389,60 428,03 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертіне барды

  • 421
  • UPD: 23:58, 01.06.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балалардың байқауын көруге арнайы барып, дарынды жеткіншектерге қолдау көрсетті.

Биыл «Жұлдыз-ай» фестивалінде 8 мыңға жуық бала бақ сынады. Арасында өзге мемлекеттен келгендері де бар.

Көмейіне құмыр құс ұялаған балалар осы. Еліміздегі ең елеулі ән додасына қызу дайындалып жатыр. Бұл күнді олар тағатсыздана күтті. Арасында үлкен сахнада алғаш рет өнер көрсеткелі жатқандары да бар. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көппен бірге өнерлі өрендерге қолдау көрсетті. 

«Жұлдыз-ай» жеткіншектерді алға жетелеп келеді. Сондықтан үлкен сахнаға шыққанда тосылып қалуға болмайды. Көсілу керек. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бишілер қатарластарын осылай қайрап жүр.    

«Тоғызыншы планета» би ансамблі қазылар алқасын әдеттегідей таңдай қақтырды. Сөйтіп жарыстың бас жүлдесін қанжығаларына байлады.

«Жұлдыз-ай» – үлбір үмітті үкілеткен үлкен дода. Биылғы сайыста бақтарына сынауға алғаш рет Ресейден, Беларусь және Грузиядан, Түрікменстаннан, тіпті, Түркиядан келген өрендер бар. Жиылған жұрт олардың барлығына қошемет көрсетті.

Тоғыз жастағы Саломені бұл жарысқа анасы ертіп келген. Айтуынша, Грузияда осы тектес сайыстар сирек өтеді. Сондықтан Қазақстанға келіп, бағын сынауға бекініпті. 

Саломе Дагундаридзе, фестиваль қатысушысы /Грузия/:

- Көңіл-күйім тамаша. Осы фестивальға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Өнерлі балалар өте көп екен. Солардың көбісімен тіл табысып, достасып та үлгердім.

Қанаты қайырылыған құстың алысқа самғай алмайтыны анық. Кембағал балалар да солай. Олар ең алдымен ата-аналарының қолдауына зәру. Сондықтан осы фестивальге өнерлі ұл-қыздарын ертіп келген ересектер де көп болды.  

Жетімін жылатпаған ел едік. 16 жастағы Арыстан мұны әнмен жеткізді. «Балалардың жүзін мұң шалмасын, ата-анасы ұдайы жанынан табылсын», – дейді жас өнерпаз.   

Арыстан Өтеген, фестиваль қатысушысы:

- Өте жақсы, өте керемет. Бұл фестивальге мен мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығын істей алатынын және біз де мықты екенімізді және өте күшті екенімізді дәлелдеу үшін келдім. Ешқашан баланың жылағанын немесе сәбилердің жүзінен күлкісінің жоғалғанын қаламаймын.

«Жұлдыз-ай» ән додасына 8 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Жарыстың ауқымы кеейіп, оған келіп бағын сынайтын балалардың саны да жылдан-жылға артып жатыр. 

Айдын Рақымбаев, қамқоршылық кеңес төрағасы:

- Арбаға таңылған баланы үйде қамап ұстауға болмайды. Олар да белсенді өмір сүрулері керек. Бойында таланты болса, соны шыңдауға тырысу қажет.

Үлкен сахнада тек кембағал балалар ғана ән айтпады. Көпке танылған жас өнерпаздар да оларды қолдауға арнайы келген. Осылайша «Жұлдыз-ай» өнерлі өрендерді тоғыстыра білді. Бұл сәт ұмыт қалмауы керек. Сондықтан дарынды балалар Мемлекет басшысымен естелік суретке де түсті.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ирина Панфилова, Ербол Дайыров,

Хабар 24 телеарнасы