383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы саперлардың саны арттырылады

  • 328
  • UPD: 18:30, 25.06.2019

Арыстағы әскери бөлімде отқа оранға үш қойманың екеуінде өрт сөндірілді.

Біреуі әлі өртеніп жатыр. Тұрғындардың қалаға оралуына қатаң тыйым салынады. Қазір мұнда 200-дей сапер жарылмай қалған снарядтарды анықтаумен айналысып жүр.

Облыс әкімінің айтуынша, қаладан эвакуацияланған адамдар көмек көрсету орталықтарына орналастырылып, жатын орын және азық-түлікпен қамтылды. Егер азаматтар өзге өңірлердегі туыстарына кетуге ниет білдірсе, көлік, құралдармен қамтылады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Қалаға келуге қатаң тыйым салынады. Саперлер бір көшенің бойынан жарылмай қалған 10 снаряд тапты. Бұл өте қауіпті. Әрине тұрғындар киім-кешек, құжаттарын алуға келіп жатыр. Біз күзетті барынша күшейтіп азаматтардың қауіпті аймаққа кіруін шектейміз. Бұл шешімдерімізді дұрыс түсінгендеріңізді қалаймын.

Арыс қаласындағы өрт ошақтары толық өшірілді. Дегенмен, әскери бөлімде от әлі жанып жатыр. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға жеке құрамның 363 жауынгері мен 40 техника тартылды. Арнайы мамандар 7600 тұрғын үйге бақылау жүргізген. 85% терезесі шытынап, шатыры қирағаны анықталды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, әлеуметтік маңыздағы балабақша, мектеп, аурухана және әкімдік нысандары тексеріліп, шығын көлемі анықталып жатыр. Сондай-ақ Бөген су қоймасы қатаң бақылауға алынған. Оның жарылу қаупі мүлде жоқ. Ал қаланы ұры-қарыдан Ұлттық ұланның 580 жауынгері мен 345 тәртіп сақшысы қадағалап тұр. Кешеден бері төтенше жағдайды пайдаланып өзгенің мүлкін тонамақ болған екі адам қолға түсті. Абдырап жүрген ағайынға қамқорлық жасап, көмек жіберіп жатқандар да аз емес.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Түркістан облысы әкімдік жанынан арнайы корпоративтік қор құрылады. Оның есепшотын Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялайтын боламыз. Ал Шымкент қаласында гуманитарлық көмек қабылдайтын орталық ашылады. Зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек және тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін құрылыс материалдары қажет. Бүгіннің өзінде көмектің алғашқы легі келіп жатыр. Арыс қаласы тұрғындарының атынан қиын жағдайда көмек қолын созған азаматтарға алғыс айтамын.

Сондай-ақ қаланы жарылғыштардан тазартуға 200 сапер жұмылдырылды. Жұмысты жеделдету үшін олардың саны 400-ге жеткізілмек. Олар ең әуелі тұрғындардың қалаға келуіне және теміржол қатынасының жандануына жағдай жасайды.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс Министрі:

- Халықаралық тәжірибе бойынша қауіп сейілмейінше оқдәрі қоймасына кіруге болмайды. Сондықтан қарулы күштер брондалған арнайы техникалар арқылы апат аймағына инженерлік барлау жүргізіп жатыр. Әскери қалашықта ауысым бойынша кезекшілік бақылау бекеттері жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар арқылы қаланы әуеден бақылап, өрт шыққан орындарды жедел анықтап дер кезінде сөндіріп жатырмыз. Тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін брондалған көліктер әкелінеді.

Төтенше жағдай басталғалы Арыс қаласының аумағында 45 өрт сөндірілді. Жалын 21 тұрғын үй мен 9 шаруашылық нысанда және 15 табиғи алқапта тұтанған. Қазір барлығы толық бақылауға алынды.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Кеше қараңғы түскеннен кейін өрт сөндірушілер қаладан шығарылды. Себебі жарылмаған снарядтар олардың өміріне қауіпті. Дегенмен сол уақытқа дейін барлық ірі өрт ошағы сөндірілді. Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз аппараты арқылы қаланы бақылап шықтық. Ешқандай өрт тіркелген жоқ.

Арыстықтарға елдің әр өңірінен түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Бұл үшін арнайы штабтар құрылып, жедел желілер ашылды.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы