382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы басталды

  • 113
  • UPD: 10:30, 14.06.2019
Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы басталды kabar.kg

Қырғыз астанасы Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 19-отырысы басталды.

Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда. Қазіргі уақытта Қырғыз Президентінің «Ала-Арша» резиденциясына ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары келіп жатыр. Мәртебелі меймандарды Қырғыз Президенті Сооранбай Жээнбеков қарсы алуда. Бұл рәсімнен кейін президенттер бірге суретке түседі. Одан кейін шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыс болады. Жалпы, ШЫҰ-ның даму жай-күйі мен келешегі жайында пікір алмасылып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыға түсетін отырысқа Қырғыз Президенті С.Жээнбеков төрағалық жасайды. Кеңеске Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті В.Путин, Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан, Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, сондай-ақ Ауғанстан Президенті А.Гани, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Иран Президенті Х.Рухани, Моңғолия Президенті Х.Баттулга  қатысады. Мемлекет басшылары  14 құжатқа, оның ішінде 13 шешім мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Бішкек деларациясына қол қоймақ. Сонымен қатар отырыс аясында БАҚ, спорт, денсаулық сақтау,  ШЫҰ-ның халықаралық байланысын кеңейту салаларындағы ықтымақтастықты қамтитын 7 құжатқа қол қою көзделіп отыр. Қазақстан тарапы бастамашылығымен әзірленген денсаулық сақтау, ШЫҰ-ның «Астана» халықаралық қаржы  орталығымен өзара іс-қимылы, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының мұнан арғы іс-қимылы сынды салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттар да рәсімделмек. Айта кетерлігі, 2019-2020 жылдары ұйымға төрағалық Ресей тарапына өтеді және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы 2020 жылға жоспарланған.  

Ақпарат көзі: inform.kz

Хабар 24 телеарнасы