378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» телеарнасы «Евровидение-2019» ән байқауын тікелей эфирде көрсетеді

  • 212
  • UPD: 15:45, 14.05.2019
«Хабар» телеарнасы «Евровидение-2019» ән байқауын тікелей эфирде көрсетеді ridus.ru

«Хабар» телеарнасы Израильдің Тель-Авив қаласында өтетін «Евровидение - 2019» ән байқауын тікелей эфирде көрсетеді.

Көрермендер мамырдың 14-інен 15-іне қараған түні және 16-ынан 17-іне қараған түні сағат 01:00-де жартылай финал, ал мамырдың 18-інен 19-ына қараған түні сағат 01:00-де - Гранд-финалды тамашалайды.

Осымен 64 рет ұйымдастырылып отырған шараға 41 мемлекет қатысады. Байқаудың шарты бойынша әр елден бір орындаушы немесе топ (6 адамнан аспауы қажет) ұзақтығы 3 минуттан аспайтын ән орындайды.

Айта кеткен жөн, 2000 жылдан бастап 5 мемлекеттің (Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания) және сайыс өтетін елдің (осы жылы Израиль) қатысушылары автоматты түрде гранд-финалға өтеді.

Израиль бұған дейін екі рет (1979 және 1999 жылдары) Евровидение байқауын өткізген болатын.

«Хабар» телеарнасында көрсетілетін дүбірлі доданың комментаторлары - белгілі қазақстандық жүргізушілер Қалдыбек Жайсаңбай мен Махаббат Есен. Қалбыдек Жайсаңбай Евровидение байқауына 10 жылдан аса тұрақты түрде комментатор болып келеді. Сондықтан қазір тікелей эфирде қобалжу сезімі жоқ, әбден төселіп кеттім, бастысы дайындық барысында қатысушылар туралы ақпаратқа қанық болу дейді.

«Менің ойымша, осы жылғы ерекшелік Израильдің 9 санымен байланысты болуы. Израиль ең алғаш Евровидение байқауын 1979 жылы өткізген, кейін 1999 жылы, енді міне, үшінші рет 2019 жылы өткізгелі жатыр. Ол да бір өзіндік ерекшелік шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар бұл жобаның өзі ерекше ғой, қатысушылардың бойында өзгешелік болмаса жеңімпаз атануы қиын. Мысалы, былтыр жеңімпаз атанған Нетта Барзилайдың бойындағы қуаты, өзін сахнада ұстауы, тіпті дене мүсінінің стандартқа сәйкес балмауы, оны ерекшелендіріп тұрды», - деп ойын жалғастырды Қалдыбек Жайсаңбай.

Тель-Авивтегі кешті израильдық топ-модель және тележүргізуші Бар Рафаэли, журналист, режиссер, телерадио жүргізуші Эрез Таль, тележүргізуші және сценарист Асси Азар және тележүргізуші Люси Аюб жүргізеді.

Байқау алғаш рет 1956 жылы өтті, оған 7 ел қатысып, әр өнерпаз екі әннен орындаған. Бүгінгі таңда жалпы алғанда 1500-ден астам ән шырқалды. Жеңіс саны бойынша Ирландия (7 жеңіс) бірінші орынды, Швеция (6 жеңіс) екінші орынды, Люксембург, Франция және Ұлыбритания (әрқайсысы 5 жеңістен) үшінші орынды иеленіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы