384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде халықтың қаржы ұйымдарына қарызы кемиді

  • 285
  • UPD: 23:34, 27.06.2019

Халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарының кепілсіз тұтынушылық несиелерінің негізгі қарызы және сыйақы мен өсімақысын жабуға Үкімет 105 миллиард теңге бөледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның 88 жарым млрд теңгесі республикалық бюджеттен алынады. Ал 17 миллиардқа жуығы проблемалық кредиттер қорының облигацияларын шығарудан түседі. Бұл туралы қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Жеңілдіктер кімге жасалады?

Несие алып, несібесін банкпен бөлісіп отырған халыққа мемлекет көмек береді. Маңызды шешімді кеше президент қабылдап, жарлыққа қол қойды. Енді оған халық қалай қол жеткізеді? Бүгін Үкімет мүшелері осы тақырыпты толық түсіндіруге арналған брифинг өткізді.

Біздің ұққанымыз, жеңілдіктің басты шарттары мыналар. Несие кепілсіз және тұтынушылық мақсатта алынуы керек. 1 маусымға дейінгі берешегі 3 миллион теңгеден аспауы шарт. Және несие алушылар мына әлеуметтік топта болуы тиіс.

Гүлшара Әбдіхалықова, премьер-министрдің орынбасары:

– Біріншіден, көп балалы отбасылар. Көп балалы отбасылар дегеніміз 4, одан да көп 18-ге дейін балалары бар отбасылар саналады. Осындай отбасылардың кредиті бар ма, база бойынша сол қаралады. Екінші – асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар. Яғни қазір біздің мемлекетте 600 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы бар. База бойынша осындай отбасылардың қаншасының кредиті бары қаралады. Мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар.

Бүгінде Еңбек және халықты әлеуеметтік қорғау министрлігінің базасында осы топқа жататын 933 мың азамат бар. Енді Үкімет мүшелері банкке борышкерлердің тізімін алып, осы азаматтардың қаржы ұйымдарына қарызы бар-жоғын анықтайды. Алдын ала есеп бойынша, қазірде осы топқа кіретіндердің 50 пайызға жуығының, яғни 443 мың азаматтың банкке берешегі бар. Үкімет олардың негізгі қарызын өтеуге 300 мың теңге көлемінде көмек береді. Осының өзі 250 мың адамның жалпы қарызын толық жауып тастауға мүмкіндік жасайды.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі:

– Негізгі борышты өтеу мемлекет тарапынан болады. Жаңа айтылғандай, 88 миллиард теңге республикалық бюджеттен көзделеді. Оның үстіне тағы да 17 миллиард теңге біз мемлекет тарапынан ФПК арқылы тиісті облигация шығарып, тағы да тартамыз. Сонымен, 105 миллиард теңге мемлекет тарапынан келеді. Ал айыппұлдар мен пения бойынша 75 проценті расында да қаржы ұйымдары тарапынан өтелетін болады. Бұл жұмысты Ұлттық банк өзге банктермен бірге, шағын қаржы ұйымдарымен бірге келісе отырып жасайды. 

Сонымен қатар төлем қабілеті төмендеп, негізгі қарызына айыппұл мен өсім қосылып жатқан азаматтарға жеңілдік жасалады. Бұл жерде әлеуметтік санат ескерілмейді.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі:

– Шамамен 5 миллионнан астам адам банктер мен шағын несие ұйымдарынан кепілсіз тұтынушылық қарыз алған. Олардың ішінде кейбіріне айыппұл салынып, негізгі қарызына өсім жүріп жатыр. Оның сомасы 48 миллиард теңге шамасында. Солардың барлығының айыппұлы мен өсімі шегеріледі. Яғни қаржы ұйымдарынан бұл соманы проблемалық несие қоры жеңілдікпен сатып алады.

Осылайша халықтың қаржы ұйымдары алдындағы қарызы біраз жеңілдейді. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар күшейеді. Айтпақшы, президент жарлығын жүзеге асыруға дайындық жұмыстары 9 шілдеге дейін аяқталып, екі ай ішінде несиеге қатысты көмек толық аяқталады деген жоспар бар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы