379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары аяқталды

  • 409
  • UPD: 23:44, 02.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Президенттің күн тәртібі өте тығыз болды. Мемлекет басшысының жетісулық жұртшылықпен кездесуінен басталған сапары әрі қарай Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында жалғасты.

Ел арасында «Жер жәннаты Жетісу» деген таптаурын болса да, таптырмас сөз тіркесі бар. Негізі Жетісу атауы өңірді кесіп өтетін жеті өзеннен шыққан деген дерек айтылады. Соның бірі – Қаратал өзені. Өзен мен өңірдің байланысы бар. Қараталдың ағысы қандай қатты болса, Жетісу өңірінің де экономикалық дамуы бәсең емес.

Алматы облысы – шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектесетін маңызды аймақ. Өңірде 777 елді мекен бар, онда 103 ұлыс ұйысып өмір сүріп жатыр. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сапары, Жетісу жұртшылығымен алғаш жүздесуі. Сондықтан Президент ұшақтан түсісімен өзін күтіп отырған ортаға келді. Салтанат сарайының күмбезді залындағы кездесуге зиялы қауым да, іскер адамдар да, жастар да жиналды. Президент Жетісумен таныстығын қарт тарихтан бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жыр алыбы Жамбыл мен қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровті дүниеге әкелген өңірді барша халық қадір тұтады. Асқақ Алатаудың бөктері – мемлекеттігіміздің негізін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атамекені. Шын мәнінде қасиетті Жетісу жерінің танымы мен тағылымы терең. Қайта жаңырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан өлкенің келешегі өте зор.

«Әуелі сіздерді тыңдайын». Президент дөңгелек үстел басына жиналғандарды ашық сұхбат құруға шақырды. Жиналғандар тосырқаған жоқ, бірі алғысын айтты, енді бірі жоспарымен бөлісті. Солардың бірі – «Мәдина» тігін цехының иесі Айман Биғалиева.

Айман Биғалиева, кәсіпкер:

- «Еңбек үйретеді, өмір ширатады» деген жақсы сөз бар. Біз бала кезден еңбекке баулып өстік. Бастау бизнес жобасын естіп, оқып шықтым. Грант иелендім. Арманым жүзеге асты. Ұлттық нақыштағы құрақ көрпе шеберханасын аштым.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бизнес жобасы өте қажет нәрсе. Ұлтымыз, халқымыз еңбекқор болуы керек.

«Қазақ жалқау халық емес», – деді бүгін Президент. Басқасы-басқа, Жетісу өлкесінде еңбек көркі қызып тұр. Жыл басынан бері аймақта 185,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде тау-кен өндірісі 72,5 процентке, жеңіл өнеркәсіп 19,1 процентке артып отыр. Яғни қарапайым заттар экономикасы қалыптасып келеді. Бірақ Алматы облысында шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер бар. Оны бүгін Президенттің өзі айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алматы облысында да ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту  проблемасы бар. Өткен жиырма жылда бұл мақсатқа 500 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Бұл өте үлкен сомма, бірақ ауызсу мәселесі шешілген жоқ. Қаржы қайда кетті, мәселе неге шешілмеді? Есеп комитетіне де сұрақтар бар. Аймақтағы кезекті бір проблема – апатты әрі үшауысымды мектептер жайы. 2018-2019 жылдары 14 мектеп салуға 15,5 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл аймаққа әлі де 20 мектеп қажет. Сондықтан Үкіметке 2020-2021 жылдарға осы мақсатқа қосымша 29 млрд теңге бөлуге тапсырма бердім.

«Үнем. Бізге қазір қажеті осы», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев имидждік шараларға қарсылығын барған жерінде айтып жүр, бүгін де қайталады. «Біздегі бар байлықты болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыруымыз тиіс», – деді ол. Жиында көтерілген тағы бір мәселе – облыста дәрігер тапшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Облыстың медициналық қызметкерлермен қамтылуы республикалық көрсеткіштен 30% төмен. Бұл көрсетілетін қызмет сапасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан жас мамандарды ауылдарға жіберуді қолдап, сұраныс бойынша маман даярлауға мән беру керек. Облысққа тән тағы бір мәселе – баспана. Құрылыс жүріп жатыр, бірақ өңірде әлі 40 мыңнан астам адам баспанаға кезекте тұр. Соның 11 мыңы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Бірінші кезекте осы жанұяларды баспанамен қамтудың түрлі тетіктерін қарауды тапсырамын.

