389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Ақордада дарынды балалармен кездесті

  • 696
  • UPD: 20:07, 01.06.2019

Бақытты балалық шақтың естен кетпес естелігі.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр өңірінен келген дарынды өрендермен кездесіп, мерекемен құттықтады. Атаулы күнге орай Президент резиденциясында арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Еліміздің әр аймақтарынан келген 40 оқушы бүгін Ақорданы алаңсыз аралады. Анығында, бұлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың бүгінгі басты қонақтары. Сөйтіп әдетте өзге мемлекеттердің басшылары мен ресми делегацияларын қабылдайтын Президент сарайы балалардың шат күлкісіне толды.

Бұл – алматылық Архат есімді оқушы. Көп балалы отбасынан шыққан. Бұған дейін елордаға бірнеше рет келгенімен, Ақорданың табалдырығын өзге де қатарластары секілді алғаш рет аттап отыр. 

Архат Берік, оқушы /Алматы қаласы/:

- Біз жас ұрпақ болғаннан кейін, осы елді қорғап, елімізге қосатын үлестерімізді қосып, барлығын жасауға тырысуымыз керек.

Бүгінгі өрен – ертеңгі ел келешегі. Ақорданы армансыз аралаған балғындар еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған кітаптар, қабылдаған шешімдері және мәртебелі меймандармен жасаған келісімдері жайлы мол мағлұмат алды. Тіпті келіссөз жүргізілетін үстелдерге де отырып көрді. Демек бұл – қиялдарына қанат бітіп, бір армандары орындалған сәт. Алда оларды бұдан да биік белестер күтіп тұр. Араларынан болашақта ел басқаратын тұлғалардың шығуы да бек мүмкін.

Айша Бүйтек, оқушы /Алматы қаласы/:

- Маған салтанатты бөлме мен шығыс бөлмесі ұнады. Олар өз заманына, әдет-ғұрпына сай жасалған.

Мейірбек Бердіғали, оқушы /Ақтөбе облысы/:

- Биыл 6-сыныпты үздік аяқтадым. Мен Ақордаға, Нұр-Сұлтанға келгеніме қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе.

Ақорданың ішкі және сыртқы сәулетіне тамсанған балалар мұнда мемлекеттік рәміздерімізге көрсетілетін құрметті байқады. Әрі Ақорда елдің айнасы деген ой түйді.

Айдана Енсетайқызы, оқушы /Алматы облысы/:

- Ақорданың есігінен аттағалы бері, архитектурасы қатты ұнады. Әрбір жерлерден пейзаждарды әдемілеп тұрып көрсетеді.

Айғаным, озат оқушы /Ақмола облысы/:

- М.Мақатаев, М.Жүсіп республикалық оқуларының қатысушысымын. Сондай-ақ химиядан олимпиадаға қатысқан болатынмын. Белсенді жастарды Президент өзімен кездесуге шақырып отыр. Сол себепті қуаныштымын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен оқушылар арасында республикалық олимпиада жеңімпаздары, оқу үздіктері, көп балалы отбасы балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері бар. Президент өрендерге Ақорданың еліміз үшін қастерлі орындардың бірі екенін айтты. Әрі мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жыл еңбек етіп, тарихи шешімдер қабылдағанын еске салды. Яғни Тұңғыш Президенттің тұлғалық болмысы мен тарихи рөліне ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы балғындардың қарым-қабілетін де бағамдады. Әсіресе тарих жайлы бастаған әңгімесін оқушылар лезде жалғап әкетті.

Президент балғындармен ортақ суретке де түсті. Әрі олардың бақытты балалық шақтары тек осы сәтпен шектеліп қалмайтынын аңғартты.

Қырмызы Жамбылқызы, оқушы /Ақтау қаласы/:

- Жастар жылы қарсаңында бізді Президентпен кездесуге, мұндай Ақорданы тамашалауға шақырғанына алғысым шексіз.

Асқар Оразғали, оқушы /Алматы қаласы/:

- Басты мақсатым Ақорданы көріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты көру болды. Арманымды іске асырып, сол кісіні көрдім.

Аяулым Қасымбекова, оқушы /Шығыс Қазақстан облысы/:

- Барлық балаларды мерекесімен құттықтаймын. Бүгін бізге үлкен мүмкіндік берілді. Осыған өте қуаныштымын.

Архат Берік, оқушы /Алматы қаласы/:

- Керемет әсер. Президентті бірінші рет көріп тұрмын. Ерекше әсер болды.

Перизат Сағынтаева, оқушы /Ақтөбе облысы/:

- Рамазан айында осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Болашақта Оксфордқа түсуді армандаймын.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы