378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

  • 213
  • UPD: 14:22, 27.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарға жұмыс сапары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өскемен қаласынан соң Президент Павлодар облысына аялдады. Әуежайдан түсісімен ол бірден Қазақстандағы бірегей кәсіпорын – электролиз зауытына барды. Бұл жерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың бүгінгі әлеуеті баяндалды. «Қазақстан электролиз зауыты» – жылына 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз зауыт. Кәсіпорын бүгінде өз өнімін бергісі Өзбекстан мен Ресей, арғысы АҚШ, Бразилия, Италияға жеткізіп отыр. Зауытта екі жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді, бүгін олармен Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы жерде облыс активімен жүздесіп, өңірде 4 бағыттағы жұмысты жүйелеуді тапсырды. Олар; ауылдық жерлерді таза ауызсумен қамту, экологиялық ахуалды жақсарту, жастар саясатының белсенділігін арттыру мен экономиканы әртараптандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауыл тұрғындарын таза әрі сапалы ауызсумен қамтудың көрсеткіші төмен. Бұл бір ғана Павлодар облысында ғана емес. Барлық өңірлерге де ортақ проблема. Жыл сайын бұл мақсатқа қаржы бөлініп жатыр, бірақ сол тиімді жұмсалып жатыр ма? Есеп комитеті осы мәселені ерекше қадағалауында ұстап, бөлінген әр тиынның тиімділігін бақылап отыруы тиіс. Екінші мәселе – облыстағы экологиялық ахуал. Жергілікті билік пен Үкімет үнемі мониторинг жүргізіп отыруы тиіс. Себебі мұның астарында ұлт саулығы жатыр.

Жұмыс сапары аяясында Мемлекет басшысы өңірдегі тағы бірнеше нысанға барады деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Павлодар мұнай-химия зауытының жұмысымен танысып, Жастар бастамаларын дамыту орталығында болып, аймақтағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымымен кездеседі деп күтілуде.

Хабар 24 телеарнасы