384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты

  • 245
  • UPD: 22:04, 19.06.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев өрендерге өнеге болар сөз айтып, кейінгі буын өкілдерін ізденімпаз болуға шақырды.

Сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке баулудың маңызына тоқталды. Қарағанды облысында «Айбын» сайысы осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға еліміздің әр аймағынан жүздеген өрен келген. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Еліміздің ертеңгі ұландары, ержүрек батырлары осылар. Осымен 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан жарысқа 700-ге жуық өрен қатысып жатыр. Олар осыған дейін арнайы іріктеуден өтіп, енді өз өңірлерінің намысын қорғамақ. «Айбын» республикалық патриоттық жастар жиыны дәстүрлі түрде Қарағанды облысындағы «СПАССК» полигонында өтеді. Бүгін соның ашылу рәсімі ұйымдастырылмақ.

Салтанатты шараға Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент әуелі әскери полигонда құрылған далалық лагерьдің жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын – достық мекені» аллеясын аралап, сарбаздар жайғасқан орынға барды. Оқу-жаттығу полигонында жүрген жауынгерлерге мұнда барлық жағдай жасалған. 

Кейінгі буынның әскери салаға деген ынтасы жылдан жылға артып келеді. Қару асынып, сап түзеуге даяр өрендерді тап осындай жарыстар  шарболаттай шыңдап жатыр. Олар ел тыныштығын сақтап, шекараны қызғыштай қоруға әзір.

Ел сенімі ерге артылады. Мұқым жұрттың аманатын арқалаған сарбаздар өскелең ұрпаққа да үлгі. Сондықтан «Айбын» сынды сайыстар  жеткіншектерді әскери салаға үйір қылады. Өрендерге өнегелі сөз айтқан Президент елімізде жас буынға жіті мән беріліп жатқанын да тілге тиек етті.      

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әр баланың жетістігі – тұтас елдің тұғырдан көрінуіне түрткі болады. Қасым-Жомарт Тоқаев өресі биік өрендерді ізденімпаз болуға шақырды. Қазіргі жастар білім алуға, қабілетін шыңдауға, сөйтіп елге пайдасын тигізуге ұмтылуы керек. Бұл олардың өмірлік мұраты болуға тиіс.   

Биыл «Айбынның» мерейтойлық жиыны. Осыдан 4 жыл бұрын Елбасы пәрменімен «Жас сарбаз» қозғалысы құрылған еді. Кейінгі буынды отансүйгіштікке тәрбиелейтін ұйымдардың қатары қазір көбейіп жатыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде 6 мыңға жуық әскери-патриоттық клуб бар екен. Оларға 170 мыңнан аса өрен мүше. Келешекте әскери саланы ұршықша иіруге бекінгендер биылғы жарыстан да қалыс қалмады.   

Мұхамеджан Таласов, ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары:

- Мамандандырылған мектептеріміз бар. «Жас ұлан» секілді. Одан бөлек, интернат мектептердің тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Әскери-патриоттық гарнизондарда әскери-патриоттық клубтар ашылған, солардан 15 команда қатысып жатыр.  

«Айбында» бақ сынайтындарға қатаң талаптар қойылған. Олар аз уақытта қаруды шашып-жинауға, ұзақ қашықтыққа жүгіріп, шыдамдылық танытуға дайын болулары керек. Одан бөлек, нысана көздеп, мергендік танытулары тиіс.  

Темірлан Сүлейменқұлов,  жарысқа қатысушы: 

- Осының алдында бізде жастар арасында жарыс болды. Жүгіруден және турникке тартылудан жақсы нәтиже көрсеткен соң, мені таңдап алды.

Физикалық дайындықтарын пысықтап үлгерген жеткіншектер робот құрастыру сайысынан да сынға түседі. Олар өздері құрастырған құлтемірді әскери салада қалай қолдануға болатынын түсіндіріп бермек. 

Әліби Сарыбай, жарысқа қатысушы:

- Жинаған роботым қандай жүйе түрлерімен жабдықталғанын және оның іс-қимылы мен не үшін қолданылатынын түсіндіріп береміз. 

Мұндай жарыстар жеткіншектерді биік белестерді бағындыруға жетелейді. Жауынгерлердің далалық жағдайда қалай ұрыс жүргізетінін көрген балалар келешекте әскерилердің қатарына қосылуға дайын екендіктерін жеткізді.

Аманбек Сағатұлы, жарысқа қатысушы: 

- Менің әкем әскери қызметкер. Мен де кішкене күнімде әкеме қызығатынмын. Сондықтан мен болашақта әскери қызметкер болғым келеді. 

Рамазан Қонай, жарысқа қатысушы:

- Тәрбие береді, дұрыс жол бағыттайды. Отанын сүйетін азаматтарды көбейтеді. Ойларын түзейді. Жалпы, бұл жерден алатын нәрсеміз көп. 

Салтанатты шараның ашылу рәсіміне қатысқандар кәсіби жауынгерлердің әлеуетіне де куә болды. Құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері бірігіп, әскери техникалардың мүмкіндігін паш етті. Зеңбіректер мен танктерден оқ атылды, тікұшақтар әуеден шабуыл жасады. Сондай-ақ СУ-30 әскери ұшағының қауқары таныстырылды. Мұндай әуе құралы әлемнің тек 4 елінде бар.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны апта соңына дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен өрендер мен озат командалар бағалы сыйлықтармен марапатталады. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Антон Болтрушевич

Хабар 24 телеарнасы