378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Венгрияның экономикалық дамуына ықпал ететін инвестжоба көлемі ұлғаяды

  • 204
  • UPD: 21:35, 24.04.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен жеке кездесу өткізді. Мемлекет басшысы бұл басқосу Нұр-Сұлтан мен Будапешт арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген екі елдің ұмтылысын аңғартатынын айтты.

Бұл Мажарстан премьер-министрінің Қазақстанға үшінші сапары. Бұған дейін Виктор Орбан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездескен. Мәртебелі мейманды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорада сән-салтанатпен қарсы алды. Әскерлер сап түзеп, қос елдің әнұраны орындалды. Виктор Орбанның Қазақ жеріне ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған. Екеуара кездесу барысында Мемлекет басшысы Орталық Еуропа елдерінің ішінде Мажарстан Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш мемлекет. Қос елді саяси және экономикалық мүдделерімен қатар халықтарымыздың ортақ тарихи тамыры біріктіретіндігін ерекше атап өтті.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

- Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағының басын қосып отырған мажар қыпшақтарының одағына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметті лидері болып сайлануы біздің достық және тығыз қатынастарымыздың айқын айғағы. Бұл өзара байланыстардың дамуына орасан зор үлес қосқан Елбасының ерен еңбегінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Бүгін біз Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбанмен өзара іс-қимылдардың саяси сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық салаларындағы басым бағыттарды белгіледік. Стратегиялық кеңес пен өзара ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысына баса мән бердік.

Ақтөбе облысында Венгрияның тікелей инвестициялық қорының қолдауымен ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба сәтті жүзеге асып келеді. Тараптар қос елдің экономикалық дамуына оң ықпал ететін инвестициялық жобалар көлемін ұлғайтпақшы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

- Венгерлік іскерлік топтарды Қазақстанда белсенді қызмет етуге шақырамын. Бұл үшін біздің елімізде барлық жағдайлар бар. Бізде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал жасалған. Әлемдік деңгейдегі қызметтерді ұсынатын Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жұмыс істейді. ЕАЭО бірыңғай нарығына және үлкен Қытай нарығына тікелей шығу мүмкіндігі бар. Біздің астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасы орнатылған.

Қазақстан Мажарстанның ТМД елдері арасындағы ең ірі серіктестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 140 млн доллар шамасында болды. Еліміз Венгрияға минералды жанар-жағармай, химиялық тыңайтқыштар мен көлік құрылғыларын экспорттайды. Ал мажарлардан органикалық тыңайтқыштар, медициналық препараттар және кеңсе заттары импортталады.

Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:

- Мен Президент мырзаны Қазақстанда болған өзгерістер және реформалармен құттықтадым. Біз кейде демократия деген тек сайлау құқығы мен ортақ  мәселелерді талқылау ғана емес. Демократия ежелгі грек тілінде басқару формасы дегенді білдіреді. Осыны біз кейде ұмытып кетеміз. Яғни бұның барлығы мемлекеттің дамуында ортақтасу керек. Дамыған мемлекеттер осыны ұстанады. Ал Қазақстан тұрақтылық жағынан алдыңғы қатардағы мемлекет. Мен 4,5 жыл бұрын Қазақстанда болдым. Одан бері ел өте жақсы дамығаны байқалады. Географиялық тұрғыдан біз өте алыс орналасқанбыз. Мұндай жағдайда экономикалық байланысты тереңдету қиын, бірақ мүмкін.

Қос елдің білім саласындағы байланысы да берік. Мажарстан қазақ жастарына тегін білім алу үшін 250-ден аса грант бөлді.  Қазір Венгрияның жоғарғы оқу орындарында 500-ден аса қазақстандық студент оқиды.

Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:

-  Біздің елімізге Қазақстаннан 250 студент келгеніне өте қуаныштымыз.  Олар Венгер стипендиясын алады. Қашықтықты жеңудің ең жақсы құралы - достық. Ал достық тек өзара байланыс негізінде туындайды. Бізде оқып жүрген бұл 250 студент қайтып оралғаннан кейін Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын болады.

Қос мемлекет бірлесіп жұмыс істейтін салалар саны әлі де көбейе түспек. Сәтті өткен келіссөздер соның дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

- Сөзімнің соңында жемісті әрі мазмұнды келіссөздер үшін Виктор Орбан мырзаға тағы да ризашылығымды білдіремін. Бұл кездесу елдеріміздің арасындағы көп жақты ынтымақтастықты кеңейту жолында мүдделеріміздің ортақ екенін көрсетеді.

Сәуірдің 29-ы мен 30-ы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Стратегиялық кеңестің отырысы болады. Оған Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары-қаржы министрі бастаған бизнес делегация өкілдері қатысады деп жоспарланған. Бұл шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге септігін тигізеді. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы