378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен БҚО-ға барады

  • 110
  • UPD: 15:37, 13.05.2019

Президент жергілікті жұртшылықпен кездесіп, бірнеше әлеуметтік нысандарды араламақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына жергілікті уақытпен 15:30-да келеді деп күтіліп отыр. Бұл ретте батыс өңірдің Нұр-Сұлтан қаласымен уақыт айырмашылығын ескерген жөн. Яғни Президенттің жұмыс сапары елорда уақытымен 16:30-да басталады. Әуелі Президент Жастар және оқушылар сарайында жергілікті жұртшылықпен кездеспек. Қазір бұл жерге Президентпен жүздесуге облыс белсенділері, іскерлік топ өкілдері мен жастары жиналып жатыр. Сондай-ақ бүгін жұмыс сапары барысында Президент бірнеше әлеуметтік нысанға барады деп жоспарланған. Соның бірі – осы жылдың басында Орал қаласында ашылған медициналық орталық. Облыс жұртшылығы мұндай орталыққа көптен зәру екендіктерін айтады. Ол жерде көз бен тіс аурулары соңғы үлгідегі технологиялармен емделеді. Мысалы, бұрын жайық жұрты көз ауруларын емдеу үшін Ресейге, Алматы мен елордаға барса, енді күрделі операциялар осы орталықта жасалынады. Сондай-ақ бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Орал трансформатор зауытында» қарапайым заттар экономикасын құрайтын бірнеше жобалар таныстырылады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылмақ. Өңір басшылығы халыққа жақын болу үшін түрлі мессенджерлерді пайдаланып жатыр екен. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевтің сөзіне құлақ түрсек.

Ғали Есқалиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Екі халықпен байланыстыратын бізде мессенджерлер бар. Біреуі – «Смарт Орал», бұл жерде 33 қызмет көрсетудеміз. Екіншісі – кері байланысты қамтамасыз ететін телеграмм бот каналдар. Бұл жерде iKomek, жеке өтінішерді және коррупцияны көрсетуге болады. Жыл басынан бері электронды аукцион арқылы 15 жер телімі сатылды. Бұл коррупциялық тәуекелді азайтады және біздің халыққа, бизнеске, мемлекеттік органдарға жұмыс істеуге көмектеседі.  

Сондай-ақ бүгін Президент Орал қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжіне барады деп жоспарланып отыр. Онда президентке IT орталықтың жұмысы таныстырылады. ІТ-орталық Nur Otan партиясының мұрындық болуымен ашылған. Ол жерде озық технологияға қызығушылық танытқан кез келген азамат оқытылып шығарылады. Президенттің сапары жайында алдағы шығарылымдарда толығырақ айтатын боламыз.

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Хабар 24 телеарнасы