386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Үшқоңыр» спорт кешенін жастарымыз үшін арнайы салдық – Елбасы

  • 563
  • UPD: 20:13, 20.06.2019

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Қарасай ауданында «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Елбасы өңірдің барша тұрғындарын осы оқиғамен құттықтап, жаңа нысанның жастарды тәрбиелеу және дене шынықтыру ісіндегі маңызын атап өтті. «Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан біз бұл нысанды жастарымыз үшін арнайы салдық» деді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл Тұңғыш Президент – Елбасының туған жерге тағзым идеясының нақты нәтижесі. Спорт кешені Үшқоңыр етегінде орын тепкендіктен оған осы елді мекеннің атауы беріліпті. Бұл жай ғана ғимарат емес, заманауи құралдармен жабдықталған нысан. Сырт пішінінің өзі ерекше көз тартады. Мұнда волейбол, футбол, бокс, күрес және қазақтың оң жанбасына келетін өзге де спорт түрлерімен айналысуға болады.

Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген мекен. Ал бұл Шамалған ауылының жаңа мақтанышы. Елбасының туған жерін бүгінде нағыз Мысыр шәрі деп атауға болады. Бұл өлкенің ең алдымен табиғаты тамаша десек, сол көркем көрініске енді осы спорт кешені қосылып отыр. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысып, шынығып, шымыр болуына бар жағдай жасалған. Демек, Тұңғыш Президент туған өлке енді болашақ Олимпиада немесе әлем чемпиондарын тәрбиелейді деген сөз.

Спорт кешенінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталды. Игі істі бастан-аяқ Елбасы қадағалады. Нысанның іргетасы қаланғаннан кейін Тұңғыш Президент мұнда бірнеше рет табан тіреді. Мәселен, осы жылдың сәуірінде ауылдағы ағайынмен кездесіп, спорт кешенінің құрылысын бағамдап кеткен болатын.

Енді міне құрылыс аяқталып, нысан ел игілігіне берілді. «Шамалғанның жеріне жер жетпейді» деп, ақын-жазушылардың жырлауы бекер емес. Мұнда расымен де таза ауа, самал жел, жасыл-желек, жанға керектігінің бәрі бар. Ал Үшқоңырдың қос қапталы төрт-түлікке толы. Енді сол ата-кәсіппен айналысатын ағайынның қуанышын Елбасының өзі еселей түсті. Кешендегі жүзу бассейні соңғы үлгіде жабдықталған. Көрермендер үшін де арнайы орын  қарастырылған. Демек, байрақты бәсекелер өткізуге мүмкіндік мол.

Вероника Ермошкина, жүзуден жаттықтырушы:

- Спорт кешенінде жүзу бассейнінің салынуы біз үшін тосынсый болды. Шамалғанда мұндай нысан бұрын-соңды болмаған. Қаскелеңде бір ғана жүзу бассейні бар десек, оның өзі талапқа сай келмейді. Елбасына ризамыз. Енді спорт кешенінде 6-дан 16 жасқа дейін балалар жүзумен кәсіби түрде айналыса алады.

Қарасай ауданында таэквондо мектебі де қалыптасқан. Осы шығыс жекпе-жегімен айналысатын өрендердің қарасы қалың қазір. Мұстафа Өзтүрік бабаларының ізімен жүру көпшілігінің арманы. Сол бала қиялдың орындалуына енді толыққанды мүмкіндік бар. Жетісу жері Жақсылық Үшкемпіров сынды олимпиада чемпионымен мақтанады. Оның соңынан еріп, байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан Нұрбақыт Теңізбаев сынды белді балуандар да бар. Сол даңқты спортшылардың тағы бір легі өсіп келеді.

Қазақ бокс мектебінің жөні бір бөлек. Былғары қолғап шеберлерімізді әлем біледі. Спорт кешеніндегі бокс үйірмесі алдына үлкен мақсат қойып отыр. «Келешекте әлемдік аренада дес бермейтін спортшылар дайындаймыз» дейді жаттықтырушылар. 

Азамат Нұркеев, бокс жаттықтырушысы:

- Не только Шамалғанның, Фабричный болсын, қас-қасындағы Әйкей болсын осы жан-жағындағы бүкіл ауылдардың бәрі рахмет айтып жатыр Елбасына. Өйткені, мынадай районда, даже Қазақстанда мынадай дәрежеде спорт кешені жоқ. Алматы облысының бокс мектебі мықты. Қазір Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы шығып жүр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жетісулық және алматылық волейболшы бойжеткендердің халықаралық және республикалық жарыстарда бар таласы. Оны бүгін бұрымдылар Елбасы алдында дәлелдеп бермек. Сәлден кейін мұнда Жетісу мен Алматы командалары арасында жолдастық кездесу өтеді.

Бұл волейбол залы. 200-ге жуық жанкүйерге арналған орны да бар. Мұнда жергілікті спортшылар баскетбол немесе кіші футбол да ойнай алады. Спорт кешенінің аумағы атшаптырым. Мұнда жеңіл атлеттерге арналған жолақ та салынды. Ал сәл әріректе теннис ойнайтын орын бар. Бір сөзбен айтқанда, ауыл балаларын олимпиадалық спорттың  бірнеше түріне баулуға болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Өздеріңіз білесіздер. Бұл менің туған жерім. Біздің бала кезімізде көшедегі топырақтың үстінде бұрқылдатып, доп ойнайтынбыз. Көк шөптің үстінде ешқандай мүмкіншілік болған жоқ. Қалай болса, солай шұғылдандық. Ал мынау енді сендер үшін жасалған керемет нәрсе. Барлық облыстарда біздің қалталы азаматтар көмектесетін болса, елімізге деген жағдай болады. Тәуелсіздік жылдарында 27 жыл мен 30 жыл елді басқарып келе жатырмын, Осындай мекемелер барлық облыстарда осындай стадион барлық ауылдарда спорт кешендері керек. Себебі біз күшті жастарды тәрбиелеуіміз керек. Менің туысқандарым барлығы өзінің ақшаларын салып, осы кешенді орнаттық. Сіздерге деген сыйлық. Осы кешенде шынығып, жаттығып үлкен азамат боп шығыңдар. Барлықтарына денсаулық, бақыт үлкен келешек тілеймін. Еліміз аман, тыныш болсын. Мына спорт кешені құтты болсын.

Нұрсұлтан Назарбаев спортқа жанашыр жан екенін де дәлелдеді. Кәсіп жасап, бизнеспен айналысып жүргендерге енді осы іс үлгі. Оның үстіне, еліміздің әр өңірінде осындай нысан салынса, құба-құп болары сөзсіз.

Нысан тек Шамалғанның емес, соған жақын жатқан елдімекен балалары үшін қызмет етпек. Демек, Үшқоңыр етегіндегі ауылдардың жағдайы бұдан да жақсара түседі.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы