383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев үкіметке волонтерлер қозғалысын барынша қолдауды тапсырды

  • 330
  • UPD: 22:30, 21.05.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, Қазақстан мен Ресей жастарының еріктілер форумына қатысты. Екі елдің өкілдері бас қосқан жиында Президент екі ұсыныс айтты.

Соның бірі «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығын тағайындау. Екіншісі, Қазақстан-Ресей волонтерлік ұйымдарының кеңесін құру. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары жастардың тарапынан қызу қолдау тапты. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдың бірқатар өндірістік орынын да аралады.

Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Демек, бұл өзгенің өмірін жақсарту, қол ұшын созу және оның қайтарымын күтпеу. Волонтерлік қызмет – өркениетті адамның өр қасиеті. Осымен екінші күн Қостанайға Қазақстан мен Ресейдің ерікті жастары жиналып, қайырымды қоғам құру жайын талқылап жатыр. Солардың бірі Челябинск облысынан келген Полина Цирковникова. Оның ойынша, ерікті болу туабітті қасиет.

Полина Цирковникова, форумға қатысушы (Ресей):

- Волонтер әр ісін жүрегінің қалауымен жасайды. Сондықтан оны іштен туа біткен қасиет деп айтар едім. Волонтер өзгеге қайтарымсыз көмек ұсынады және сол үшін ақы сұрамайды. Ерікті болу үлкен форумдарда адамдарды жайғастырып, отырғызу ғана емес, волонтерлік қоғамға мейірімділік дәнін себетін мерейлі міндет.

Форумның басты қонағы Қазақстанның Президенті. Өздеріне көрсетілген мұндай жоғары деңгейдегі көңіл олардың ерікті болу тілегін тіпті еселей түскендей. Президентті Жастар сарайында «Мен сенемін» қоғамдық қорының мүшелері қарсы алды. Қоғамдық қор «Қазақстан сулары» атты экочелленджге жоғары деңгейде қолдау білдіруді сұрай келе «Елімді сүйемін» деген жазуы бар ақ жейдені президентке сыйға тартты.

Гүлзира Мұқашева, «Мен сенемін» қоғамдық қорының төрайымы:

- Біздің қоғамдық қор Қазақстан сулары атты экочелленджді іске қосты. Кеше осы акцияның шеңберінде Қазақстан-Ресей жастары бастауын Ресейден алатын Тобыл өзенін қоқыстан тазартып, бірнеше тонна қалдықты жинап, өңдеуге жіберді. Бұл акцияға Қазақстанның барлық қалалары қосылса тіпті тамаша болар еді. Себебі елдегі 48 өзеннің тек екеуі ғана нормативті таза болып саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер ісін ерекше қолдайтынын үнемі айтып келеді, тіпті БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған тұста да бұл ізгі істі іске асыруға көңіл бөлгені бар. Сондықтан бұл кездейсоқ кездесу емес. Жастардың арасына жайғасқан президент алдында еріктілер емін-еркін сөз алды. Ал Мемлекет басшысы жастардың ұсыныстарын «ұмытып қалмайын» дегендей қағазға түртіп алып отырды. Еріктілердің бірі тілегін, бірі ұсынысын, енді бірі сенімін жеткізді. Мағжанның тілімен.

Дарья Чижова, ММУ Ақпараттық-сараптамалық орталығының атқарушы директоры:

- Мен жастарға сенемін!

Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды Еріктілер жылы деп жариялау бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бүгін Президент үкімет пен әкімдерге тағы бір тапсырма жүктеді, ол жастарды, еріктілер қозғалысын барынша қолдау. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір біз халықтың әл-ауқатын арттыру деген үлкен іске жұмылдық. Мемлекеттік органдар білім беру, кәсіби даярлық, жұмыспен қамту мәселесін күнделікті бақылауға алды. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы экономиканың негізгі секторында стартаптарды қолдауға мүмкіндік береді. «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламалары аясында білікті жас мамандарды қолдауды күшейтеміз. Осылайша елде ауқымды әлеуметтік мәселелер шешімін табады. Мен сіздерді осы іске атсалысуға шақырамын. Бұл біздің ортақ жұмысымыз. Өзіңді көрсетуге, Отаныңа көмектесуге үлкен мүмкіндік. Үкімет пен әкімдерге елдің барлық аймақтарында жастардың сындарлы бастамаларын қолдау міндетін қоямын.

