378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ-ке әлемнің 100-ге жуық елінен 5 мыңнан астам қонақ келеді

  • 245
  • UPD: 09:50, 15.05.2019

«Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар және экономикалар». Астана экономикалық форумының бұл жолғы тақырыбы осындай.

Шараға әлемнің 100-ге жуық елінен 5 мыңнан астам мейман келеді деп күтілуде. Жоспарланған 50 іс-шараны өткізу үшін бүгінде отырыс алаңдарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Халықаралық форумның негізгі бөлігі бас шаһардағы ЕХРО Конгресс орталығында өтеді. Әзірлік жұмыстарына 300-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта сахна мен залдар 90 процентке дайын. Қажетті құрылғылар толық орнатылғанымен, соңғы тексеріс жұмыстары пысықталып жатыр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Ертең басталатын Астана экономикалық форумының биылғы форматы сәл өзгешелеу дейді ұйымдастырушылар. Шараға бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ге тарта БАҚ өкілі тіркелді. Осы сандарға қарап-ақ, форумның қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Қызығы сол қонақтар бір мезетте баспасөз орталығында 7 бірдей сессияны тамашалауға мүмкіндік алып отыр.

Форумға келгендер әр отырысты 4 тілде тыңдай алады. Залдарға әлемдік қалалардың атауы берілген. Мұны көрген шетелдік меймандар өздерін еркін сезінеді, дейді ұйымдастырушылар. Жалпы зал саны «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен қонақүй алаңдарын қосқанда 10-нан асады.

Ерлан Әлиев, АЭФ-2019 бас мердігер компания өкілі:

– Бұл қайткен күнде де халықаралық форум саналады. Сондықтан әлемнің әр бұрышынан келетін қонақтардың саны көп болары хақ. Олардың ішінде, Қытай мен Еуропадан және Америкадан да меймандар бар. Қатысушылар ірі шаһарлардың атауын көріп, форумнан жағымды әсер алады деп ойлаймыз.

Жиында, әдеттегідей, әлемдік экономиканың ең өзекті мәселелері талқыға түседі. Қазақстан форумда сөз алатын сарапшылардың салмақты пікірлеріне сүйене отырып, өзіне керек жолдарды іздейтіні анық. Жалпы форумға 285 ерікті атсалысады. Және олардың жұмысы тек конференция алаңымен шектелмейді.

Гүлжан Таубалдина, мердігер компанияның бас директоры:

– Еріктілер қонақтарды қарсы алып және кейін шығарып салу үшін әуежайда да қызмет етеді. Құрметті меймандарды қонақүйлерге, ізінше, шара өтетін орынға қауіпсіз жеткізу мақсатында ұдайы түрде көліктер қатынайды.

Тағы бір ерекшелікті айтайық, бұл жолы студенттерге арнайы сұхбат алаңдары ұйымдастырылады. Ал тілшілер үшін мобильді студиялар жұмыс істейді.

Бақытжан Досымбеков, «Хабар 24» телеарнасының режиссері:

– Бізде мобильді студия орнатылуда. Осы мобильді студиядан біз әлемдік спикерлерден тікелей эфирде сұхбат аламыз. Брифингтер тікелей эфирде болады. Және журналистер тікелей эфирде шығады. Бізде толығымен АЭФ тікелей эфирде өтуде.

Қазір бас сарапшылар жайғасатын сахна үстіне жарық қойылып, безендіру жұмыстары жүріп жатыр. «Дизайнның қалай болмағы әзірге құпия қалсын», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы