378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Көктал полигонындағы бірқатар нысанды аралады

  • 258
  • UPD: 17:54, 03.05.2019

Жаркент өңірінде содырлар сойқан салды. Мұздай қаруланған топ таулы аймақта тасаланып, сап түзеген сарбаздарға сес көрсетті.

Кескілескен ұрыс шамамен бір сағатқа созылды. Жауынгерлер лаңкестер жасырынған аумақты оқшаулап, олардың көзін жойды. Көктал полигонында тап осындай оқу-жаттығу өтті. Ауқымды әскери шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев куә болды. Президент ондағы бірқатар нысанды аралап, қару асынған жауынгерлермен жолықты. 

Жетісудың жоталы өлкесіне жауынгерлердің жұмылғанына екі аптадан асты. Олар лаң салған лаңкестерге қарсы күш біріктіріп, тойтарыс беруге бекінген. Ұрыс жүріп жатқан аумаққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Қазақстан Қарулы күштерінің бас қолбасшысына мұндағы ахуал дереу түсіндірілді.

Бұл аумақ қазір әлемтапырақ күй кешіп жатыр. Басынан бақайшағына дейін қаруланған қатулы содырлар таулы аймақта сойқан салды. Олар шекара қызметкерлеріне сес көрсетіп, жауынгерлерге қарсы оқ жаудыруда.

Мұздай қаруланған топты құрықтау үшін арнайы жасақ құрылды. Құрлық әскерлері зеңбіректермен, соңғы үлгідегі танктермен шабуылдады. Олар лаңкестердің жолын бөгеу үшін арнайы миналарды қолданды.

Көк тарландары да құрлықтағы сарбаздарға көмекке келді. Олар әуеден шабуыл жасап, содырларды тұсап тастады. Кескілескен ұрысқа әскери ұшақтар мен тікұшақтар тартылды.

Бейбіт елге баса-көктеп кіргендерге сақа сарбаздар осылай төтеп берді. Олар өздеріне жүктелген маңызды міндетті абыроймен атқара білді. Көктал полигонында өткен кезекті «Айбалта» әскери оқу-жаттығуы осылайша сәтті аяқталды. Мемлекет басшысы ел шебін мысықтілеулілерден қорғаған сарбаздардың қарым-қабілетіне жоғары бағасын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ сарбаздарының қашанда қырағы әрі алғыр болғанын айтты. Сондықтан жауынгер халықтың бүгінгі ұрпағы ел басына күн туғанда сап түзеп, қолына қару алудан тартынбасы анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауқымды стратегиялық шараға 8 мың жауынгер мен 2 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Жаттығуға тек шарболаттай шыңдалған жауынгерлер ғана таңдалып алынған. 

Талғат Қойбақов, ҚР ҚК құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары:

- Содырларға қарсы күрес жүргізуге «Оңтүстік», «Шығыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылығының әсукерлері жұмылды. Олар лаңкестер жасырынған аумақты оқшаулап, қарсы күрес жүргізді. Сарбаздарға ерекше талап қойылды. Олар таулы аймақта ұтымды ұрыс жүргізудің озық үлгісін көрсетулері қажет болды.

Әскери оқу-жаттығу аяқталған соң Мемлекет басшысы далалық лагерьдің жұмысымен танысты. Мұнда азық-түлік және оқ-дәрі сақтайтын қоймалар, жанармай қоры мен істен шыққан техникаларды қалыпқа келітретін орындар құрылған.

Асылхан Байыров, 292119 әскери бөлімшесінің командирі:

- Қырғиқабақ тіресте жараланған жауынгерлер осы госпитальге жеткізіледі. Мұнда 80 білікті дәрігер жұмыс істеп жатыр. Олар бір тәулікте 300 адамға ем-дом көрсетуге қауқарлы.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Жылжымалы далалық әскери госпиталь соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақталған. Мұнда лабораториялық тексеріс жүргізуге, ренгенологиялық зерттеу жасауға толық мүмкіндік бар. Одан бөлек, осындағы дәрігерлер аса ауыр хәлде жеткізілген науқастардың өзіне шұғыл операция жасау мүмкіндігіне ие.

Ербол Жұмағұл, әскери-далалық госпиталінің терапевт-дәрігері:

- Далалық лагерь жұмысымен танысқан мемлекет басшысы сарбаздар ботқасынан да дәм татып, мерзімді қызметтегі жауынгерлермен де тілдесті.

«Айбалта» әскери оқу-жаттығуы елімізде жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы жаттығуға «Оңтүстік», «Шығыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері қатысты. Оларға тауда тасаланған жауға қарсы ұтымды ұрыс жүргізу міндеті қойылды. Ауыр әскери техникалар теміржол арқылы жеткізілді. Сарбаздар Іле өзенін кесіп өту үшін аз уақытта понтонды көпір құрастырды. Жауынгерлер осы сынның ешбірінен сүрінген жоқ. Барлығын жоспар бойынша орындай білді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы