378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмір үшін күрес. Бір жарым жасар сәби көмекке мұқтаж

  • 350
  • UPD: 15:46, 04.05.2019

Ақсу қаласының кішкентай тұрғыны бір жылдан астам уақыт бойы өмір үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кәрім есімді сәби жекеменшік мануальді терапевтің қабылдауынан кейін жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Оның екі мойын омыртқасы сынған. Мамандардың айтуынша, бұл – тым сирек кездесетін диагноз. Бүгінде Қорған қаласындағы Елизаров атындағы клиниканың дәрігерлері операция жасауға әзір.

Кәрімнің бес айлық кезіндегі суреттері ата-анасы Гүлмира мен Нұрсұлтанға үміт отын ұялатады. Сәбидің жағдайы мануальді терапевттің қабылдауынан кейін қиындады. Оның бірінші және екінші мойын омыртқасы сынған.

Гүлмира Жанайдарова, Кәрімнің анасы:

- Ол баланы қарап, мойын жарақаты бар деді. Кейін әрекет етіп, мойнын уқалады. Біз сүйек сынығының дыбысын естідік. Сосын баламның жағдайы қиындай берді, ауруханаға түстік. Күнде ауруханаға келіп тұрамыз.

Зардап шеккен азаматтар полицияға шағым түсірді.

Жанна Белялова, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында кешенді сот-медициналық сараптама және криминалистік сараптамалар тағайындалды. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Екі айдан кейін екі жасқа толатын Кәрімнің Павлодар облыстық балалар аураханасының жансақтау бөліміне жатқанына 450 күн болды. Бір апта бұрын оның жағдайы қиындап кетті. Бұған қарамастан, дәрігерлер қауымы мен, ең бастысы, сәбидің өзі өмір үшін күресіп жатыр.

Осы уақыт аралығында Кәрім дәрігерлердің қамқорлығында. Мамандар тиісті ем-шараларын үздіксіз жүргізуде.

Ирина Орсагош, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Кәрім өмір сүргісі келеді. Ал біз көмектесуіміз керек. Қорғандық әріптестеріміз келетін болса, қарсы алуға дайынбыз. 450 күннің ішінде балаға бауыр басып қалдық. Туған ұлымыздай болып кетті.

Балаға қойылған диагноз сирек кездеседі. Павлодарлық дәрігерлер республикалық нейрохирургия орталығының мамандарымен байланыс орнатқан. Ал Қорған қаласындағы Елизаров атындағы клиниканың хирургтері көмекке келуге әзір. Бірақ кішкентай сырқатты тасымалдауға болмайды, бар қиындық осында.

Марат Мұстафин, облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері:

- Үміт үзуге болмайды. Баланың жүрегі соғып тұр, қан қысымы дұрыс. Ең бастысы осы. Операцияны тек Павлодарда жасау керек.

Қорғандық мамандар Павлодарға келуге дайын болғанымен, операцияға қажет материалдар қымбат. Кей құралдар тапсырыспен жасалады. Хирургиялық әрекет 500 мың рубль тұрады. Ал жас отбасының қаржылық мүмкіндігі шектеулі.

Жас жанұяның отандастарынан көмек сұрап, ақ желеңділерге үміт артудан бсқа амалы жоқ.

Кәрімнің анасы Гүлмираға +77072333284 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы