383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты

  • 366
  • UPD: 23:15, 23.05.2019

Оқушыларды әскери салаға баулу үшін «Смарт-сарбаз» үйірмесін ашу қажет.

Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кейінгі буын әскери қызметке ынтық болуы керек», – деді. Одан бөлек, Үкіметке жауынгерлердің әлеуметтік мәселесін дереу шешуді тапсырды.

«Қарулы күштер қауқарлы қазір». Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы әуелгі сөзін осылай бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың бірте өрістеп жатқанын айтты. Бірақ кем-кетігі де бар. Президент солардың бір сыпырасына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басқару жүйесін дамыту керек. Жедел шешім қабылдап, тез әрекет етуді үйрену қажет. Салаға цифрлық технологияларды жаппай енгізіп, жаңа жүйемен жұмыс істеуге дағдылану керек. Өздігімен шешім қабылдай алатын жауынгерлердің буынын қалыптастыру да маңызды міндеттің бірі.

Әскери сала ұдайы түрленіп тұруы керек. Мемлекет басшысының жауаптыларға жүктеген екінші міндеті осы. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сап түзеген сарбаздар машықтарын жетілдіріп, жаңа жабдықтарды қолдана білуі керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы әскери әлеуетті арттыру керек. Қазақстан Қарулы күштері жаңа әскери техникалармен жабдықталуы тиіс. Сап түзеген сарбаздар оларды аз уақытта меңгеріп, ұдайы дамып отыруы қажет.

Жауынгерлер оқу-жаттығулар кезінде де тосын тапсырмаларды мүдірмей орындаулары қажет. Өйткені ұрыс кезінде қапыда болатын жайттар көп. Сондықтан әскери адам әмбебап болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жауынгерлердің тез шешім қабылдап, жедел әрекет етуін жақсарту қажет. Олар оқу-жаттығуларға қатысқан кезде қапыда болатын тапсырмаларды мүдірмей орындаулары керек. Әскери адам кез келген тапсырманы қалтқысыз атқаруға әркез дайын болуы қажет.

Әлемнің әр қиырында қырғи-қабақ соғыстар ара-тұра болып тұрады. Мемлекет басшысы мұны жоққа шығаруға болмайтындығын айтты. Сондықтан «Қазақстан Қарулы күштері кез келген жағдайға дайын болуы қажет», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әскери саланы оңтайландыру керек. Бұл қызметтегі кем-кетікті анықтап, шетелдік тәжірибені меңгеру қажет. Алыс-жақын елдерде ара-тұра қақтығыстар болып тұрады. Сондықтан біздің жауынгерлер барлығына дайын болуы керек.

Әскери салаға ынтық жастардың санын көбейту де Президент жүктеген міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев физика-математика бағытын тереңдетіп оқытатын мектептерде «Смарт-сарбаз» үйірмесін ашуды ұсынды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:     

- Әскери оқу орындарында тәлім алған түлектер күштік құрылымдарды басқару қабілетіне ие болуы қажет. Елімізде жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатын мектептерде «Смарт-сарбаз» үйірмесін ашуды ұсынамын.

Қазақ сарбаздары бітімгершілік миссияларына жиі қатысып тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл үрдісті үзбей жалғастыру керек», – деді. Одан бөлек, әскери салаға бөлініп жатқан қомақты қаражатты ұқыппен жұмсауды тапсырды. Президент: «Ел қазынасынан бөлінген қаржының игерілуі – қатаң бақыланады», – деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаржы дағдарысына қарамастан ел қазынасынан қорғаныс саласында қомақты қаражат бөлініп жатыр. Әскери бюджет халықтың ақшасы екенін ұмытпау керек. Сондықтан ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Қорғаныс министрлігі мемлекеттік сатып алу кезінде және жаңа қару-жарақтарды алатын кезде бюджет қаржысын ұқыпты жұмсауы керек. Бақылау қатаң болады.

Әскери тәртіпті күшейту де бұл салаға жауаптылардың қаперінде болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: «елдің қорғанысы мығым болуы үшін сарбаздарың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы керек», – деді. Сондықтан Үкіметке іргесі шатқаяқтаған үйлерде тұрып жатқан жауынгерлердің мәселесін дереу шешуді тапсырды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі назардан тыс қалмайды. Мемлекет оларды баспанамен қамту, отбасы мүшелеріне қаржылай көмек көрсету үрдісін жалғастыра береді. Дегенмен горнизондағы үйлердің кейбірі адам тұрғысыз күйде. Оларды жаңарту мәселесін қаперге алу керек. Бұл жайтқа көз жұма қарауға болмайды.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери салада атқарылып жатқан біршама жобалармен де танысты. Мемлекет басшысы тізіп берген түйткілдер шешімін табар болса, бұл саланың өркен жаяры сөзсіз.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Айбар Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы