378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

  • 688
  • UPD: 14:56, 31.05.2019
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні pr-hal.kz

Тәуелсіздік жылдары елімізде өткен ғасырдың орта шенінде қуғын-сүргінге ұшыраған 340 мыңнан аса азамат ақталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Деректерге сүйенсек, бір ғана Қазақстанда 103 мың адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Сол тұста қазақ зиялыларының беткеұстар өкілдері, республика басшылығының барлығы дерлік құрбан болды.

Қарға тамырлы қазақтың қасіретін қара қарғалар сипаттап тұрғандай. Ал АЛЖИР-дің ауласы заманауи бедерленген, бірақ аурасы кешегі сұрапыл заманды еске салады. Жазықсыз құрбан болғандардың ұрпағы ата-әжелерінің тағдырын енді ғана түсіне бастады. Бұл үшін олар айыпты емес. Себебі, тұтқында болғандар лагерьдегі өмірі жайлы жақ ашпаған. «Отанын сатқандар» деген ауыр кінәнің ұрпағына зардабы тимесе екен дегені ғой.

Вера Грюнберг-Иваникова сонау Мәскеуден келіпті. Әжесі Валентина Грюнберг өмірінің 8 жылын осы АЛЖИР қабырғасында өткізді. Атасы Юрий 1938 жылы жазықсыз атылған, алайда отбасына оның 1946 жылы өкпе дертінен қайтыс болғаны хабарланған. Қазір Вера тағдыры ауыр туыстарының тарихын білуге ден қойды. Оның айтуынша, архивте атасы жайлы дерек жетерлік. Ал әжесінің қасірет табы жүзінен-ақ көрінетін.

Вера Грюмберг-Иваникова:

- Менде әжемнің 30 жасындағы суреті бар. Жап-жас, әп-әдемі. Ол сол тұста атаммен бірге Жапонияда тұрған еді. АЛЖИР-ден келгенде ұсқыны осылай болып кеткен. Жас келіншек қайғы-қасірет, ауыр еңбек әрі бала-шағасын ойлап осындай күйге түскен. Мына кітапты әжемнің туған сіңлісі Капиталинаның ұлы жазды. Жасы 40-қа да жетпеген оны АЛЖИР-дегі ауыр ғұмыры қалай қартайтқанын қараңыз.

1928 жылы Алаш қозғалысының белсенділері тұтқындала бастады. Оларға тағылған айып: «ұлтшылдық». Қазақ тарихындағы көрнекті тұлға Мұстафа Шоқайдың қарындасы Пейшенкүл әже ағасының «Халық жауы» емес, ұлтының сөзін сөйлеген жанашыры болғанына мақтанады.

Пейшенкүл Тоқмағамбетова: 

- Ол кісінің туып-өскен жері, Наршоқы деген жерде біз совхозда жұмыс істеп, шеңгел шауып, жыңғыл шауып, егістік жерлерді ашып, қой бағып, шопандарға жәрдем беруге барамыз. Сонда ата-бабамыз, Мұстафа Шоқайдың кіндігі тамған жерде аунап-қунап, есімізге алайық десек қорқамыз, қорықсақ та ата-бабамыздың жері деп қазір мақтанып айта аламыз.

АЛЖИР лагерінде 20 мыңдай әйел қайғы-қасірет шекті. Оның 8 мыңы межелі мерзімін өтеп шыққан. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин сынды алаш ардақтыларының жарлары осында азап көрді.

Перизат Сәдуақас:

- Менің атам секілді қаншама Алаш ардақтылары өмірден кетті. Олардың өмірі үлгі болуы керек деп санаймын. Асылдың сынығы болу мен үшін үлкен жауапкершілік.

АЛЖИР мемориалды-мұражай кешені кешегі саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының қасіретті өмірі жайлы сыр шертеді. Мұнда жазықсыз қудаланып, жар төсегін тар қапас, сызға айырбастаған талай жанның көз жасы қалды. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы