378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Грузия Премьер-министрі Мамука Бахтадземен кездесті

  • 104
  • UPD: 19:48, 15.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге арнайы сапармен келген Грузия Премьер-министрі Мамука Бахтадземен кездесті.

Ақордада өткен алқалы жиында қос ел қарым-қатынасын дамыту мәселелері талқыланды. Президент екі жақты байланыстың дамуын тежеп тұрған кедергілерді атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Грузия халқын келе жатқан тәуелсіздік мерекелеріңізбен құттықтап, өсіп өркендеу тілеймін. Елдеріміз арасындағы байланыс қалыпты деңгейде дамып келеді. Сол қарым-қатынастың қалыптасуына тікелей атсалысқан едім. Тұңғыш Президентіміздің Грузияға жасаған сапарлары да есімде. Қазақстан сіздің еліңізде маңызды инвестор екеніне қуаныштымыз. Дегенмен, үкіметаралық комиссия отырыстары кезінде шешілуі тиіс бірқатар мәселе бар. Астана экономикалық форумына келсек, өзіңіз осы шараның құрметті қонағысыз. Оған әлемдегі белді саясаткерлер мен қаржы саласының білікті мамандары қатысады.

Сонымен қатар жиында Қазақстанның Грузиядағы маңызды инвестор екені атап өтілді. Іскерлік байланыс қарқынды дамып келеді. Еліміз астық экспортын арттыруға ниетті. Сондай-ақ тарифтік саясатты жаңа деңгейге көтеру де жоспарда бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономикалық әріптестікке жаңа серпін беру үшін ведомствоаралық комиссиялар тауар тасымалын арттыруы қажет. Темір жол саласындағы тариф төңірегінде мәселелер бар екен. Осы ретте біздің ұсыныстарымызға жіті көңіл бөлуіңізді сұраймын. Өйткені Грузияда екі бірдей негізгі активіміз бар. Қордаланған мәселелердің салдарынан мұнай терминалымыз бен теңіз портымыз толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Ал ауыл шаруашылығына келсек сіздерге астық экспорттайтын негізгі елміз. Осы серіктестік алдағы уақытта да сақтала беруі керек деп ойлаймын.

Мамука Бахтадзе, Грузия Премьер-министрі:

- Арадағы сауда айналымы аз екенін дұрыс атап өттіңіз. Одан бөлек тариф саясатын жаңа деңгейге көтеру орынды ұсыныс дегім келеді. Грузиядағы активтеріңіз де біз үшін өте маңызды. Білім саласындағы әріптестігіміз қуантады. Байланысты жаңа деңгейге көтере бермекпіз.

Хабар 24 телеарнасы