389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті

  • 579
  • UPD: 23:44, 13.06.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Президент бүгін түс ауа Бішкекке Шанхай сегіздігінің саммитіне қатысу үшін арнайы барды. Онда Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Пәкістан басшылары бас қосады.

Сондай-ақ жиынға Беларусь, Иран, Моңғолия және Ауғанстан президенттері бақылаушы ретінде қатысады. Саммитте ақпарат, спорт, денсаулық сақтау және халықаралық байланысты нығайтатын 20 шақты құжатқа қол қойылып, Бішкек декларациясы қабылданбақ.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттер басшылары кеңесінің бүгін бірінші күні. Яғни халықаралық құрылымға мүше елдердің басшылары Қырғыз Республикасының астанасына жиылған сәт. Оны қаладағы қауіпсіздік шараларынан анық аңғаруға болады. Жалпы, бұл күндері Бішкекке келген мәртебелі меймандар көп. Демек олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы маңызды пікір алаңын ұсыну қажет. Қырғыз елі бұл міндетті абыройлы атқарып жатыр.

Қырғыз астанасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қызу дайындалған. Тақтайдай тегіс жолдары мен жасыл желекке оранған саябақтары бірден көзге түседі. Ал басты даңғылдарына ілінген Қазақстан, Ресей, Қытай сынды елдердің тулары мұнда ауқымды халықаралық жиын өтетінін айғақтап тұр. Қырғыз көшбасшысы Сооронбай Жээнбеков түс ауа мәртебелі меймандарды қарсы алды. Бас-аяғы 12 мемлекеттің басшысын мемлекеттік резиденциясында күтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдегі ауқымды жиынға алғашқылардың бірі болып жетті.

Сооронбай Жээнбеков таяуда елордада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысып, қос елдің президенті екеуара жүздескен болатын. Енді, міне, оңаша отырып, пікір алмасатын тағы бір сәт туды. Бішкекте өтіп жатқан саммит екі елдің достығы мен ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:

- Cізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймын. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас бұдан әрі де нығая түсетініне сенім білдіремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз – жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол келісімдерді жүзеге асыру.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысуы еліміз үшін аса маңызды. Бұл бірлестік денсаулық сақтау мен жаңа технологиялар саласында байланысты бекемдеп, «Астана» халықаралық қаржы орталығына инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді.

Марат Қазақбаев, саясаттанушы /Қырғыз Республикасы/:

- Біздің елдің президенті Қытай Халық Республикасының төрағасынан Қырғызстан арқылы теміржол салу немесе салмау мәселесінің шешімін сұрайды. Себебі, қаржыландыру солардың тарапынан болады. Өзбекстан да осы істің аяқсыз қалмағанын қалайды. Бірақ бұл бастама Қазақстанның «Нұрлы жолына» бәсекелес болады.

Биылғы саммитке Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлері де қатысады. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттермен әріптестіктің тиімділігі зор. Себебі, Солтүстіктен Оңтүстікке бағыт алатын тағы бір сауда жолы пайда болуы мүмкін.

Марс Сәриев, саясаттанушы /Қырғыз Республикасы/:

- Қасым-Жомар Тоқаевтың тарапынан маңызды бастамалар көтеріледі деп ойлаймыз. Мәселен, Жібек жолынан бөлек Солтүстік-Оңтүстік идеясын ілгерілетуі ықтимал. Сол арқылы Ресей-Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан, одан әрі Пәкістан және Үндістан бағыты бойынша тауар тасымалдауға мүмкіндік пайда болады. Қасым-Жомарт Тоқаев – жан-жақты саясаткер. Оның жаңаша бастамалар көтеретініне сенімдіміз.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қытай бастамасымен құрылып, сол елдің ғана көсегесін көгертетін бірлестік емес. Бұл – әрбір мемлекеттің мүддесі ескерілетін алаң. Президент үшін алда тағы бір маңызды күн бар. Ертең Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары шағын кейін кеңейтілген құрамда кеңесіп, 20-ға жуық құжатқа қол қоюы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Антон Балтрушевич, Алмас Омарғалиев

Хабар 24 телеарнасы