Президент екі елдің еріктілері қатысқан жиында екі ұсынысын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жерге біздің еліміздің ғана емес, достас Ресейдің де ерікті жастары жиналды. Екі ел жастарының мұндай байланысы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық әріптестік, достық пен тату көршілікті нығайтудың маңызды шарты деп есептеймін. Біздің елдерімізді ортақ тарих пен ең ұзын шекара ғана емес, сондай-ақ ынтымақтастықтың зор әлеуеті де байланыстырып тұр. Өз кезегімде екі ұсыныс білдіргім келеді. Біріншіден, біздің волонтерлік қозғалыстарымыздың әріптестігін дамытуды ынталандыру үшін «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығын тағайындауды ұсынамын. Сыйлық екі елдің үздік волонтерлік жобалары үшін беріледі және креативті идеялар мен жобаларды жасайтындарға жақсы демеу болады. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін волонтерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылауды ұсынамын. Бұл бірлескен жобалардың әлеуетін күшейтеді. 

Президенттің Қостанайға жасаған алғашқы сапары форуммен аяқталған жоқ. Өңірдің өндірістік нысандарын аралады. Отандық көлік өндірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45% өсім көрсеткен. Бұл іске Қостанайдың қосып отырған үлесі қомақты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа Автопром» кәсіпорнына барды. Президентке бұл жерде төрт жаңа инвестициялық жоба таныстырылды. Құны қомақты 1 млрд АҚШ доллары. Бүгін-ертең бұл зуыттан бағасы қолжетімді тракторлар шыға бастайды.

Андрей Лаврентьев, автомобиль компаниясының өкілі:

- Қостанай облысы жеңіл автокөлік және ауылшаруашылығы техникасын құрастыру саласында көшбасшы аймаққа айналып келеді. Біз күні кеше «Лавол» маркалы тракторлар шығаратын цехты аштық. Сондай-ақ жақында Киров тракторларын өндіру бойынша келісімге қол қойдық. Бұл өте ауқымды жоба. Себебі қазақстандық диқаншылардың 80% осы маркалы тракторларды сатып алады. Сондықтан бұл өндірісті олар асыға күтіп отыр. Алдағы қазан айында бұл зауыт индустриалды аймақта іске қосылады деп отырмыз.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Көзіңізге елестетіп көріңіз, осыдан 9 жыл бұрын бұл жер кеңес одағынан қаңырап қалған дизельдік зауыт болатын. Ал қазір зауытта отандық көлік өндірісінің көрігі қызып жатыр. Өткен төрт айдың өзінде құны 38 млрд теңге болатын 5 мыңнан асам көлік құрастырылған. Жыл өткен сайын көліктің саны да, түрі де көбейіп келеді.

Президент бас сұққан тағы бір нысан Айкөмек орталығы. Осыдан бір апта бұрын ашылған орталық 1 мың 200-ден астам оңырау қабылдап үлгерген.

Марғұлан Ауқуатұлы, «ІКomek» орталығының директоры:

- Бұл орталығымыз Нұр-Сұлтан қаласының опыты бойынша жасалған. Бір ғана өзгешелігіміз бар, біз Қасым-Жомарт Кемеловичтің тапсырмасы бойынша барлық әлеуметтік желілерге мониторинг жасаймыз. Әлеуметтік желідегі барлық Қостанай облысына байланысты ақпаратты мониторлингілеп, оны өтініш ретінде тіркеп, халықпен кері байланысты жүзеге асырып отырмыз.

Қостанай ауыл шаруашылығы өркендеген өңір. Бүгін президент «Олжа Агро» кәсіпорнына да барды. Бұл зауыт тәулігіне 20 тонна сүт өндіріп, жергілікті жұртышылықты ірімшік, қаймақ, айран өнімдерімен түгел қамтып отыр.

Елена Шархиева, зауыт директорының орынбасары:

- Біз өз өнімімізді ғана ұқсатамыз. Ірімшіктің 12 түрін, айран, қаймақ, май өндіреміз. Сұраныс жоғары. Ферма тәулігіне 20 тонна сүт өндіреді, өңдейді. Күніне шамамен 600-700 келі ірімшік, 10-12 тонна сүт, 4-8 тонна айран дайындаймыз. Біздің зауыт шағын, әйтпесе сұраныс бар, өндірісті арттыруға болады. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсіпорынды кеңейтуді жоспарап отырмыз. Біз ұлтымыздың дені сау, мықты болғанын қалаймыз, сондықтан таза әрі құнарлы өнім әзірлеп шығарамыз.

Астықты өңір Қостанайдың даму қарқыны бәсең емес. Өткен төрт айдың өзінде 42,2 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өндірілген. Бірақ облыс алдында шешімін күткен мәселе бар. Ол дәрігер тапшылығы мен жұмыссыздық деңгейі. Дегенмен, президент Қостанайға жасаған алғашқы сапарында жастармен жүздесіп, елдің ертеңіне деген сенімін еселеп қайтқандай.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев, Асхат Азретханов

Хабар 24 телеарнасы