379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

  • 316
  • UPD: 20:54, 30.04.2019

Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың бас жоспарымен танысып, қажырлы еңбек етіп жатқан шетелдік қаржыгерлермен кездесті.

Одан бөлек күрделі жөндеуден өткен әлеуметтік нысандарды аралады. Ізінше қаланың белсенді жастарымен жолығып, кейінгі буын өкілдеріне ақыл-кеңесін айтты. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Алматы - ақбас Алатаудың жазиралы бауырын көктей жатқан көрікті қала. Екпінді еселеп, адуынды арттырудан айнымаған. Толассыз жауған жауынға қарамастан бұл қарқынды бәсеңдетпейді. Бәз қалпынша ел экономикасының күре тамыры. Белді кәсіпкерлер де, беделді қаржыгерлер де осында. 180 мыңнан аса адам қазір жеке шаруаларын дөңгелетіп отыр.

Кәсіпті ұршықша иірген өлкеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Президент алдымен жөндеуден былтыр ғана өткен Жамбыл атындағы кітапханаға барды. Оқырмандар ордасы осы күні жастар шоғырымен жиналатын орынға айналған. Мұнда бірнеше зал бар. Тегін уай-вай желісімен қамтылған.

Шағын кітапханада қазақ қаламгерлерінің тырнақалды туындыларынан бөлек шетел классиктерінің шытырманға толы шығармалары да бар. Әлеуметтік нысан жаңарған соң, мұнда келушілердің саны да күрт өскен.

Роза Қабиева, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

-Реконструкцияға дейін бұл кітапханаға күніне 100-150 адамға дейін келетін болса, бүгінгі күні біздің кітапханаға 700-ден 1200-ге дейін оқырмандар келеді. Кітапханада 306 мың кітап бар. Оның 148 мыңы қазақша. Күннен күнге кітаптар түсіп, күннен күнге оқырмандарымыз көбейіп, Жамбыл атындағы жастар кітапханасы бүгінгі күннің заман талабына сай заманауи бірден бір модульді кітапхана болып саналады.

Жаңарған нысанды аралаған Президент кемел келешектің кепілі білімді жастардың қолында екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні елімізде кейінгі буын өкілдеріне жіті мән беріліп жатқанын  тілге тиек етті. Қазір Алматыда 700 мыңнан аса жастар бар. Олар әр түрлі салада табанды еңбек етіп, толайым табысқа кенеліп отыр.

Алып шаһарда еріктілер тобына баса назар аударылған. Еліміздегі ең ірі волентерлік ұйым тап осы қалада. Қазір оған 5 мыңнан аса белсенді жас мүше екен.

Мәди Ахметов, қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

- «Қамқоршы» атты жобаны біз сәуір айынан бастап іске қостық. Ол өзінің бастауын алды. Негізгі мақсаты - әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалардың уақытын тиімді өткізу, оларға ағалық қамқорлық көрсету. Мысалы, өткен демалыстың өзінде біз 50-ден астам жасөспірімді киноға тегін алып бардық.

Жастардың бұл іске жең түре кірісіп жатқаны түсінікті. Қазір елімізде Елбасы пәрменімен тұрмысын тіктей алмай жүрген жандарға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы аналар үйіне де барды. Орталық мамандары жәрдемге мұқтаж қыз-келіншектерге кеңес беріп, әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсетеді.

Қазір Алматыда 14 мыңнан аса көп балалы отбасы бар. Олардың 5 мыңға жуығы - аз қамтылған. Соңғы бір айда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 23 мың адам өтініш түсірген екен. Қазір мыңға жуық отбасыға жәрдемақы беріліп үлгерген.

Қалада «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры құрылған. Жомарт жандар жәрдемге мұқтаж жандарды жарылқау үшін соңғы екі айда 131 млн теңге жинапты. Аталған қаражат жағдайы жұтаң отбасыларға берілген. Қор көмегіне күніне кемі 50 адам жүгінеді. Алматыда аз қамтылған отбасылар баспанамен де жаппай қамтылып жатыр. Жақын күндері 200 отбасына пәтер беру көзделген. Осындай отбасында тәрбиеленіп жатқан әрбір екінші бала бөбекжайда тегін тәрбиеленеді.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Тотыдай түрленген Алматының ажары ай сайын айшықталып келеді. Қошқыл түтін тұмшалаған қала лас ауадан бірте арылуда. Осы күнге дейін 82 шақырым веложол төселген. Алматы әкімдігі басымдықты жүргіншілерге беріп, экологияны жақсартуға ден қойған.

Қоршаған ортаға ерекше мән беріп отырған қала билігі тың жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі осы қуат көзімен жүретін қоғамдық көліктер. Электроавтобустар құрастыратын зауыт қаржыгерлердің мұрындық болуымен былтыр күзде ашылған. Инвестиция көлемі 14 млрд теңге. Қазір зауытта 200 адам жұмыс істеп жатыр.

Алматыда мұндай жобалар ас та төк. Алып шаһарда жұмыс істеуге құлшыныс білдірген шетелдік инвесторлардың саны артып келеді. Соңғы 3 жылда 5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылыпты. Қазір Алматыда Жапониядан, Кореядан, Қытай мен Германиядан келген инвесторлар жең түре жұмыс істеп жатыр.

Кәсіпкерлер үшін қалада индустриалды аймақ ашылған. Осы күні ол жерде құны 144 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында 5 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Такеямо Тошио, шетелдік инвестор:

- Қазақстанда жұмыс істеу өте қолайлы. Алматы билігі шетелдік инвесторларға барлық жағдай жасап жатыр. Қаржыгерлердің мүддесі тиісті деңгейде қорғалады. Біз осындай қолдаулардың арқасында кәсібімізді өркендетуге мүмкіндік алдық.

Алматыдағы кәсіпорындар құлашын кең серпіген. Жыл басынан бері өндіріс орындары 241 млрд теңгенің өнімін шығарған. Мұнда ауыл шаруашлығы саласы да адымын алшаң басып тұр. Салық түсімдері де әдетінше молайған. Бір ғана Алматының өзі соңғы төрт айда мемлекеттік бюджетке жарты трлн теңге пайда әкеліпті.

Қарт Алатаудың бауырын ен жайлаған қаланың қазіргі қарымы осындай. Заңғар биікке ұмтылған өлкенің әлі де өркен жаярына сенім мол.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы