтілген құрамдағы кездесуде мемлекет басшылары тарихи тамырластық тұрғысында әңгіме өрбітті. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Корея тәуелсіздігі жолындағы қозғалыстың 100 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан мен Корея әріптестігі кең ауқымда дамып келеді. Алдымен саяси тұрғыдағы көзқарас ортақ, келісім бір. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бір парасы Тұңғыш Президент - Елбасы бастамасымен шешімін тапқан. Мәселен, 5 жылдан бері Қазақстан азаматтары Кореяға визасыз барып-қайту мүмкіндігіне ие.

2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Оңтүстік Кореядан жалпы көлемі 7 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартылды. Сауда айналымын арттыруға арналған үкіметаралық комиссия осы бағытта жұмыс істейді. Іскерлік кеңес те құрылған. Арада тікелей әуе рейстері ашылды. Тауар айналымы 2017 жылдан бері екі есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниеттіміз. Бұл жолда жаңа мүмкіндіктерді іздестеруге әркез әзірміз. Президент ретінде сіздерден инвестиция мен технология тартуға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Кореялық компаниялар Алматыдағы үлкен айналма жолының құрылысын жүргізуге атсалысады. Жоба мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында қолға алынып отыр. Бұл елдің кәсіпкерлері тау-кен байыту, азық-түлік және машина құрастыру салаларында нәтижелі жұмыс істеп келеді.

Қазақстан экономикасына алдағы уақытта кореялық компаниялардың тағы бір тобы келуі мүмкін. Мемлекет басшысы келіссөз барысында оларға жан-жақты жағдай жасалатынын жеткізді. «Ал еліміздегі корей этносының өкілдеріне қолдау Үкімет тарапынан бір сәтке де тоқтамайды», - деді Президент. Өз кезегінде Корея көшбасшысы Қазақстандағы төртінші өнеркәсіптік революцияға белсенді қатысуға әзір екенін алға тартты.

Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:

- Қазақстанның Корей түбегіндегі жағдайға бей-жай қарамайтынын білеміз. бұл бізді қуантады. Сондықтан сіздермен әріптестікті ширатуға әзірміз. Әсіресе, төртінші өнеркәсіптік революция саласында  бірлесіп жұмыс істеуімізге болады.

Президенттер арадағы келісімдерді көп ұзамай екіжақты құжаттар негізінде бекітті. Алдымен екі ел сотталған азаматтарды өзара алмасу жөнінде мәміле жасады. Бұдан кейін, 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» атты жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ цифрлық салада төртінші өнеркәсіптік революцияға бірлесіп ден қою және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі меморандум бекітілді. Ал бірлескен мәлімдеме барысында, бас қалада қазақстандық және оңтүстіккореялық ІТ орталық ашылатыны мәлім болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан кореялық технологияларға зор қызығушылық танытады. Осы ретте, Нұр-Сұлтан қаласында екі ел бірлесіп ашатын халықаралық ІТ-орталық өзара ынтымақтастықтың айқын көрінісі болмақ. Бұған қоса, көліктік-инфрақұрылымдық салада әріптестікті тереңдетуге айрықша назар аудардық. Бұл ретте, біздің «Нұрлы жолымыз» бен Кореяның «Жаңа солтүстік саясаты» бір-біріне ұқсас стратегиялық бағдарламалар екенін атап өткім келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен транзиттік саладағы байланыс бекемдей түсетінін алға тартты. Себебі, стратегиялық серіктес мемлекетке Тынық мұхиты аймағындағы Ляньюньган портын пайдалануға мүмкіндік берілді. Президенттер банктер мен қаржы институттарының өзара әріптестігін дамыту төңірегінде де келісімге келді. Бұл ретте, «Астана» халықаралық қаржы орталығына оңтүстіккореялық компаниялар келмек. Кездесу соңында Мемлекет басшысы әріптесіне корей халқы үшін құнды кітап тарту етті. Бұл туындыда Қазақстанға корейлердің күштеп көшірілуі жайлы сирек мәліметтер мен суреттер жинақталған.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы