389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Еуразиялық экономикалық одақ бұдан да алпауыт құрылымға айнала алады

  • 876
  • UPD: 23:26, 29.05.2019

Еуразиялық экономикалық одақ елдері импорттық тауарды азайтып, өз өнімдерін ғана тұтынуы қажет.

Оған мүмкіндік мол. Сосын одақтас елдер бірігіп авиациялық компания құрса игі.

Бұл – бүгін Тұңғыш Президент – Елбасының Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитінде көтерген бастамалары, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Дәл осы жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңестің құрметті төрағасы деген атақ берілді.

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы. Одаққа мүше елдер көшбасшыларының басқосуы. Яғни бұл – барлық бес тарап күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын алаң. Алқалы жиынның Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тегін емес. Себебі, Еуразиялық интеграциялық идеяның негізін қазақ көшбасшысы қалады.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына тек одаққа мүше елдер ғана емес, интеграциялық ұйыммен тиімді әріптестік орнатқан өзге мемлекеттердің де басшылары келді. Ұзын саны 6 президент пен 1 премьер Тәуелсіздік сарайында бас қосты. Саммит алаңында мәртебелі меймандарды Мемлекет басшысы қарсы алды. Армения, Қырғызстан, Ресей, Беларусь президенттеріне көрсетілген құрмет бөлек. Себебі, бұлардың қай-қайсысы да қазақ елімен сенімді серіктес.

Бүгіннен бастап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы. Бұл атақты Елбасыға беру жөніндегі бастама Ресей Президенті Владимир Путин тарапынан көтеріліп, бірауыздан қолдау тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасының саяси көрегендігінің арқасында еуразиялық интеграция идеясы шынайы жүзеге асырылып, құрлықтың экономикалық, сонымен қатар геосаяси ландшафтын түрлендірді десек те болады. Сондықтан оның Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуындағы рөлін ескере келе Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Әбішұлына Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесінің Құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды. Бұл бастамаға ұйытқы болған және қолдаған одаққа мүше мемлекеттің барлық басшыларына алғыс білдіремін.

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағалық міндеті биыл Арменияға жүктелген. Сондықтан жыл аяғында Ереванда кең ауқымды тағы бір саммит өтуі тиіс.

Ал бұл жолғы жиын – мерейтойлық. Себебі, еуразиялық интеграция жөніндегі идеяның, яғни Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бастаманың жарияланғанына 25 жыл. Сондай-ақ осыдан тура 5 жыл бұрын елордада Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісім орнады. Содан бері қыруар шаруа атқарылды. Вьетнаммен еркін сауда-саттық жасасу жөніндегі шарт жасалса, кезекте Сингапур, Мысыр, Сербия және Иран сынды елдер тұр.

Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-министрі:

- Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық ету мен үшін үлкен мәртебе. Биыл Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес екі мерейтойды атап өтеді. Бұл – өте маңызды оқиға. Еуразиялық экономикалық одақ біздің елдердегі бизнес пен экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың халықтық серіктестері арасындағы шеңбер де бірте-бірте кеңейіп келеді.

Дүниеде дүрдараздық артқан сайын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру халықаралық қауымдастықтың басты ұранына айналуы тиіс. Еуразиялық бестік – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения ұстанған негізгі бағыт осы. Ал Молдова мен Тәжікстан – одақпен мүдделес елдер.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Я особо благодарен за звание почётного председателя Высшего евразийского экономического совета. Я вас поздравляю с первым нашим малым юбилеем. Мы создали ЕАЭС на огромной территории, объединили возможности пяти стран. Мы занимаем первое место по добыче нефти, ведущие позиции по углю и во многих других сферах, в том числе по сельскому хозяйству.

Еуразиялық экономикалық одақ бұдан да алпауыт құрылымға айнала алады. Оған мүмкіншілігі толық жеткілікті. Елбасы бүгін осылай деді. Оның үстіне одақты әлемнің 40-тан астам мемлекеті мойындап отыр. Мойындап қана қоймай, тиімді әріптестік орнатуға мүдделік танытып та келеді. Сондықтан кеңестің құрметті төрағасы төрт бірдей бастама көтерді. Мәселен, одақ елдері бірігіп ұшақ шығару ісін ойластыруы қажет. «Ол – өз кезегінде әлемдік нарықтарды игерудің тиімді жолы», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 

- Нужны проекты, объединяющие все страны-участницы, как, например, концерн Airbus в Европейском союзе. Надо признать, что в нашем объединении важное место занимает Россия – как производством, так и техническим потенциалом. Но те же самолеты Airbus производятся во многих странах Европы. Запасные части там и тут – все страны привлечены, все зарабатывают, все предоставляют рабочие места. Почему нам не подумать о таком проекте в наших странах? Нам не хватает собственных внутренних региональных самолетов, которые летают на короткое расстояние. Мы можем их производить. Нам не хватает авиации для сельского хозяйства, которую мы можем производить.

Елбасының бұлай деуіне бірнеше мысал бар. Біріншісі – Еуропалық одақ құрған ортақ авиациялық компания. Тағы бірі Оңтүстік Азияда бар. Демек тәжірибе жаһандық, соған сай біз де қамдана білуіміз қажет. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі сауда соғысы өршіп тұрған заманда жаңа стратегиялық жоспар әзірлеудің өзектілігін де атап өтті. Сол арқылы Қытай нарығына кең жол ашып, еркін тауар тасымалдау көзделіп отыр. Дегенмен бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 

- Нам нужно наладить полноценное экономическое сотрудничество между Евразийским экономическим союзом, Европейским союзом, Шанхайской Организацией Сотрудничества и АСЕАН. Смысл евразийского экономического пространства не в том, чтобы закрыться, а чтобы сделать его более открытым в глобальном взаимодействии.

Ресей Президенті көтерген бастамалар да Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларымен үндес. «Мәселен, ол одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары осы экономикалық бірлестік аясында жұмыс істейтін болса, еңбек өтілі зейнетке шығар алдында толық есепке алынуы қажет», – деді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Қазір Еуразия кеңесі одаққа мүше мемлекеттерде қызмет атқарған адамдардың зейнет жасына жеткенде жұмыс өтілігін есепке алуға қатысты маңызды құжатты әзірлеп жатыр. Бұл қарапайым қызметкерлер үшін өте маңызды. Бізге адамдардың қай елде жұмыс істегені маңызды болмайды. Оларға тиісті зейнетақы түптің-түбінде төленетін болады.

Ал Беларусь көшбасшысы одақтың ішкі мәселелерін шешу қажеттігін де еске салды. Себебі, келісімдердің кейде толыққанды орындалмай жататыны бар.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

- Келісімдер қатаң түрде сақталуы керек. Еркін тауар айналымына кедергі болмаса игі. Осы мақсатта Еуразиялық комиссияның құзыретін кеңейтуді ұсынамын. Кадрлық мәселелерден бөлек стратегиялық бағыттарды айқындау міндеті алдағы уақытта күн тәртібіне енгені дұрыс деп ойлаймын.

Одақ аумағында кеден бекеттерінде кедергі болмауы тиіс. Тауар айналымы сонда ғана артады. Бұл бұған дейін қырғыз тарапын жиі алаңдатқан мәселе.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Кедендік төлемдерге қатысты мәселелер туындап жатыр. Қазақстанмен бұл проблеманы әлдеқашан шешіп алдық. Енді өзге елдер осыған үн қосса дейміз.

Одақ ішіндегі сауда-саттық кедергілері инвесторлардың да қызығушылығын төмендетіп жіберуі мүмкін. Бұл кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселе екенін Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кедендік бекеттердегі жүйелерді тез арада заманауи қалыпқа келтіру оңай емес. Дегенмен органдарымыз бірыңғай методология мен тәжірибелерді қолдануы қажет. Импортталатын тауарлар түгелдей дерлік есепке алынып, кедендік бағасын анықтау ісі біркелкі жүргізілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, одақ елдері экономикалық тиімділіктің игілігін көруі қажет. «Себебі, өзара ықпалдастықтың нәтижесін ең алдымен халық сезінсе», – дейді Президент. Сондай-ақ жиында осыдан 1 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Еуразия» жүрдек теміржол желісін қалыптастыру бастамасы талқыға салынды. Қазақстан тарапы бұл іс интеграцияның нағыз символына айналуы мүмкін екенін алға тартты. Ал саммитке қатысушы Молдова мен Тәжікстан президенттері өз елдерінің одақпен әріптестігі одан әрі арта түседі деп сендірді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Дастан Сейілханұлы Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы