389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы еңбеккерлердің жалақысын өсіруді міндеттеді

  • 450
  • UPD: 15:40, 22.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарын аралау кезінде еңбеккерлердің жалақысын жыл сайын өсіруді міндеттеді.

Президент өңірге жұмыс сапарын Green capital Kazakhstan жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешенінен бастады. Мұнда жылына 3 мың тонна көгөніс өсіріледі. Кешенге арнайы аялдаған Мемлекет басшысы инвестициялық жобаның ел әлеуетін арттыруға ықпалы зор екенін атап өтті. Алдағы уақытта жылыжайда жұмыс орындарының саны 160-қа жеткізіледі. Президент бұдан әрі керамогранит пен керамикалық плитка шығаратын зауытқа барды. Нысан қаладағы индустриалды аймақта орналасқан. Жыл аяғына дейін толық іске қосылады. Жоба құны – 9,2 млрд теңге. Аймақта одан өзге 7 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Сол арқылы индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асу үстінде. Шағын және орта бизнестің дамуына да мұнда жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы ірі өндіріс нысандары, соның ішінде «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының және жел электр станциясының құрылысымен айналысатын ARM WIND жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы таныстырылды. Компания басшыларына Президент бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне жіті мән беруді жүктеді. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан металлургиясы көшбасшыларының бірі «Қазхром» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында болды. Өндіріс орнының технологиялық үдерісі мен өндірістік көрсеткіштерін бағамдады. Әрі «халық бақылауы» жобасымен танысты. Бастама аясында мүмкіндігі шектеулі жандар өндіріс орнында қауіпсіздік техникасының сақталуы мен еңбектің қорғалуын қамтамасыз етуге атсалысады.

Хабар 24 телеарнасы