389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңіске зор үлес қосқан елдің ерлерінің рухы асқақтай бермек

  • 627
  • UPD: 22:46, 09.05.2019

Елордадағы «Отан қорғаушылар» монументінде Жеңістің 74-көктемі мерекеленді. Алаңға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, фашизмді жоюға үлес қосқан жауынгерлер жиылды. Көпшілікпен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ескерткішке гүл қойып, тағзым етті. 

Адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыс кезінде бұл қариялар өрімдей жас еді. Өмірдің қызығын енді көріп, рахатын сезіне бастаған шақтары болатын. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс оларды ерте есейтті. Бүгін елордалық майдангерлер  «Отан қорғаушылар» монументіне таң сәріден жиыла бастады. Қолына қалампыр гүлін алып, мәңгілік алау маңына келгендер көп болмады. Себебі қатарлары әбден сиреп қалған.

Қазақстан - жеңіс күнін жақындатуға ауқымды үлес қосқан елдердің бірі. Ұлы дала жерінен майданға аттанғандардың көбі сол жолда жанын пида да етті. Ресми деректер бойынша 1 миллион 300 мыңнан астам қазақстандық сұм соғысқа қатысты. Қазір солардың тек 1400-нің көзі тірі.

Айдархан Бәйкенов, соғыс ардагері:

- Панфиловский дивизияда болдым. Бауыржан Момышұлының қарамағында болдым. Сапер, минер, разведчиктерді сопровождать еттім. Передовойдан, тылға немістің разминировать етіп, сонымен 45 жылға дейін 3 рет жараландым. Орден славыды Бауыржанның қолынан алдым.

Жаһан Сейсебаев, соғыс ардагері:

- 6 жарым жыл жүріп келдім мен. Біріншісі, Германияны бітіргеннен кейін одан тірі келдім мен. Одан кейін Северный Кореяда АҚШ-пен соғыстым. 47 жыл октябрь айында Владивостокка өткізді.

Отан қорғаушылар алаңы - өткенге деген құрметтің жарқын үлгісі іспеттес. Символикалық мәні зор ескерткіште соғысқа аттанған жары мен ұл-қызын тағатсыздана күтіп тұрған ана бейнеленген. Жеңістің әрбір көктемінде осында келіп, тағзым ету үлкенге де, кішіге де бірдей парыз.

Құрмет қарауылы сап түзеген шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Ескерткішке даңқ гүлін қойып, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті. Осыдан соң бір минут үнсіздік жарияланды.

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс және тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады. Емен жарқын әңгіме де, баталы сөз де айтылды.

Президент пен жүздеген соғыс ардагерінің тілеуі бір - ол келешек ұрпақтың амандығы. Сол зұлматты жылдар енді мүлде қайталанбаса деген ортақ ниет бар ойларында. Сондықтан бүгінгі қоғам ардагерлердің әрбір сөзінен сабақ алса игі.

Надежда Федерова, соғыс ардагері:

- Көргенімізді еске түсірудің өзі қиын. Майдан даласында жараланған қаншама сарбаз болды. Бірі аяғынан, енді бірі қолынан айырылып, кейбірі тіпті сол соғыс даласында қалып кетті.

Бақтыбай Алмабеков, соғыс ардагері:

- Соғыстың керегі жоқ. Ал енді Қазақстанның кең даласында, егемен Қазақстан өркендей берсін, өсе берсін!

Михаил Кочетков, соғыс ардагері:

- Жастардың өмірі қазір бақытқа толы. Керектінің бәрі бар. Олар енді тек білім алып, бір-біріне көмек беріп, ортақ Отанымызды дамытуы қажет. Біз осы үшін жанымызды аямай соғыстық.

Алаңға жиылғандар арасында еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін болды. Үлкендер жағы немерелеріне Жеңістің мән-маңызын түсіндіріп, батыр рухты бабалардың ерліктерін үлгі етті.

БЛИЦ:

- Ол командир роты болды. Бірнеше наградасы бар. Соғыстан кейін мұғалім болды.

- Бұл кісілерге ерекше алғыс айту керек. Қазақстаннан көп адам қаза болды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты шарада әдеттегі дәстүр осылайша жалғасын тапты. Бүгінгідей бейбіт күннің атуына сүбелі үлес қосқандардың әрқайсысына тағзым жасалды. Демек, ел қорғаған ерлердің рухы асқақтай бермек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы