382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Ұлттық ұлан сарбаздарының баспана несиесін өтеуге көмек беріледі

  • 230
  • UPD: 20:26, 24.05.2019

Мемлекет Ұлттық ұлан сарбаздарының несиесін өтеуге көмектеседі. Жауынгерлермен өткен кездесуде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

Президент сарбаздардың тұрмыстық жағдайын тіктеуге жіті мән беріліп отырғанын айтты.

Бұдан бөлек Ұлттық ұланның әлеуетін арттыру үшін Алматы қаласында арнайы құрылым жасақталатын болды. 

Ұлттық ұлан – ел қорғаны. Бұл жұртқа жатталып қалған жадағай сөз емес. Шынтуайтында солай. Қоғамдағы тәртіпті де солар күзетеді, қапыда апат бола қалса араша түсуге бірінші болып солар ұмтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ұланға мол сенім артылған деді. Сондықтан сол сенімге селкеу түсірмеу үшін құрылым жұмысын одан әрі күшейткен дұрыс.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Арнайы жасақтың қызметін жетілдіру үшін алдымен материалдық базаны жақсарту қажет. Бұл құрылымда қызмет ететін сарбаздар қажет жарақтармен жабдықталуы керек. Одан бөлек Ұлттық ұлан сарбаздары төтенше оқиға тіркелген орынға жедел жетулері тиіс. Ол үшін арнайы техникамен қамтылуы қажет. Үкімет пен Ішкі істер министрлігіне осы мәселені дереу шешуді тапсырамын. 

Ұлттық ұланды ел қалқаны десек, сол қалқаннан саңылау табылмау керек. Осы күні мемлекет тарапынан жауынгерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беріліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ұлан сарбаздарының несиесін өтеуге ел үкіметі көмектесуі керек деді. Бұл мәселе  мейлінше аз уақытта шешімін табуы тиіс.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық ұлан сарбаздары ел ішіндегі тәртіпті қамтамасыз етіп отырған бірден бір құрылым. Сондықтан қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде жеке құрамдағы сарбаздарды арнайы іріктеуден өткізуді тапсырамын. Одан бөлек Алматы қаласында бөлек бригада құрылсын. Аталған құрылым ішкі тәртіпті сақтауға өзіндік үлесін қосатын болады.       

Арнайы жасақтың жанданып, жаңаруы да кезек күттірмесе керек. Ұлттық ұланның әлеуетін еселеу үшін Алматы қаласында арнайы құрылым жасақталатын болды. Мемлекет басшысы осыны пәрмен етті. Ол орын сарбаздардың шарболаттай шыңдалып, тастүлектей түлеуіне мүмкіндік бермек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Баспаналы болған ұлттық ұлан сарбаздарының несиесін өтеуге Үкімет көмектесуі керек. Қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұл мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес екені белгілі.  Бірақ осы проблеманы мейлінше аз уақытта жоюды тапсырамын.     

Қазір Ұлттық ұлан сапында 30 мыңнан аса сарбаз бар. Олар еліміздегі 11 стратегиялық және 3 бірдей маңызды мемлекеттік нысанды күзетеді. Ел тыныштығын сақтауға күніне 5 мыңннан аса жауынгер жұмылады. Олар басқа күштік құрылымдармен де иін тірестіре алады.

Руслан Жақсылықов, ҚР Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысы:

- Ұлттық ұлан сарбаздары еліміздегі 44 түзету мекемесіндегі тәртіпті күзетеді. Жасақ құрылғалы қоғамдық тәртіпті бұзған 50 мыңнан аса күдіктіні матап үлгерді. Олардың 3 мыңға жуығы ауыр қылмыс жасағандар. 

Жиын соңында Мемлекет басшысы берілген тапсырмалардың уақытылы орындалуын жіті қадағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ арнайы жасақтың қарымы әлі де күшейетіне сенім білдірді. 

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы