383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ІІМ Алматыдағы қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты пікір білдірді

  • 199
  • UPD: 19:14, 11.06.2019

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Алматыдағы қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты пікір білдірді.

Кеше кешкі сағат 6-да «Алғабас» ықшам ауданындағы «Алатау» театры алдында заңсыз митинг өткен еді.

Бейнебақылау камерасына жазылған мына кадрларда көлік тізгіндеген адамдардың Төле би көшесі мен Абай даңғылын жауап тастағаны анық көрінеді. Олар қозғалысқа кедергі келтіріп, жол апатының туындауына түрткі болды. Куәгерлердің сөзінше, жиналғандардың кейбірі алкогольді ішімдік ішкен. Олар шу шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзды.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Кез келген жиынды, шеруді немесе митингті ұйымдастыру үшін алдымен рұқсат алу қажет. Ол заңда анық жазылған. Мұндай наразылық шерулері өткізудің өзіндік орны да болады. Бірақ кешегі Алматы Арена маңындағы митингті ұйымдастырғандар ол талаптарды бұзды. Жиылғандардың арасында ақын Ринат Зайытов та болды.

Наразы топ қас қарайғанша тарқамады. Қалалық полиция департаментіне 1200-ден аса арыз-шағым келіп түскен. Оның 70 проценті - түнгі митингке қатысты. Тұрғындар шу шығарғандардың әрекетіне наразылық танытып, оларды тыныштандыруларын өтінген. Бірақ ашуға булыққан жұрт тәртіп сақшыларының ескертуін елемеді. Тіпті, жол қозғалысын реттеп тұрған бір полицейді көлікпен қағып кеткен. Қазір ол ауруханада жатыр. Енді бірі ішкі істер органдарының қызметкерлері мінген  көлікке тас лақтырып, бұзақылық жасады. Кейін, әлгі күдіктілердің мас екені анықталды. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

- Жергілікті билік өкілдері жиылған жұртты сабырға шақырды. Прокуратура өкілдері де олардың бұл әрекеті заңға қайшы екенін айтты. Бірақ наразы топ  ешкімді тыңдаған жоқ. Сондықтан тәртіп бұзғандарды полиция бөлімшелеріне жеткізумізге тура келді.

Қазір қалада жағдай тұрақтаған. Полиция күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Олар өзге тұрғындардың өміріне қауіп төнбеу үшін қоғамдық орындарды жіті күзетпек. Ал заңға қайшы әрекет еткендер міндетті түрде жазаланады.

Хабар 24 телеарнасы