Жетісудың басты байлығы – жері, әрі кетсең туризм саласы. Бүгін Президент жерді әділ бөлу, туристерді тарту үшін инфрақұрылымды дамыту, қызмет сапасын көтеруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Жалпы, жиында Алматы облысына қатысты күрделі мәселелердің күрмеуі шешіліп кетпесе де, босағандай болды. Басқосу мерейлі сәтпен аяқталды. Бүгін Талдықорғанда Президент бірнеше азаматқа алғыс хат табыстады. Мемлекеттің ең басты байлығы – адамдар. Әр өңірдің өркендеуінің артында осындай азаматтардың үлкен қажыры мен еңбегі жатыр.

Жиын аяқталғанымен, жұмыс сапары тәмамдалған жоқ. Президент әрі қарай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Осыдан екі жыл бұрын ашылған нысан енді бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істемек. Яғни кез келген кәсіпкерге кез келген көмек бір жерден көрсетіледі. Өте тез, әрі ыңғайлы. 

Алматы облысында кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 4% артып, 115 мыңнан асқан. Яғни кәсіпке бет бұрғандардың саны көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өткен жылы «Бастау» бизнес жобасы аясында Алматы облысында 3 мыңнан астам азаматты оқыттық десе, соның тең жартысы өз бизнесін ашқан.

Нариман Әбілшайықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Ауылдарда әйел адамдар оқып, бір ай ішінде сертификат алып, одан басқа бізге сүйеніп несие алып отыр. Несиенің орташа мөлшері – 2,5 млн теңге.

Президент барған келесі нысан – «Қайнар» зауыты. Қырық жылдан астам тарихы бар кәсіпорын түрлі жағдайды бастан өткерді. Қазір өндіріс ошағы озық технологиямен жұмыс істеп тұр.

Мына қызыл жәшіктер – көліктің жүрегі, яғни аккумуляторлар. Бұл жерде тәулігіне 10 мың дана, ал жылына 3 млн дана осындай аккумуляторлар өндіріледі. Талдықорғандағы «Қайнар» зауыты Қазақстанда жалғыз әзірге. Ол ішкі нарықты түгел қамтып отыр, артылғанын алыс-жақын шет елдерге экспорттайды.

Жыл сайын 1,5 млн-нан астам қазақстандық жүргізуші «Қайнар» зауытының аккумуляторрын таңдайды. Кәсіпорында жұмыс істейтін бір мың алпыс тоғыз жұмыскер сол сапаға еңбек етеді.

Қанат Дәленов, зауыт бригадирі:

- Осы зауытқа келмей тұрып, жеті, сегіз жыл бұрын осы «Қайнардың» аккумуляторларын қолданатынмын. Сапасы жақсы. Сұраныс бар. Сырттағы елдер де мақтап жатады.

Президент түстен кейін Қаратал ауданына барды. Ауданда 46 мың 800 адам тұрады. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Өткен жылы бұл ауданда шамамен 25 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Президентке аудан орталығы Үштөбе қаласында жұмыс істеп тұрған сервистік әкімдіктің жұмысы таныстырылды. Ұядай ғана ғимарат Президенттің өзі жиі айтатын «халыққа жақын болу» принципін үлгі етіп отыр.

Рүстем Бекбосынов, Үштөбе қаласының әкімі:

- Қабылдауға бізге аптасына он-екі адамнан келіп жүр. Қабылдаудың ерекшелігі, ешқандай қабылдау бөлмесі жоқ, жазылу жоқ, осы жерден келеді де, өздеріңіз көріп тұрғандай, рұқсат сұрап кірген соң мәселесін жеткізіп, оны шешуге тырысамыз.

Бұл – жазушы Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп. Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оған арнайы кіріп, ұстаздармен, оқушылармен жүздесті.

Мектепте Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры бар. Ол осы жылдар ішінде талай оқушыға қамқорлық көрсетіп, талай түлектің болашағына сенім сыйлады.   

Сандуғаш Жұмагелдина, мектеп директоры: 

- 50-ге жуық бала жылда әлеуметтік жағдайы төмен жанұядағы оқушылар сыртқы киім, аяқ киім түрінде көмек алады. Озат оқитын он оқушы ай сайын шәкіртақы алады, осы уақытқа дейін біздің мектепті бітірген 32 түлек Кемел Тоқаев атындағы грантқа ие болып, ЖОО-да оқып жатыр. Аяқтап, жұмыс істеп жатқандары да бар.

Көктем мезгілі – шаруалар үшін қарбалас шақ. Президент ауданда қант қызылшасы мен жүгері егісіне енді кіріскен шаруашылықта да болып, диқандармен жүздесті. «Қаратал» шаруа қожалығы қант қызылшасын егеді. Жалпы, соңғы 4 жылда облыста қант қызылшасын егу алқабы 9 есеге өскен.

Президенттің Алматы облысындағы сапары Қаратал өзенінің жағасында аяқталды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Руслан Жәкеев

Хабар 24 телеарнасы