378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы әскери қызметкерлерді марапаттады

  • 247
  • UPD: 15:09, 06.05.2019

Бүгін Ақордада Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметімен әрі ерен еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы салтанатты іс-шарада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кездерді сөз етіп, елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар өте аз болғанын атап өтті. «Тұңғыш Президентіміз – Елбасының арқасында бүгінде Қазақстанның айбынды әскері бар. Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге соққы бере алады», – деді Тоқаев. Президент адам өмірін өрт пен судан арашалап қалған қызметкерлер бейбіт күннің батырлары екенін тілге тиек етіп, олардың ерліктері мен игі істері өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс деді. Бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Әділбек Алдабергенов марапатталды. Бұл атаққа бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев пен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Василий Рысбаев та ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз – бабаларымыздың ерлігін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында біз бүгінде Қазақстанның шекарасын бүтіндеп, іргесін бекіттік. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – осы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу.

Хабар 24 телеарнасы