389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті

  • 319
  • UPD: 22:44, 14.06.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектен соң бірден Душанбеге ұшып барды. Президент ертең Тәжікстан астанасында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бесінші саммитіне қатысады.

Саммитке Қазақстаннан бөлек Азия елдерінің 12 президенті барады деп күтілуде. Ал бүгін мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен жеке кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдету жайын талқылады. 

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Нұр-Сұлтан – Бішкек - Душанбе. Қазақстан Президенті лауазымына ресми кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс тәртібі тым тығыз. Бүгін түске дейін Бішкекте Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысса, ертең тағы бір маңызды жиында сөз сөйлейді.

Маңызды жиын - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бесінші саммиті. Шара төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Биылғы кездесудің тақырыбы – Азия елдерінің қауіпсіздігі мен гүлденуі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенті ретінде бұл саммитке алғаш рет қатысқалы отыр. Бүгін түс ауа Душанбеге үшып келген мемлекет басшысын елдің премьер-министрі Кохир Расулзада күтіп алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит иесі, яғни Тәжікстан президентімен кездесу үшін Ұлт сарайына келді. Бұған дейін Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен телефон арқылы құттықтаған болатын. Бүгінгі кездесуде мемлекет басшылары бар байланысты бекемдей түсуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында кездескен едік. Ал, қазір Душанбеге президент ретінде келіп отырмын. Бұл жақсы нышан. Біздің елдер арасында сенімді серіктестік берік орнаған. Ол әрі қара да жемісті жалғасын табады деп сенемін.

Қазақ-тәжік қатынасы қалыпты. Қос елдің көп нәрседе ұстанымы ортақ немесе жақын. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 845 млн доллардан асқан. Қазақстан бұл елге бидай, ұн, құрылыс материалдарын экспорттайды, Тәжікстан бізге негізінен көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдайды.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

- Қазақстанмен серіктестік Тәжікстанның сыртқы сасатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде біздің елдер арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде, стратегиялық әрі өзара тиімді серіктестіктің болашақта өрісі кеңейе түседі деп сенеміз.

Орталық Азия, жалпы алғанда тұтас Азияның болашағы қос елді алаңдатпай қоймайды. Ертең Душанбеде өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бесінші саммитінде қос президент өңірдің қауіпсіздігі жайында өз пайымын ортаға салады. Одан бөлек, ертеңгі самитте Қытай, Ресей, Иран, Түркия елдерінің президенттері де Азия елдері аумағының болашағы туралы ауқымды ойларымен бөліспек. Айта өту керек, бұл ұйымға 27 ел мүше. Осыдан 27 жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйым, Азиядағы тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде таптырмас алаңға айналды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Айдос Серікболұлы

Хабар 24 телеарнасы