389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы шетелдік және жергілікті жұмысшылардың жалақысын теңестіруді тапсырды

  • 678
  • UPD: 23:43, 04.06.2019

Бекіре балықтарын жаппай қырғандар қатаң жазаланады.

Атырау облысының жұртымен жолыққан Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев: «қарт Каспий мен Жайық өзенін лайлап жатқан ірі компаниялар да жауапқа тартылады», – деді.

Сондай-ақ Президент аймақта жұмыс істейтін шетелдік және жергілікті қызметкерлерге бірдей жалақы төленуі керектігін айтты. Отандық мамандарды жұмысқа көптеп тарту қажеттігін ескертті.

Атырау облысы – қара алтынға қарық болған қазыналы өлке. Өңірге келгендер алдымен мұнайы мен газын айтады. Кейін тайдай тулаған балығын сөз етеді. Бірақ сол балықтардың кейінгі уақытта жаппай қырылып жатқаны елді алаңдататып отыр. Биыл қыста Ақ Жайықтан 118 тонна өлі балық табылды. Оның 108 тоннасы бекіре тұқымдас. Ерекше қорғауға алынған балықтардың жаппай қырылуы Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қысастық қылғандардың жазадан құтылмайтынын қадап айтты. Президент: «елімізде балық шаруашылығы онсыз да ақсап тұр. Бұрынғыдай өнім жоқ. Сондықтан қолды байлаған браконьерлер де, суды лайлаған байшыкештер де жауапқа тартылады», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жайық өзеніндегі балықтардың хлорға уланып, жаппай қырылуы бүкіл елді алаңдатты. Соның салдарынан 118 тоннадай балық қырылды, оның 108 тоннасы – бекіре тұқымдас. Біздің балық зауыттарымыз 60 пайыздық қуатымен ғана істеп тұрғанын ескерсек, бұл – орасан шығын. Мен бұл жағдайды тікелей бақылауға алдым. Қазір тергеу аяқталды, апатқа кім кінәлі екені белгілі, олар лайықты жазасын алады. Біз бұдан сабақ алуымыз керек! 

Облыс жұртымен жолыққан Мемлекет басшысы өңірде экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанын айтты. Қарт Каспий мен Жайық суына кәсіпорындардың қалдықтары емін-еркін төгіліп жатыр. Оны қадағалайтын құзырлы органның да осындайда құрығы қысқарып қалады. Мемлекет басшысы бұл бассыздық енді бұлай жалғаса бермейтінін айтты.       

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атыраудың экологиясы тек облыстың ішкі мәселесі емес, оны шешуге барлығымыз бір кісідей жұмылуға тиіспіз. Бұл – менің негізгі қағидамның бірі. Біріншіден, өндіруші компаниялардың Каспий теңізіне зиян келтіруіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Технологиялық үдерістердің барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олардың қауіпсіздігі жай ғана әлемдік деңгейде емес, әлемдегі ең үздік деңгейде болуы шарт. Екіншіден, өңірдің су қорын қалпына келтіру үшін Үкімет ресейлік әріптестермен жұмысты жандандыруы керек. Жайықтың су ресурстарын сақтау, қорғау және қалпына келтіру саласында Ресеймен ынтымақтастықты нығайта түсу қажет. Мен өзім бұл жұмысқа кірісемін.

Қотыр жолдар да мұндағы тұрғындардың шымбайына батқан. Атырау облысында 2 мың шақырымнан аса көлік жолы болса, соның жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді. Әсіресе Астраханьға тартылған күре жолдың қазіргі сиқы көңіл көншітпейді. Оның 277 шақырымы тозып тынған. Президент: «биыл күзге дейін бүлінген жолдың 60 шақырымы жөнделуі керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елбасы былтыр тамыз айында облысқа келген сапарында Атырау – Астрахань күре жолын жөндеу туралы тапсырма берді. Бұл – жергілікті тұрғындарды қанша жылдан бері әуре-сарсаңға салып келе жатқан мәселе. Елбасының тікелей тапсырмасының арқасында күре жолдың алғашқы 60 шақырымын жөндеу үшін 26 миллиард теңге бөлінді. 2020 жылдың соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Жұмыстың сапасына нұқсан келтірмей, қарқынын жылдамдату қажет. Қалған 217 шақырым жолды жөндеу жұмысын 2021 жылдан кешіктірмей қолға алуды тапсырамын. Аталған жобаға қосымша 65 миллиард теңге бөлінеді.

Облыста қабырғасы қақырап, іргесі шатқаяқтап тұрған үйлер де бар. Мемлекет басшысы өңірде білікті дәрігерлердің де жетпей жатқанын айтты. Бала өлімі бірден 26 процентке көбейіп кеткен. Мемлекет басшысы: «бұл – алаңдатарлық жайт», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қатерлі ісікке шалдыққандар саны 7 пайызға артқан. Өңірде білікті дәрігерлер тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін қандай бағытта жұмыс істеу керек? Ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек барлық өңірлер тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс. Бұл, шын мәнінде, өмірлік маңызы бар мәселе. Сондықтан азаматтар алғашқы көмек алу үшін алысқа баруға мәжбүр болмауы тиіс! Ауылдық аймақтарда мобильді дәрігер тәжірибесін, қашықтан көрсетілетін медициналық қызмет пен ұлттық телемедицина желісін барынша дамыту керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Аурудың алдын алу шараларына баса мән беру қажет. Маңызды мәселелердің бірі – медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейі. Адамның өміріне, денсаулығына тікелей араласатын мамандардың білікті болуы өте маңызды. Облысқа үздік медицина мамандарын тарту қажет. Облыс жастарын осы мамандықты игеруге шақыру керек. 

Қойнауы қара алтынға толы Атырауда мұнай мен газ саласында еңбек етіп жатқан шетелдіктер көп. Білікті мамандардың көмегі көптік етпейтіні түсінікті. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев біліктілігі жоғары жергілікті жұмысшыларды да осы салаға жаппай жұмылдыру қажеттігін айтты. Президент оларға бірдей жалақы төлеу мәселесін де жіті бақылауға алуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біліктілік деңгейі тең шетелдік және жергілікті жұмысшыларға бірдей жалақы төлеу мәселесін бақылауға алу керек. Бірдей жұмысқа әртүрлі жалақы төлеуге жол беруге болмайды. «Әрине, біздің жұмысшыларымыз білім деңгейі және жұмыс тәжірибесіне қойылатын жоғары талаптарға сай келе ме?» деген сұрақ басты мәселе екені түсінікті. Алайда білікті мамандарды еш алаламай, лайықты жалақысын төлеу керек. Қалғанын оқытып, үйретіп, қажет деңгейге жеткізуіміз керек. Бүгінде отандық жұмыс берушілердің 70 пайызы колледж түлектерінің біліміне көңілі толмайды. Ал шетелдік компаниялардың жұмысшыларға қоятын талаптары жоғары. Сондықтан өңірде мұнай-газ саласы үшін біліктілігі жоғары жергілікті мамандар даярлауды қолға алу керек.

Өңірдегі олқы тұстарды осылай тізіп берген Мемлекет басшысы: «Атыраудың шынтуайтында әлеуеті зор», – деді. Соны тек қажетті деңгейде пайдаланбай жатқанын тілге тиек етті. Президент үкімет пен облыс басшылығына осындай нақты тапсырмаларды жүктеді. Жиылған жұрт өткір мәселелерді назардан тыс қалдырмаған Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Атыраудың адуын арттыруына үлес қосып жүрген жандар жиын соңында марапатталды. Мемлекет басшысы түрлі салада талмай еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлерге алғыс хаттарын берді. Елдің батыс аймағы қадамын әлі де қарыштата алады. Бағыт бар, бағдар да айқын. Енді соған беттеу ғана қалды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров, Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы